Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Наурызнама»: он күн тойланған мереке

«Наурызнама»: он күн тойланған мереке

Елімізде былтырдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтуде. Ұлыстың ұлы күні жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында тойланды. Қазақстандықтар көктем мерекесін бұрынғыдай екі-үш күн емес, он күн бойы тойлады. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, Ұлы даланың халықтық мерекесі кем дегенде 8 күнге созылған екен. Қош. Жаңа форматтағы наурыз мерекесі қалай тойланды? Күндерек сөйлесін.

Алдымен бұл дәстүрдің тарихына үңіліп көрсек. Қазақ халқы Наурыз мерекесін бір күнмен атап өтпеген. Ол кем дегенде бір аптаға созылды. Бұл туралы этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ­«Наурызнама» атты еңбегінде жазған.
«Жиырма тоғыз жасымда Бұқари шәріпте Ғабдолла ханның Наурызнама тойының ішінде сегіз күн болдым» дейді Мәшһүр Жүсіп. Тағы бір жазбасында «Үйсін Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір құны астан, тойдан ілгері (жоғары) болған» деген сөздері бар.
«Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Әмин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айдай келіп, халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып «Ауылға таттырамыз!» деп басын сақтап қояды» деп жазады тағы бірде.
Ертедегi дәстүр бойынша «Наурыз­наманың» сегiзiншi күнi «той тарқар» болады. Ол күні ат жарыс пен күрес ұйымдастырылып, сыйлықтар үлестіріледі. Иә, ежелгі үрдісті қайта жаңғыртып, 2024 жылдан бастап ­«Наурызнама» елімізде жаңа форматта қайта тойлана бастады. Бұдан былай Ұлыстың ұлы күні жыл сайын 14-23 наурыз аралығында тойланады. Оны жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі деп атады. Мақсат – көпкүндік мерекенің қыр-сырын ашып, дәстүрлі сипатын дамыту. Ол үшін онкүндіктің әрбір күні белгілі бір шаралар ұйымдастырылды. Шолу жасап көрейік.
14 наурыз. Бұл күні Көрісу күні – Амал мерекесі тойланды. Наурыз мерекесінің ­бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланатын бұл мереке – күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күні. Атаулы күнге орай Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев ауылында «Наурызнама бастауы – көрісу күні» атты мерекелік шара өтті. Іс-ша­ра­ға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алмасұлы қатысып, жиылған қауымды мерекемен құттықтады. Мұнда Амал мейрамының мән-мағынасы мен тарихына, оның құндылықтарына айрықша тоқталып өтті. Амал мерекесінде Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би кенті, Басықара ауылы және Ғ.Мұратбаев ауылдарының әжелері қауышып, әдет-ғұрыпқа сай шашу шашты. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылып, ұлттық тағамдардан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ халқымыздың салт-дәстүріне негізделген театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарлама халық назарына ұсынылды. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, халыққа ерекше қуанышты көңіл-күй сыйлады.
15 наурыз. Бұл күн «Наурызнама» ­бо­йын­ша – Қайырымдылық күні. Ел ­бойын­ша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады. Қайырымдылық – тек қаржылай көмек емес, ол жанға жылу сыйлау, қолдау көрсету, уақыт бөлу. Әрине, елде қайырымдылық мәдениеті қарқынды дамып келеді. Еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары мыңдаған жанға көмек қолын созуда. «Қазақстан халқына» қоры мен көптеген ұйымдар әлеуметтік осал топтарға, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қолдау көрсетіп келеді. Әрбір азамат игі іске өз үлесін қоса алады: қаржылай демеу көрсету, қажетті заттармен қолдау білдіру не волонтерлік қызмет атқаруды игі іске айналдырған. Қайырымдылық күні аясында аудан жастары Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергеновтің шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Игі шара барысында жас еріктілер ардагердің үйінің ауласын және көше бойын тазалап, тұрмыстық шаруаларға қолғабыс жасады. Олар ардагердің елге сіңірген еңбегі мен ерлігіне алғыс білдірді. Ал майдангердің отбасы мүшелері ерікті жастарға шынайы ризашылығын айтып, мерекеге орай көрсетіп жатқан жақсы іске алғысын жеткізді.
16 наурыз. Бұл күн – Шаңырақ күні. Онда отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтті. Шаңырақ отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың жалғасуының символы. Статистикалық мәліметтерге тоқталсақ, былтыр елде 123,6 мың неке тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Орташа неке жасы бойынша, ерлер – 27,9 жас, әйелдер – 25,2 жас. Ең көп неке шілде айында тіркелген екен. Жалпы саны – 13 739.
Отбасы – бұл әр адамның өміріндегі ­басты құндылық, күш, қуат көзі. Қазақ халқы отбасының адам өміріндегі маңыздылығын, оның білім берудегі және болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін терең түсінген.
17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күні елдің түкпір-түкпірінде қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды. Театрландырылған қойылымдар, фольклорлық фестивальдер, ұлттық киімдер мен аспаптарды дәріптейтін көрмелер ұйымдастырылды. Бұл маңызды мереке қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған мәдениетін жаңғыртуға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Елде ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында дәстүрлі іс-шаралар, сондай-ақ мәдениет ұйымдарында салт-дәстүрлер көрсетілімдері, суретшілер мен мүсіншілер туындыларының көрме-тұсаукесерлері өткізілді. Ал ауданда мерекеге орай Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының өнер­паздары қазақтың бай мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтары мен дәстүрлерін насихаттайтын қойылымдар көрсетті.
18 наурыз. Бұл күн «Наурызнама» онкүндігі бойынша – Ұлттық киім күні. Бұл күні қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар өткізілді. Ұлттық киім күні дәстүрлі киім арқылы мәдени дәстүрлердің бірегейлігі мен алуан өзгешілігін көрсетеді. Қазақ халқы бұл күні өз мәдениеті мен тарихына құрмет көрсету және өз мұраларын басқалармен бөлісу үшін ұлттық киім киді. Мереке мәдени әртүрлілікті сақтауға және насихаттауға ықпал етеді, ұлттық бірлікті нығайтады және мәдениетаралық алмасу мен өзара түсіністікке дәріптейді. Осыған орай ел бойынша түрлі трендтер түсіріліп, челлендждер жолданды. Бастысы тек көрнекілік пен әдемілік үшін емес, жастардан бастап үлкендерге дейін қазақы киім киіп, көзіміздің жауын алып жүр. Сондай-ақ аудандағы барлық мекеме-ұжым қызметкерлері қазақы шапан, камзол киіп, мерекеге ерекше дайындықпен атсалысты.
19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрі атқарылды. ­«Наурызнама» онкүндігі бойынша «Жаңару күні», яки қоғамның барлық салаларын жаңартып, ағаш көшеттерін отырғызып, түрлі экологиялық акцияларға үн қосылды. Қазалыда ұйымдастырылған тал егу акциясына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, түрлі сала қызметкерлері мен белсенді жастар және еріктілер мен тұрғындар қатысып, аудан аумағын көшетпен көмкерді. Тазалыққа үндейтін «Жаңару» күнінде қазалылықтардың басын қосқан экологиялық акция ауданға қарасты барлық кент, қала және ауылдық округтерде жалғасын табуда.
20 наурыз. Бұл күн талайдың делебесін қоздырып, рухани қуат сыйлайтын – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыс­тар ұйымдастырылды. Қызылорда қалалық ипподромында қазақтың ұлттық ойындарын кең көлемде дәріптеу мақсатында арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік шарада Ұлттық спорттың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар спорт саласының қызметкерлері марапатталып, құрмет төрінен көрінді. Одан кейін шара барысы спорт мектептері дайындаған мерекелік концертпен жалғасты. Сондай-ақ ұлттық ойындарымыз көкпар, арқан тартыс, қазақ күресі, қол күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, гір көтеруден жарыс өтіп, оған 400-ге жуық спортшы қатысты. Айта кететін жайт, бүгінде Сыр өңірінде 29 446 адам ұлттық спортпен айналысады. Аймақта ұлттық спорттың басым бөлігі ерекше қарқынмен дамып келеді.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. «Наурызнама» онкүндігінің Ынтымақ күнінде облыстағы этномәдени бірлестіктер төрағалары, мүшелері, ҚХА ардагерлері, облыстық ҚХА құрылым төрағалары және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Нау­рыз – достық алаңы» мерекелік думан өтті. Достық үйінің алаңында этнос өкілдері, мекеме жігіттері де, қыздар да ұлттық спорттың көркін кіргізді. Асық атып, ләңгі теуіп, гір көтеріп, арқан тартысты.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәде­ни-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйым­дастырылды.
23 наурыз – Тазару күні. «Наурызнаманың» қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акциялар ұйымдастырылды.
Айта кеткен жөн болар, Наурыздың бірегей логотипі де бекітілді. Онда үш бәйшешек Қазақстанның өткені, бүгіні мен болашағын білдіреді. Иә, «Наурызнама» ел бірлігін нығайтудың маңызды факторы ғана емес, Қазақстанның бай тарихы мен дәстүрін кеңінен насихаттауға негіз болатын құндылығымыз. Ендеше Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

Айнұр ӘЛИ
23 наурыз 2025 ж. 234 0