Электросамокат жүргізушілерін "ақылды камералар" бақылайды
Фото: informburo.kz1 шілдеден бастап самокат жүргізушілеріне жаңа талаптар күшіне енеді.
Астана қаласында интеллектуалды бейнебақылау жүйесі электросамокат жүргізушілері жіберген жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарды тіркей бастайды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Жаңа жүйені құқық қорғау органдары "Сергек" компаниясымен бірлесіп әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік нөмірлерді автоматты түрде тану жүйесі жасалып жатыр. Жүйе айыппұл салу үшін қажеі материалдарды қалыптастыратын болады.
Полиция мәліметінше, цифрлық технологиялар мен сәйкестендіру жүйесін қолдану құқық бұзушыларды тиімді анықтауға, жол-көлік оқиғаларын азайтуға және пайдаланушылардың тәртібін арттыруға мүмкіндік береді.
"Қазіргі таңда елордада 10 мыңнан астам электросамокат бар, оның шамамен 8 мыңы тұрақты қолданыста. Сонымен қатар осы көлік түріне қатысты құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Жыл басынан бері 45 жол апаты тіркеліп, 50 адам жарақат алған", – делінген хабарламада.











