Мақсатымыз - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Тіл туралы заңдарына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып табылады. Сондықтан барлық өнімдердің, оның ішінде тауарлардың сыртында мемлекеттік тілде ақпарат беру – еліміздің тіл саясатын жүзеге асырудың бір бөлігі болып табылады. Өнімнің жапсырмасын, таңбаламасын және нұсқаулықтарында мемлекеттік тілде жазу — тек заң талабын орындап қана қоймай, сонымен қатар, тұтынушыларға өнім туралы маңызды мәліметтерді дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақ жеріндегі ана тілге құрмет, мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселелері еліміз егемендік алғалы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тіл мәртебесінің нығаюына, қолданыс аясының кеңеюіне септігі тиерлік шаралар легі жоспарлы түрде жүргізілуде.
Мемлекеттік тіл мәртебесін биіктетіп, өрісін кеңейтуде өңірлердегі тіл дамыту орталықтарының жұмыстары жақсы жолға қойылған. Біздің ауданымызда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қазалы ауданының мемлекеттік тіл оқытушысы Таңжанов Жұбатқан Асылбекұлы түрлі саладағы мамандармен жұмыс жасап келеді.
Соның бірі, жас кәсіпкер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде өзіндік үлесін қосып жүрген «Қазалы өндірістік цехының» басшысы Бөлекбаев Руслан Жаңабайұлымен сұхбаттасты.
Сұхбат барысында Қазалы өндіріс цехынан шығарылып жатқан қара сақар сабының құрамы мен елге тиігізіп жатқан шипасы туралы ғана айтылып қоймай, тауар қаптамаларының мемлекеттік тілде шығарылып жатқандығына назар аударылды. Жас кәсіпкердің айтуынша: өнімдердегі қазақ тіліндегі ақпарат тұтынушылар үшін қосымша құндылық болып табылады. Қазіргі заманғы көптілді қоғамда, әсіресе, қазақ тілін білмейтін немесе оны үйреніп жатқан азаматтар үшін өнімдердегі ақпараттың мемлекеттік тілде жазылуы өте маңызды. Бұл барлық тұтынушыларға түсінікті әрі қолжетімді болуына көмектеседі. Өнімдердің сыртына қазақ тілінде ақпараттың енгізілуі – бұл тұтынушылар үшін жай ғана ақпарат емес, сонымен қатар ұлттық тілдің мәртебесінің артуына қосқан үлес – деп білемін дейді.
Аталмыш цехтан сұйық сабын, қара сабын, кір сабын, соды секілді түрлі өнімдері шығарылады.
Өндіріс орнынан шығып жатқан тауарлардың арнайы мәлiметтері көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткаларында), таңбаламалары, нұсқаулықтары мемлекеттiк тiлде жазылған. Сабынның құрамы: «Итсиген шөбінің сақары, қойдың құйрық майы, түйе өркеші» деп қазақ тілінде жазылу көрініс тапқан. Бұл әрине өндіріс орнынан шығып жатқан тауарлардың арнайы мәліметтері мемлекеттік тілде жазылуы ұлттық тілдің дамуына серпін береді және оның қолданылу аясын кеңейтеді. Осы қадам қазақ тілінің қоғамдағы рөлін күшейтіп, оны күнделікті өмірдің әр саласында қолдануға мүмкіндік жасайтыны анық. Сонымен қатар, мемлекеттік тілде жазу арқылы тұтынушылардың барлығына бірдей түсінікті ақпарат жеткізуге жағдай жасалады, бұл еліміздің бірлігін нығайтуға көмектеседі.
Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіліп отырған бұл өнім арқылы, мемлекеттік тіліміз насихатталып жатқандығының көрінісі. Жақын арада, тек Қазақстанға ғана емес сырт мемлекеттерге де осы өнім арқылы біздің мемлекеттік тіліміз насихатталатын болады. Яғни, брендіміз –қазақ тілінде!
Сөзімді қорытындылай келе, өнімдерде қазақ тілінің қолданылуы еліміздегі тіл саясатының табысты жүзеге асырылуына, ұлттық тілді заманауи өмірдің барлық салаларында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Бұл қадам тек тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, сондай-ақ ұлттың рухани және мәдени бірлігін нығайтады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – қазақ халқының болашағына жасалған маңызды инвестиция, әрі оны кеңінен қолдану арқылы біз ел бірлігін нығайта аламыз.