Қазақстанда депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме жойылады
1 наурыздан бастап барлық қазақстандық банк үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер алып тасталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) мәліметінше, наурыздан бастап, қор шекті мөлшерлемелердің мәндерін жариялауды тоқтатып, депозит нарығындағы нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялай бастайды.
ҚДКБҚ 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, банктердің көпшілігі үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуді жойды.
"Ырықтандыру жағына қарай жасалатын келесі қадам – капиталдануы жақсыдан төмен банктер үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді жою. 2025 жылдың 1 наурызынан бастап, ҚДКБҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілемейтін болады. Капиталдануы жақсыдан төмен банктер сондай-ақ өздерінің депозиттік саясатын басқа банктер секілді нарықтық жағдайға сай белгілейтін болады. Сонымен бірге егер капиталдануы жақсыдан төмен банктер өздерінің депозиттері бойынша мөлшерлемелерді айтарлықтай өсіретін болса (нарықтық мөлшерлемеге қарағанда жоғары+спред), бұл банк жүйесіне қосымша тәуекелдер болып тиеді. Осыған байланысты мұндай банктер жүйелік тәуекел үшін төлейтін жарнаға қосымша ретінде мөлшерлемелердің шектен тыс асырылу дәрежесіне және депозиттерді тарту көлеміне қарай көтеріңкі жарна төлейтін болады", - делінген хабарламада.
Атап өту керек, депозит нарығындағы мөлшерлемелерді реттеу реформасын жүзеге асыруға байланысты 2025 жылдың ақпан айынан бастап, ҚДКБҚ сайт бетінде теңгелік депозиттер бойыша шекті мөлшерлемелер туралы ақпаратты жариялауды тоқтатады. Оның орнына 2025 жылдың наурызынан бастап, ҚДКБҚ өзінің ресми сайтында бөлшек саудалық депозит нарығында қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялайтын болады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер әлі де барлық банктер үшін белгіленеді.
"Біз жүргізілген реформа банктерге өздерінің депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу барысында көбірек еркіндік береді деп күтеміз. Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелер нарықтық факторларды ескере отырып белгіленетін болады. Ал енді банктер үшін мөлшерлемелерді белгілеу барысында ұстанатын басты бағдар – нарықтық мөлшерлеме. Оның көлемін нарықтың барлық қатысушылары белгілейді. Бұл банктер арасында адал бәсекелестіктің дамуына жағдай жасайды және бөлшек саудалық депозит нарығының, әсіресе санаулы банктер ғана қатысатын сегменттің дамуына жаңа серпін береді", – дейді ҚДКБҚ басшысы Әділ Өтембаев.
Айталық, мысалы, қазіргі уақытта мерзімі 12 айдан асатын мерзімді және жинақ салымдарды тарту көлемі мардымсыз, бірақ молайтуға әлеует жеткілікті. Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелердің шегі жойылғанымен, жүйелік тәуекел үшін төленетін жарна мен көтеріңкі жарна теңестіруші қызметін атқарады және банктерді депозиттер бойынша мөлшерлемелерді шектен тыс көтеру ниетінен бас тартқызады. Бұл ҚДКБҚ-ның қаржылық тұрақтылыққа жәрдемдесу бойынша міндеттерімен үйлеседі.