Ана тілі – ұлттың жаны
Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты – ана тіліміздің мәртебесін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды сақтау жолында терең ой салатын маңызды еңбек. Бұл сұхбатта ел болашағы, тілдің қоғамдағы орны және рухани жаңғыру жолындағы басты міндеттер нақты әрі айқын көрсетілген.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық бірегейлігіміздің өзегі екенін баса айтты. Тілді сақтау мен дамыту – әрбір қазақстандықтың, әсіресе, жас ұрпақтың парызы. Ана тілін жетік меңгеру арқылы жастарымыз өз тамырынан қуат алып, ұлт мәдениеті мен руханиятын биікке көтере алады.
– Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді, – деді Президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қазақ тілі 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтағанын да тілге тиек етті. Әлемде 6700-ден аса тіл бар екенін ескерсек, бұл үлкен жетістік.
Президентіміз сүбелі сұхбатында мұнан бөлек елдің рухани өрлеуіне, жастарды қолдау мен ұлттық сананы нығайтуға бағытталған нақты бағдар. Ұлт болып ұйысу, рухани жаңғыру жолында бәріміз белсенді атсалысайық!
Раиса ТАСЫЬАЕВА,
Қазалы ауданының мәдениет
және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы