Таксистерге салынатын салық: енді не өзгереді?

Ұлттық экономика министрлігі "салық реформасының теріс әсері бола ма?" деген сауалмен жүгінген таксопарктердің мәлімдемесіне жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Министрлік мәліметінше, 20 ақпанда Мәжіліске қарауға ұсынылған Салық кодексі жобасында такси жүргізушілері үшін жеңілдетілген салық режимі қарастырылған.
"ҚҚС және басқа да салықтар салынбайды, жеке табыс салығының мөлшерлемесі нөлге тең. Такси жүргізушілері тек 4% мөлшеріндегі бірыңғай төлемді төлейді, оған зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру кіреді. Бұл режимді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пайдалануға болады. Осылайша такси жүргізушілері үшін салық жүктемесі түспейді", - деп жазылған хабарламада.
"ҚҚС төлеу міндеттемесі мен шекті сома төмендеуі тек 6%-ына әсер етеді. Бұл – ҚҚС төлеуге міндетті ірі таксопарктер", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство мәліметінше, интернет платформа операторы ҚҚС төлейді.
Министрлік баға нарыққа, бәсекелестікке, сұраныс пен ұсынысқа байланысты да қойылатынын мәлімдеді.Еске салайық, Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы реформалар туралы шешімді қолдады. Кейінірек Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.
Ал Ұлттық экономика министрлігі өкілі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсынысын айтты:
"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі - 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал кейбір салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелер: 16%, 10%, 0% және босату".