Қайырымдылық – қасиетті парыз

Бұл күні әр адам нағыз байлық материалдық құндылықтармен емес, жомарттықпен, мейірімділікпен, жанашырлықпен өлшенетінін түсінеді. Қайырымдылық жасау – жан-дүниені өзімшілдіктен тазартып, жүректі мейірімге толтыруға, өткенді артта қалдырып, алдағы жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуға жол ашады.
Қайырымдылық – материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмесе керек, сондай-ақ қарт адамдарға, балаларға, ауруларға көңіл бөлу, түрлі деңгейдегі адамдарға білім беру, үлгілік үйірмелер мен курстар арқылы қолдау көрсету, қиын сәттерде жанынан табылып, кеңес беру сынды қолдау, көмектермен көрініс табады.
Мұқтаж жандарға қолдау көрсету адамның жүрегіне тыныштық сыйлайды, қоғамның дамуына үлес қосады, әлеуметтік әділдік орнатуға көмектеседі. Қайырымдылық жасау сонымен қатар әрбір адамның адамгершілігін, қоғамға деген жауапкершілігін көрсету. Ол біздің бойымыздағы ең асыл қасиеттерді дамытуға, мейірімділікті арттыруға септеседі. Қоғамда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтады. Қайырымдылықтың тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға тигізер пайдасы зор, сондықтан бұл ізгі іс әрқайсымыздың күнделікті тірлігімізде орын алса құба-құп.
Наурызнама онкүндігінің бұл күні қайырымдылық пен мейірімділікті насихаттауға арналады. Қазақ халқы ежелден жақсылық жасап, мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп, қиындықта бір-біріне демеу бола білген. Осы мақсатта №28 «Ақбота» бөбекжай балабақша ұжымы 5-аймақтағы Айбергенов 16А үйінің тұрғыны, ерекше бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана – Айгерім Ізбасованың отбасына қайырымдылық көмек көрсетті.
Бұл отбасыда ата-аналары жұмыссыз, мектеп қабырғасында екі оқушы, мектепке дейінгі жаста екі баламен отырған Айгерімнің отбасындағы тұрмыс-тіршілігімен танысып, ол отбасындағы мүмкіндігі шектеулі Аяулымға кішкене болса да, жылулық сыйлап, қамқор қолын созғанымызға жас ана ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Жалпы осы секілді игі жұмыстар тек мереке аясында ғана емес, жылдың 365 күнінде әлеуметтік қолдау көрсетіп, жабырқау жандарға қуаныш сыйлау әрбіріміздің парызымыз.
Гүлзада ЖАҒАЛҚЫЗЫ,
№28 «Ақбота» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі