3 сәуірден бастап №629 пойыз «Қазалы– Ақтөбе» бағыты бойынша жүреді
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» өңірлік филиалы 2024 жылдың қазан айында іске қосылған «Ақтөбе – Шалқар» пойызының бағытын Қазалы бекетіне дейін ұзартылғанын хабарлады.Енді «Ақтөбе-Қазалы» пойызы Шалқар және Сексеуіл станциялары арқылы өтеді. Бастапқы кезеңде 6 вагон тіркеледі: үш купе және үш плацкарт. Болашақта жолаушылар ағыны көбейген жағдайда тағы төрт және одан да көп вагон қосу жоспарланып отыр.
Қазалыдан Ақтөбеге бару үшін билет құны плацкарт вагонында 5 786 теңге болса, купе 8 581 теңгені құрайды.
Қазалыдан пойыз тақ күндері сағат 18:20-да жөнелтіледі және келесі күні Ақтөбеге сағат 07:34-те жетеді. Ал, «Ақтөбе - Қазалы» бағыты бойынша № 630 пойыз жұп күндері сағат 22:25-те жүреді. Келесі күні Қазалы теміржол вокзалына сағат 11:32-де жетеді.
Айта кетейік, № 630 пойыздың алғашқы тасымалы 2 сәуірде сағат 21:00-де Ақтөбе теміржол станциясының вокзалынан жөнелтілді.












