Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысын тексерді, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Алдымен «Жаңадария», «Сыздық», «Шіркейлі» каналдарындағы көпірлерді қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. «BSJ инжиниринг» ЖШС ұзындығы 61,2 метр, ені 11,5 метр «Жаңадария» каналындағы көпірді жаңғыртуда. Осы көпірмен тұрғындар «АвтоЦонға», «Қорқыт ата әуежайына» Амангелді, «Бесарық», «Иіркөл», «Қоғалыкөл», «Жетікөл», «Айдарлы» елді мекендеріне, қала маңындағы саяжайларға қатынайды.
«Сыздық», «Шіркейлі» каналдарындағы жұмысты «Жылу 21» ЖШС қолға алған. Елді мекендер мен саяжайларға қатынаушылар үшін бұл көпірлердің де маңызы зор. Сонымен қатар, 13,5 шақырым автокөлік жолын төрт жолақты етіп қайта жаңғыртуға бюджеттен қаржы қаралып, құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Одан кейін, облыс әкімі «Тау групп» ЖШС былтыр бастаған, биыл аяқталады деп жоспарланған «Титов» қыстағындағы 135 пәтерлік тұрғын үй құрылысының барысын көрді.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың жаңа ғимаратының құрылыс алаңындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Еске салсақ, мектеп-интернат 2023 жылы басталған, биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі