Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескірмейтін естелік: Құнды қобдиша мен тарихи түйреуіш

Ескірмейтін естелік: Құнды қобдиша мен тарихи түйреуіш

Талай талантты, дарынды жанды дүинеге әкелген қасиетті Қазалы топырағында аты мәшһүр Мұратбаевтың да туғаны көпке аян. Жалындап өткен жас ғұмыр туралы сан мәрте мақала да, жыр да жарық көрді. Бар болғаны 23 жыл өмір сүрген Ғани замандастарының алды болғандығы да баршаңызға белгілі. Жігерлі жас Қазалыдағы қазіргі №16 мектепті бітірген соң бар уақытын білім алуға жұмсаған.
Ол Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін, Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген. 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеген. 1924 – 1925 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастародағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды.
Әттеген-айы Ғанидың ғұмыры ерте үзілді. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді. Ғ.Мұратбаев Хорезм республикасының «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді. Бүгінде Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі Ғаниға тиесілі талай жәдігерді, құнды құжаттарды, тарихи туындыларды көздің қарашығындай сақтап отыр. (басынан бастап, осы жерге дейін бірінші бетке)
(осы жерден бастап төртнші бетке) Бұған дейін музейде сақтаулы тұрған «Ғани тұтынған кілем» туралы талай мәрте жазылды. Ғани оқыған ғимаратты да оқырман назарына ұсындық. 1914-1917 жылдары Ғани Мұратбаев Қазалы қаласындағы Жамбыл Жабаев көшесі №41 мекен-жайында орналасқан №16 мектепте білім алған. Ғани оқыған бастауыш мектеп ғимараты Қазалыдағы архитектуралық ескерткіштердің қатарында. 1984 жылы Казреставрация институты есепке алып, құжаттарын дайындаған.
Ал бүгін Ғанидың жары Бақытжан Құрманбайқызы қолданған қобдиша мен түйреуішті көруге арнайы бардық. Мұнтаздай тап таза музей ішіне бас сұққанымызда өткен ғасырға шегініс жасап, керемет көрініске куә болдық. Ғимараттағы әрбір заттың мәні зор, мағынасы тереңде жатыр. Музейдің ғылыми қызметкері Ақерке Мирамбекқызы, зал қараушы Төлеш Тұрғанқызы әрбір жәдігерге жеке-жеке тоқталып, тың деректермен таныстырды.
Көлемі 11x16 см болатын қобдиша зергерлік бұйымдарды сақтау үшін арнайы жасалған. Материалы органикалық шыны, металлдан. Қошқар мүйіз өрнектерімен әшекейленген. Төрт аяқты, аяғының жоғарғы жағы күмбез тәрізді. Қақпағына темір топса салынған. Топсаның бас жағы қошқар мүйіз тәрізді етіп жасалып, майда шегемен бекітілген. Құлып үшін жасалған кекілінің ұшы жоғары қарай қайырылған. Астары қызыл барқытпен қапталған. Шап-шағын қобдиша әсемдігімен көз тартады.
Музейдің ғылыми қызметкері Ақерке Бердібай берген мәліметке сүйенсек, Бақытжан Құрманбайқызы 1907 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. Ғанимен 1924 жылы отау құрады. Ғани қайтыс болғаннан кейін Ғанидың өкіл інісі Жұмағали Елеусізовке тұрмысқа шығады. Одан екі балалы болады. Қызы Розадан туған баласы Серікті Ғанидың атына жаздырады. Бақытжан Құрманбайқызы 1992 жылы Ғанидың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 2 маусымда қайтыс болады. Ол пайдаланған қобдиша мен таққан түйреуішті баласы Серік музейге сыйға береді. Бақытжан Құрманбайқызының көзі – түйреуіш металдан екі жағына қарай қанат тәрізді құйылып, дәл ортаға ақ көз бекітілген. Астыңғы жағында топсалы қыстырғыш бар. Түйреуіштің көлемі 4,7x0,5 см, диаметрі 12 см. Бұл ескірмейтін естеліктер музейге 2002 жылы 1995-2005 жылдар аралығында музей басшысы болған Дана Сабырбаеваның ұйытқы болуымен жеткізілген.
Музей ұжымы әрбір туындыға ыждаһаттылықпен қарап, ұқыптап ұстайды. Тіпті былтыр республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, музейге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жерасты бөлмелері қалыпқа келтірілген. Болашақта экспозициялық залдарға айналдыруды көздеп отыр. Ғимарат ішінен өз идеяларымен арнайы бөлме де жасақтаған. Бұл Ғанидың бөлмесі аталды. Бұнда сол кездегі тұтынған заттар мен бұйымдар қойылған. Тарихтан сыр шертетін бөлмені тамашалаушылар қатары да күннен күнге артып келеді.
– Өткен күн – бүгінгі тарих. Оны келешек ұрпаққа жеткізу, насихаттау, санасына сіңіру жолында біздің ұжым аянбай еңбек етіп келеді. Әрқашан тың дүниелерді халыққа таныстыруға, көрсетуге ұмтыламыз. Музей – киелі орда. Бұнда талай тарихтың куәсі бар. Әлде де құнды жәдігерлер қорын молайтуды көздеп отырмыз. Музейге келіп, қыр-сырымен танысамын деген кез келген қонаққа есігіміз айқара ашық, – дейді музей директоры Роза Асанова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
09 ақпан 2025 ж. 225 0

Керек дерек

21 ақпан 2025 ж. 31

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728