Антына адалдық танытқан

Ол орта білімді сол кездегі «Жаңақазалы» поселкесіндегі №216 Қ.Сәтбаев атындағы мектептен алып шықты. 1983 жылы Өзбекстанның Самарқан қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылданған еді. Екінші курста оқып жүргенде Самарқанның теміржол әскери комиссариатынан әскерге шақыру қағазын алып қазақ, өзбек, тәжік, орысы аралас 23 жігіт айналасы бір айдың ішінде Горький қаласының әскери бөлімі арқылы Дзержинск ауданындағы орманды алқапта орналасқан барлаушылар даярлайтын жаттығу алаңынан бір-ақ шықты. Әскери өмір қаншалықты қиын дегенмен, ат құлағында ойнап өскен ауыл баласы Күмісбай шаңғы тебуден басқа барлау өнерінің қыр-сырын меңгеруде аса қинала қойған жоқ. Із кесу, тың тыңдау, тіл әкелу, аң-құстың дыбыс ерекшеліктерін анықтау, қару-жарақ қолдану, қолма-қол ұрыс, мина құру, ажырату, компас пайдалану сияқты түске дейінгі техникалық оқу, түстен кейінгі қолма-қол жаттығуды әдетке айналдырды. Көп ұзамай ешқандай жария етпестен, әскери бөлімнен арасында 11 барлаушысы бар 98 курсант эшелонмен Шыршық қаласына жеткізілді. Сол жердегі біраз тексеруден соң, 1985 жылдың 20 сәуірінде Ауғанстан жеріне аяқ басып, Құндыз провинциясына келіп орналасты.
Ауған жеріне табан тірегеннен кейінгі Күмісбайдың алғаш қатысқан шайқасы – Кабул – Асадабад арасындағы ұрыс қимылдары. Ал оған дейін… Барғаннан кейін үш күннен соң бұларды түн ішінде көтерілген дабыл арқылы душман жолын тосуға ала жөнелді. Мүмкін ширату үшін бе, алынған мәлімет жалған болып шықты ма әлде жау секем алды ма, үш тәулік сенделістен соң қайтып оралды. Көп жағдайда жау жағы бейбіт тұрғындарға ұқсап, керуенмен өтетін болып шықты. Сол себепті жауынгерлер керуен күтуді әдетке айналдырды. Өтетін керуен шынымен бейбіт болса, достық қатынаста шығарып салады, өкінішке қарай, адам шығынымен аяқталатын жағдайлар да кездесіп қалатын. Күмісбай әскери борышын өтеу барысында 149-шы мотоатқыштар дивизиясының аға барлаушысы, әскери барлау бөлімшесінің командирі, взвод командирі болып тағайындалды. Өз жауынгерлерімен қосымша күш ретінде ұрыс орын алған тұста көмекке барып жүрді. Көп жағдайда басты міндеттері негізгі күштің жолында мина бар-жоғын анықтау, егер болса, рация арқылы сапер шақыртып жолды тазарту. Сонымен бірге қарсы жақтың жолын тосып, мәлімет жеткізумен айналысу.
1985 жылдың 25 мамыры күні Кабул – Асадабад арасында жау жасағының негізгі күші өтетіні туралы алдын ала мәлімет түсті. Шайқас жергілікті уақытпен бес минутсыз түнгі он екіде басталды. Жасыратыны жоқ, қарсыластардың тәжірибелі екендігі анық байқалды. Әсіресе жау мергендері мұндай соғыстың нағыз мамандары болып шықты. Қаша ұрыс салу, көздегенін мүлт жібермеу, тірідей қолға түспеуді ең басты мақсат санайтын сияқты. Шайқастың басталғанына шамамен бір сағаттай болғанда, украин жігіті Цалай жараланды. Кеудесінің сол жақ тұс қабырғасын қақырата оқ жұлып кетіпті. Аға лейтенант Потоцкий оған жақын тұрған Күмісбайға алғашқы көмек жасауды бұйырды. Кеудесінің жартысы жоқ қаруласына қарап есінен танғандай болып тұрған жауынгерді түсінсе керек, командир қолына ілінген шүберкті жарақат орнына тыққыштай бастады. Екі күн бұрын ғана үздік жауынгер ретінде үйіне мақтау қағазы жіберілген жігіт санаулы минуттан соң көз жұмды. Шайқас таңға дейін созылды. Өздеріне міндеттелген әскери тапсырма орындалды, бірақ жау мергендерінің құрығынан взвод құрамындағы 32 жауынгердің 7-еуі ғана аман шықты. Бұдан кейін де Күмісбай ірілі-уақты ұрыстарға қатысты. Ал Ауған жерімен қош айтысуға себепші болған соңғы шайқаста сол қолынан жарақат алды.
Мотоатқыштар полкінің кедергісіз жүріп отыруын қамтамасыз ету үшін ұзаңқырап кеткен Күмісбайдың бөлімшесінде он жауынгер бар еді. Барлаушыға тән сезімталдықпен тым үрейлі көрінген тыныштықтан секем алған, онысы бекер болмапты. Қоршауға түсті, жан-жақтан шеп құрып атысқа кіріскен. Шамамен он бестей жау жалдамалысы оқ жаудыра бастады. Ұрыс үш сағатқа созылды, соғыс көрген тәжірибелері босқа кетпеді. Өлісін де, тірісін де тастай қашқан қарсыластарға қалай соғысу керек екенін дәлелдеді. Душман бекінісіндегі кетуге үлгермей қалған жалдамалы швейцариялық мерген қызды қолға түсірді. Бірақ осы ұрыста жауынгерлері Беляев пен Яковлев кеуде тұсынан, өзі қолынан жарақат алды. Күп болып іскен қолымен Ташкенттегі №340 госпитальға жеткізілді. Екі айдан соң, өзіне-өзі келе бастағаннан кейін, Сочиге демалуға жіберілді. Соңынан, 1985 жылдың желтоқсан айында әскерден босап, біржола елге қайтты.
«Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Интернационалист-жауынгер» грамотасымен марапатталды.
Бейбіт өмірге араласқасын оқуын жалғастырып диплом алды. Қазіргі уақытта Қазалы аудандық әскери комиссариатында жұмылдыру бөлімшесінің жұмылдыру ресурстарын есепке алу және мемлекеттік қызмет көрсету инспекторы. Жары Сәуле Махамбетова екеуі жоғары білім алып, қызмет тетігін ұстап жүрген үш ұл, бір қызынан өрбіген немерелерінің қызығын көріп отыр.
Қазалы ауданы