Ораза ұстауға дайындық туралы жеті кеңес
Мұсылмандар үшін қасиетті және құлшылық айы саналатын Рамазан айының басталуына аз күн қалды.

Қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақпан айында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
Оразаға қалай дайындалу керек екені туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпараты негізінде жасалған дайындық кеңестерімен таныс болыңыздар.
1. Қаза ораза мен қарызды өтеу
Рамазан айы басталмай тұрып, өткен жылдағы қаза болған ораза күндерін толықтырып қойған абзал. Сонымен қатар ақшалай қарыздарды да қайтарып қойған жөн.
Оразаға қатысты парыз бен сүннеттерді, оразаны бұзатын, бұзбайтын амалдарды, оразадағы жеңілдіктерді тағы бір рет оқып-біліп алған жөн.
2. Ағзаны дайындау
Рамазан айы жақындаған кезде де ағзаны оразаға алдын ала дайындау қажет. Күнделікті ішіп жүрген тамақ көлемін азайта бастаған жөн.
Ал туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі секілді ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Мұндай адамдар Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін підия береді.
3. Жаман әдеттерден арылу
Рамазан айында немен айналысатыныңызды жоспарлап қойған артық етпейді. Өткен жылы ораза барысында жіберген қателіктер болса, оны осы айда қайталамауға тырысу керек. Жеңе алмай жүрген жаман әдеттеріңіз болса немесе жақсы әдет қалыптастыруды ойлап жүрсеңіз, оны да жазып қойған жөн. Қол жеткізгіңіз келген қасиет үнемі жадыңызда жүрсін, ол сіздің бейімделуіңізге көмектеседі. Ертеңгі күнді ұйқыға жатпас бұрын жоспарлаған жөн.
Рамазан айында тек тамақтан ғана тыйылмай, ұйқы режимін де реттеу маңызды. Ерте ұйықтап, ерте тұру тәртібін қалыптастырып алған жақсы. Бұл сәресіне кешікпей тұруға жәрдемдеседі.
4. Ас мәзірін дайындау
Отбасымен бірге сәресі мен ауызашардың ас мәзірін құрып қойған артық етпейді. Ораза кезінде тұзды, майлы, қуырылған және газдалған өнімдерді азырақ тұтынған жөн. Оның орнына мейлінше сіңімді әрі жеңіл тамақ жеген дұрыс. Сол себептен Рамазан айы басталмас бұрын қажетті азық-түлікті ертерек әкеліп қойған абзал. Мүмкіндік болса, тұшпара, мәнті секілді жартылай дайын өнімдерді жасап қоюға болады. Бұл уақыт үнемдеуге тиімді болмақ.
5. Тазалық жүргізу
Рамазан айына үйді дайындаңыз. Толықтай тазалық жұмыстарын жүргізіңіз. Киілмейтін қалың киімдерді жуып, келесі маусымға дейін жинап қойыңыз. Ескі заттардан арылыңыз. Үйдің сыртын, ауланы да тазалап қойған жөн. Сонымен қатар әктеу, сырлау жұмыстарын да ертерек аяқтап қойған дұрыс.
6. Алаңдатуы мүмкін істі аяқта
Рамазан айына құрған жоспарыңызды алаңсыз ұстану үшін аяқсыз қалған жұмыстарыңыз болса, аяқтап тастаған жөн. Өзге елге, қалаға қоныс аударуды жоспарлап жүрсеңіз, көші-қонды қазірден бастап әзірлеген абзал. Сауда-саттық жоспары болса, медициналық тексеруден өтуді, тіс дәрігеріне баруды ойлаған болсаңыз, ертерек қолға алған жақсырақ. Құрылыс жұмыстарын да аяқтап қойған жөн. Ораза айтқа арналған сый-сияпаттарды да алдын ала алып қоюға болады.
7. Туыстық қарым-қатынастарды реттеу
Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, тойына қатысу, арнайы іздеп бару, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскеннің қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – бұлардың бәрі де осы туыстық қатынастың аясына кіреді. Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сыяпат, тарту-таралғы жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады. Осы уақытқа дейін қандай да бір себеппен араңыз алшақтап кеткен туысқандар болса, хабарласып, қарым-қатынасты түзеуге тырысқан жөн.