Қазалы аудандық партия активінің отырысы өтті

Бүгін «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының актив жиыны өтті. Мәжіліске арнайы облыстық филиалдың Атқарушы хатшысы Ләйлә Бегалықызы Төрешова қатысты.
Актив отырысын жүргізген партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш бүгінде «AMANAT» партиясы жаңа сапалық деңгейде нақты әрі нәтижелі жұмыстарды жүргізіп жатқанын айтып, аталған бағыт бойынша аудандық партия филиалымен қолға алған шараларды және 2024 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Өткен жылы партияның сайлауалды бағдарламасын ауданымызда іске асыру аясында бірқатар нысандар халық игілігіне табысталды. Абай ауылына көгілдір отын қосылып, шалғайдағы Кәукей ауылында жаңа 100 орындық клуб өз жұмысын бастады. Әлеуметтік осал топтағы бірқатар азаматтарға көппәтерлі тұрғын үйлердің кілті табысталды. Мұнан бөлек, партия алаңындағы қоғамдық қабылдауға тіркелген 715 өтініштің 78% оң шешімін тапты. Алдағы уақытта осы секілді нәтижелі жұмыстар белсенді жалғаса береді», - деді Ғазиз Әлмәмбетұлы.
Мұнан соң Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әділбек Сарабеков пен «Орталық» бастауыш ұйымының төрағасы Совет Бабанаев өткен жылда атқарылған жұмыстарды баяндаса, ал партия атынан ұсынылып сайланан Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы хабарлама жасады.
Өз кезегінде облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова сайлаушылардың талап-тілегіне негізделген партия жұмысының жеті басымдығына тоқталды.
«Сайлауалды бағдарлама - бұл біздің халық алдындағы уәдеміз. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын әзірлеу барысында әрбір сайлаушының талап-тілегі ескеріліп, жасалды. Сондықтан бұл құжатта қамтылған әрбір тармақтың орындалуы өте маңызды. Осы негізде партия халықтың сеніміне ие болып, нақты әрекеттер арқылы өз міндеттемелерін орындауға дайын екенін көрсетеді», - деді Ләйлә Бегалықызы.
Партиялық актив отырысын қорытындылаған партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, партия ардагері Самұрат Имандосов жиын қатысушыларын еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сәйкес, партияның барлық ресурстарын біріктіріп, белсенді түрде жұмыс істеуге шақырды.
#AMANAT