Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен жылдағы өсу мен өркендеу

Өткен жылдағы өсу мен өркендеу


Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет Қызылорда қаласында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап, брифинг өткізді. Әкім ауданның тыныс-тіршілігіне тоқталып, бүгінге дейін атқарылған істерді баяндады. Тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерді тыңдады.
– Қасиетті Қазалы ауданы – қашанда қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тіршіліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Ауданда жүріп жатқан жүйелі жұмыстарға, әрбір жағымды жаңалық пен жаңаруға куә болып жүрсіздер деп есептеймін.
Жалпы, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне айрықша қолдауының арқасында бүгінгі күні облыс қарқынды даму үстінде. Жыл бойы Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, аймақ басшысының басшылығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуы тұрақты түрде қамтамасыз етілді. Аймақтың жан-жақты дамуында оң тенденция қалыптасты. Өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындардан көрінді.
Өткен жыл Сыр өңірі мен оның ішінде, Қазалы ауданы үшін бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады. Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ ауданда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты, – деді аудан әкімі.
Отыз кәсіпкерлік нысан бой көтерді
Алдымен экономикалық көрсеткіш айтылды. 2024 жылы аудан бюджетін 11,0 млрд. теңгеге бекітілген. Есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 18,9 млрд. теңгеге жеткен. Жыл басынан бюджетке 7,9 млрд. теңгеге артып, 72 пайызға ұлғайған. Ауданның өз кірістерінің жоспары 2,4 млрд. теңге болып бекітіліп, нақты орындалуы 3,5 млрд. теңгені құрап, бекітілген бюджеттен 1,1 млрд. теңге қосымша түсім қамтамасыз етілген. Негізгі капиталға 27 млрд. 330,4 млн.теңге инвестиция тартылып, өсім 100,6 пайызды құраған.
Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5613 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс жасап тұрғаны 5446 бірлік, яғни, белсенділік көрсеткіші – 97 пайыз болған. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлер тарапынан 33,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, салыстырмалы бағада 183,4 пайызға орындалған. 2024 жылы жаңадан 30 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 102 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 565 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 6,5 млрд. теңге несие, грант қаражаты беріліпті.
3579,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортқа шығарылды
Ауыл шаруашылығында да айтарлықтай алға жылжу бар. Өткен жылы жалпы өнімнің көлемі 25,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайызға артқан.
– 2024 жылы 7276,5 тонна ет, 9916,5 тонна сүт және 961,6 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауыл шаруашылығы дихандары биыл 17 мың 29 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, егін мерзімінде толық жиналды. Негізгі дақыл күріш 6 мың 200 гектарға егіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 26 мың 95 тонна күріш жиналды.
Айта кету қажет, ағымдағы жылы күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 250 га кем орындалғанымен, есесіне суды аз қажет ететін басқа дақылдардың көлемі артып отыр. Жаздық бидай 81 га, жаңа жоңышқа 126 га, ескі жоңышқа 112 га артық орналасты.Өткен жылы ауданнан Ресей, Белоруссия, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 3579,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы Қазалы ауданы «Алтын күз – 2024» салтанатты шарасында «Озат аудан» номинациясымен марапатталды.
Ал, мал шаруашылығына келер болсақ, аудан бойынша малдың барлық түрінде өсім бар. 2025 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша мал басы: 47786 бас мүйізді ірі қара, 52644 бас жылқы, 13292 бас түйе, 85316 бас уақ мал, 7130 бас құс құрап отыр, – деді аудан басшысы.
Жоба жемісін беруде
2023 жылдан бастап, агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыру басталды. Осы орайда Қазалы ауданында 2023 жылы 484,4 млн теңгеге 68 жоба жүзеге асырылып, 92 жұмыс орны ашылса, 2024 жылы 151,3 млн. теңгеге 26 жоба жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, 2025 жылдың наурыз айында қосымша 228,1 млн теңгеге 29 жоба жүзеге асыру жоспарда. Жүзеге асырылған жобалар аясында жаңадан 70 жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазалыда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда. Ауыз сумен қамту бойынша өткен жылы Ажар, Жұбан екі елді мекендеріне су тұщытқыш қондырғылар орнатылды. Биыл Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Елді мекен халқын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 2024 жылы 97,7 пайызға жетті, Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендеріндегі жобалар жүзеге асырылып болған соң, 2025 жылы таза ауыз су 100 пайызға қамтамасыз етіледі.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңарту және «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қожабақы ауылының электр желілерін қайта жаңғырту. Екі жоба да 2025 жылға өтпелі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінің электр желілері жаңғыртылып, құрылыс жұмысы толық аяқталған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 2024 жылы 70 пайыздан 62,5 пайызға төмендеді.
– Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығында жаңадан ашылған кварталдарда орналасқан нысандар мен тұрғын үйлердің электр энергиясының тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында 2025 жылға қосалқы стансасының құрылысы басталады. Осылайша электр желілерінің тозу денгейі 62,5 пайыздан 58 пайызға төмендету жоспарымызда бар, – деді аудан басшысы.
Көгілдір отын игілігін көретін ауыл саны артпақ
Аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге келер болсақ, ауданда жалпы газбен қамтудың индикаторлық үлесі елді мекендер бөлінісінде 17,0 % құрайды. Ал, жеке тұрғын үйлердің 73 % көгілдір отынға қосылған. Елді мекендерді газдандыру жобаларына 2024 жылы 3 жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы Абай ауылының газ желісі құрылысы жүргізіліп, 2024 жылы Абай ауылы газ желісіне толық қосылды. Ал, Ақтан батыр ауылын табиғи газ отынына қосуға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу құбырларының құрылысы жүргізілуде. Осылайша, 2024 жылы ауданымыз 70 пайызға газбен қамтылып отыр.
2025 жылға Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев және Ақсуат елді мекендеріне орамішлік газ құбырының құрылысын жүргізу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру көздері қарастырылуда. 2025 жылдың соңына дейін елдімекендерді газбен қамту көрсеткіші 73 пайызға жеткізу жоспарлануда.
– Сонымен қатар көгілдір отынға қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газга бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. 2024 жылы елді мекендердегі 10 әлеуметтік нысан газ отынына бейімделді.
Сондай-ақ білім басқармасының теңгеріміндегі 14 нысанның бу қазандықтарын газ отынына бейімдеу үшін аудандық коммуналдық меншігіне алынды. Қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қаржы көздері қарастырылуда, – деді М.Шермағанбет.
Жолдың жайы жақсармақ
Жалпы, ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. 2024 жылы ауданда 27,5 шақырым маңызы бар автомобиль жол құрылысы жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар, өткен жылы Қазалы ауданында бірнеше жыл бұрын басталып тоқтап қалған Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшысының тікелей қолдауымен қайта жанданды. Бүгінгі таңда 4 жолақты жол пайдалануға беріліп, тұрғындар игілігін көруде.
Брифингте 2024 жылы Қазалы ауданында ауыл арасындағы жолдармен елді мекен ішілік жолдардың жағдайын жақсару бағытында да біршама жұмыстар атқарылғандығы да айтылды. Мәселен, Қазалы қаласының 10 көшесінің жолын жөндеу жұмысы басталса, Әйтеке би кентінің 11 көшесіне жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 2024 жылы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 91 пайызды құрап отыр.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кенттің 11 көшесінің жолын жөндеу, Шағын қалаларды дамыту бойынша өткен жылдан өтпелі Қазалы қаласының 10 көшесінің жолын жөндеу, Әйтеке би кентінің 9 көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу алдағы күннің еншісінде. 2025 жылға Жанқожа батыр ауылының кіре беріс жолын күрделі жөндеу және «Әлсейт» көпірінен бастап, Бекарыстан би ауылына дейінгі аралық автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізілмек. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл Басықара, Жалаңтөс батыр ауылдарында жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
«Руханият» орталығы пайдалануға беріледі
Қазалы өзге аудандардан құрылыстағы қарқынымен ерекше. Ауданда уақыт өткен сайын түрлі ғимарат бой көтеріп, жаңа нысанның құрылысы басталады. Бұған дәлел өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 110,2 пайызға артып, көлемі 13,9 млрд. теңге болып отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 63 484 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 116,2 пайызға артық орындалған.
– Аудан орталығында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен «Руханият» орталығының құрылысы жүруде. Орталықтың құрылысы толықтай аяқталып, мамыр айында пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы 148 пәтер аудан тұрғындарына табысталды. Биыл 200 пәтердің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. 2024 жылы Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстары басталса, Кәукей ауылындағы 100 орындық ауылдық клуб ауыл халқына пайдалануға берілді.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен жаңадан прокуратура ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта құрылысы тұралап қалған «Қарлан» учаскесінде Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жұмысын биыл жалғасатын болды. Өткен жылы аудан орталығын абаттандыру мақсатында аудандық бюджет есебінен қарқынды құрылыс жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсам, 200 млн. теңгеге аудан әкімдігі ғимараты мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей алдына «Руханият» скверінің құрылысы жүргізіліп, аудан тұрғындарына пайдалануға берілді. Әйтеке би кентіндегі «Орталық алаңына» абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 182,7 млн. теңге бөлініп, абаттандыру жұмыстарының 95 пайызы аяқталды. Орталық алаңды абаттандыру жұмыстары толықтай аяқталып, 1 мамырда пайдалануға берілмек.
«Жеңіс» саябағына жаңғырту мақсатында 182 млн. теңгеге абаттандыру жұмыстары басталды. Саябақты абаттандыру жұмыстары биыл аяқталып, Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай мамыр айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Жеңіс» саябағы көлемі жағынан облыс аумағындағы ең үлкен 20 гектарды құрайтын саябақтардың бірі.
«Жайлы мектеп» құрылысы қарқынды жүргізілуде
Ауданның білім беру саласында барлығы 91 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жылдың басында Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілсе, бүгінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аудан басшысы 2025 жылдың наурыз айында мектеп құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырғандықтарын айтты. Өткен жылы 9 мектеп пен 2 балабақшаға талапқа сай бейнекамера орнатылса, 10 мектеп жабдықталған кабинетпен қамтамасыз етілген. Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп ғимаратының қасбетін қаптауға 20 млн. теңге және Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ауласына ойын алаңын салуға 26 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілген.
2024 жылы аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимаратына жаспарлас 42 төсектік қосымша құрылыстың (МРТ бөлімі, кардиология және инсульт орталығы) жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Аталған нысанның құрылысын жуық арада басталатын болады.
Сонымен қатар, аймақ басшысының қолдауымен ауданның денсаулық сақтау ұйымдарының автопаркін жаңару мақсатында 25 санитарлық автокөлік алынып, халыққа қызмет етуде.
Аудан спортшыларының абыройы асқақ
Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен ауданымызда спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жолға қойылды.
– Өздеріңізге белгілі, қазан айында аудан орталығында «Әмір Арена» спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілсе, 2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек аудан орталығы мен елді мекендерде де демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда.
Аудан спортын дамыту аясындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында спортшыларымыз Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 4 күміс, 7 қола, Азия чемпионатында 3 алтын, 2 күміс жеңіп алса, Халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда 28 алтын, 42 күміс, 61 қола медальды қоржынға салды.
Биыл Париж қаласында өткен жазғы ХХХІІІ Олимпиада ойындарында қазалылық Абылайхан Жұбаназар дзюдо күресінен бақ сынады. Сондай-ақ жуық арада ғана Тайландта бокстан әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Гүлсая Ержан чемпион атанып, көк туымызды көкке желбіретсе, бірер күн бұрын Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Алтынай Тәңірбергенова 64 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегер атанды, – деп аудан басшысы спортшылардың жетістігін мақтанышпен айтты.
Биыл – «Руханият жылы»
Биыл аймақ басшысының бастамасымен «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде «Руханият жылын» жарияланды. Айтулы жыл көлемінде ауданда түрлі ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 1798 іс-шара өткізілді.
Қазан айының соңғы он күндігінде қазалылықтар елдің тұтастығын, береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғалар Әйтеке бидің 380 жылдығы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Мерейтой аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен ғылыми-танымдық конференциялар өтіп, бірқатар әлеуметтік нысандар аудан халқының игілігіне пайдалануға берілді.
Жастар фестивалі мол мүмкіндік береді
– Әлеуметтік саланың дамуын жеделдету – біздің алдымызда тұрған ең негізгі міндет. Экономиканың түрлі саласында 2024 жылы Қазалы ауданында 4406 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Жылдың қорытындысымен 4488 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 101,9 пайызға орындалды. Аудан бойынша жұмыс іздеуші ретінде 12956 адам хабарласып, оның ішінде жұмысқа орналасқаны-3447.
2024 жылдың қорытындысымен жұмыссыздар саны 938 адам, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр,– деді аудан басшысы.
Қазір аудан халқының 29,7 пайызы – жастар. Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен барлығы 271-ден аса іс-шаралар өткізілген. Оған 8500-ден астам жас қатысқан. Жыл басынан бері «Лудомания» және «Ойынқұмарлық» тақырыбында іс-шаралар тұрақты түрде өтіп келеді.
Отбасы институтын дамыту, неке және отбасылық қарым-қатынастарды нығайту, жас ұрпақтың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қалыптастыру еліміздің болашағы үшін маңызды. Осы орайда аудандық Жастар ресурстық орталығы жас отбасылармен дәстүрлі отбасылық құндылықтарын насихаттауға үлес қосып келеді. Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі өтеді. Жеңімпаздар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты және оқу ақысына 50, 25% жеңілдікпен оқитын сертификатын иеленді.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және олардың ұсыныстарын тыңдау мақсатында «Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Жоба аясында ауылдық елді мекенде түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріледі.
Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз соңында: «Қазалы ауданында жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың легі осындай. Алда атқарылар жұмыстар ауқымды, мақсат-міндеттер де жоғары. Жоспарланған жұмыстарды іске асыруға ел Президенті мен Үкімет басшысы, сондай-ақ, аймақ басшысы тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Биылғы жылы да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша міндеттер тұр. Оның ішінде салықтық түсімдер көздерін, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту.
Бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, аудан халқының қолдауымен жүзеге асыратын боламыз», – деді.
Бұдан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
18 ақпан 2025 ж. 401 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728