Бір миллионға жуық қазақстандық кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр
Бір миллионға жуық қазақстандық кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр
Фото: Нейрожелі арқылы жасалған сурет
Фото: Нейрожелі арқылы жасалған суретБір миллионға жуық қазақстандық кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz 31-арнаға сілтеме жасап.
Бұл - миллионға жуық қазақстандықтың айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді деген сөз. Ал былтырғы экономикалық өсім тікелей тұтынушылық несиеге байланысты. Сондықтан Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаңдатып, базалық ставканы жоғары деңгейде ұстап тұр. Енді ел экономикасы тұрақталуға тиіс. Дәл қазір елімізде бір миллионға жуық тұрғынның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Нақтырақ айтсақ, ай сайынғы кірісі 58 мың теңгенің төңірегінде болып тұр. Демек, ақшасы ас-ауқаттан артылмайды, тіпті тойып тамақ та жей алмайды.
Бұл проблема, әсіресе, көпбалалы жанұялар үшін өзекті. Өйткені 5 және одан да көп баласы бар отбасылардың 9 пайызы кедейлер санатына кіреді. Астаналықтар да табыс ұлғайып жатқан жоқ дейді. Бірақ амалын тауып, аз ақшаны жеткізуге тырысып жүр екен.
Ресми дерекке сәйкес, былтыр ел экономикасы 6,5 пайызға артқан, бірақ халықтың шынайы табысы, керісінше, кеміп отыр. Сарапшы Сапарбай Жобаев тікелей бюджет қаржысының ірі бөлігін жол, темір жол секілді инфрақұрылымдық жобалар мен зауыттарды соғуға жұмсалуынан дейді. Оның пікірінше, экономикалық өсімді бюджет қаражаты емес, кәсіпкерлердің ақшасы қамтамасыз етуге тиіс. Халықтың кірісі ұлғаймағаны да – содан. Ал ахуалды түзеу үшін квазисектордағы компанияларды жекеменшікке беру керек.
"Осы 40 пайыз ақшаны 500 квазимемлекеттік кәсіпорын қалтасына салып жатыр. Соның арқасында өмір сүріп жатыр. Олардың бәрін жекешелендіру керек. Өткен жылы 2025 жылы 243-шін жекешелендіреміз деген еді. Бірақ жүзеге аспады. Биыл енді 500 жекешелендіреміз дейді. Бұл бір әлгі дию сияқты басын кессең, үшеуі шығатын боп өсіп кетіп жатыр квазимемлекеттік кәсіпорындар", - деді экономист Сапарбай Жобаев.
Сондай-ақ, қаржыгер жалақының көтерілмеуі де шынайы табыстың кемуіне әсер етеді дейді. Мәселен, бюджеттік ұйымдар мен алпауыт компаниялар айлықты жыл сайын 10 пайызға индекстейді. Ал шағын кәсіп пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар еңбекақыны көтеруге қауқарсыз. Тіпті өнімділікті арттыру үшін жалақыны төмендетуі ықтимал. Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері де кірістің кемуі айлықтың баяу өсуімен байланысты деді. Өйткені, еліміздегі кәсіпорындардың тең жартысы ғана айлықты 10 пайызға өсірген.










