Өзекті не? Өзгерген не?
Фото: Н.Нұржаубай
Қоғамның басты құндылығы – адам десек, оның саулығы қоғам алдындағы өзекті мәселе. Қай кезде де даму көрсеткіші сол мемлекет тұрғындарының жағдайы, өмір сүру ұзақтылғы және сапасымен өлшенеді. Денсаулықты зор байлыққа балайтын қазақстандықтар бұл бағытта қандай көрсеткіш биігінде? Жұртшылық денсаулығына жауапты министрлік заңнамалық тұрғындан жүйені сапалы, заңдарды тиімділігі арқылы қызмет қолжетімділігін қамтамасыз ете алды ма? Нормативтік құқықтық актілердің орындалу сапасы қандай? Өзекті не? Өзгерген не? Байыптадық.
Цифрландыру – уақыт талабы
2025 жыл денсаулық сақтау саласы үшін реформалар мен жаңа өзгерістерге толы болды.
Атап айтар болсақ, біршама құжаттар сандық жүйеге көшірілуде. Мәселен, санитарлық кітапшалар мен медициналық анықтамалар алу үшін қағазға қол қойып, мөрлеп, толтырудың қажеті жоқ. Базалық мәліметтер қажетті деректерді толықтыруға негіз болады. Аталмыш тетікті енгізу азаматтарға құжатты бірден бірнеше ұйымға ұсынуға мүмкіндік бере алады. Өзгеріс олардың қаражатын мен уақытын айтарлықтай үнемдейді. Қазіргі таңда елімізде 1,6 миллионға жуық тұрғынның санитарлық кітапшасы барын ескерсек, бұл оңтайлылық екенін ұғынуға болады.
Жыл ішінде төмендегідей анықтама түрлерін де цифрлық форматқа көшіру қолға алынуда. Олар: еңбекке жарамсыздық парағы, 075/у «Медициналық анықтама», 026/у «ДКК қорытындысы», 073/у «ТҚ басқаруға рұқсат беру туралы анықтама», 069/у «Санаторий-курорттық карта», 052-2/у «Бала денсаулығы паспорты», 076/у «Қаруға рұқсат алу», 038/у «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтамалар». «еDensaulyq» бөлімінде медициналық деректерге сақталған құжаттар «eGov mobile» қосымшасы арқылы жолданады.
Өзгерістер қатарында балаға екпе салуға рұқсат беру немесе бас тарту да электронды түрде тіркелу қолға алынуда. Екпе алған адам жағдайына байланысты шағымданса, мамандар дереу көмек көрсетіп, электронды хабарламаны тиісті органдарға тапсыру міндеттелген.
«Бір күндік клиника» – қандай клиника?
Ұсынылған жаңа бастаманың бірі – «Бір күндік клиника» жобасы. Қазақстанда ана мен балаға қамқорлық аясы жыл санап ұлғайып келеді. Жүкті әйелдерді тексеру кезінде инновациялық әдістерді кеңінен қолданып, нәтижесінде сәбилердің туабітті қиындығы мен патологиялық ауытқуларды ерте анықтауға мүмкіндік беруді мақсат тұтқан қанатқақты жоба нәтижелі жұмыстарға бастау болмақ.
Еуропалық ұрық медицинасы қорының халықаралық стандарттарына сәйкес, 200-ге жуық дәрігер пренаталдық ультрадыбыстық диагностика сертификатын алса, 20 маман медициналық генетика маманданған. Ресейлік жетекші «Отто» клиникасында алғаш рет 20 өңірден 50 пренатолог тәжірибеден өткен.
Халық саны мен туу көрсеткіші басым Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарының жеті өңірі кірген жоба үлгісі қазір бүкіл Қазақстанға таратылуда.
Бүгінге дейін бұл мүмкіндікті 35 мыңнан астам әйел пайдаланып үлгерген.
Сонымен қатар алғаш рет «Ұрық медицинасы» жобасы іске асырылуда. Тиімді ем-шаралар арқылы ұрықтың ерте даму жағдайларын емдеуге және түзетуге мүмкіндік бар.
Айта, айта Алтайды...
Жақында бір адамға 32 түрлі қызмет көрсетілгенін сынаған мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұрын науқастың жалпы қан талдамасына қарап, ем тағайындайтын дәрігерлер буын ауруларының жағдайын анықтарда рентген, компьютерлік томография, ультрадыбыстық тексеруге жіберудің барлығын ақша табу амалы десе, әріптесі Нартай Сәрсенғалиев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүйелеп, нақты жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, тоқтата тұруды ұсынды.
Өздері жүзеге асырып жатқан жұмыс ақ халаттыларға да салмақ салуда. Айтуларынша, алты жылда өзгерген айтарлықтай ештеңе жоқ. Медицина мамандары өз міндеттіліктерін екінші орынға қойып, ақпараттық-насихаттық жұмыстарға белсене кіріскен. Күн сайын келуші тұрғындардың да МӘМС туралы бұрыс көзқарасы қазіргі сәтте санаға салмақ салғандығын жеткізеді.
Біткен іске сыншы көп
Ал қызылордалық Айгүл Арықбаева бұл пікірге қарсы.
«Әр нәрсенің құны болуы керек. Мен жолдасымен ұрысып қалса, жедел жәрдем шақыратын немесе бастығын қорқыту үшін осы қызметке жүгінетін адамдарды білемін. Оның барлығы мемлекет үшін шығын. МӘМС те сондай. Жұмыс беруші қызметкері алдына жауапкершілік алуы керек. Әрбір сақтандырылған адамның денсаулығына көңіл бөлу мүмкіндігі артады. Сақтандыру арқылы өткен жылы анам күрделі отаны тегін жасатты. Өзім де тексерілу арқылы сүт безі қатерлі ісігінің алғашқысы сатысы барын анықтауға мүмкіндік алдым. Айтарым, «Біткен іске сыншы көп». Жұрттың сөзіне ермей, мүмкіндік беріліп тұрғанда, тиімді тетігін тауып, емделіп, тексерілген дұрыс. Денсаулық әр адамның өзіне керек.
Жаңалық маңызы ма, денсаулық па?..
–Қаңтар айында ауырып, өзім тіркелген емханаға бардым. Сол жерде кездескен екі жағдайды жеткізейін. Алғашқысы, әр кабинетке кірген сайын камераға түсесің. Түсінемін, шетелден келген үлгі шығар. Бірақ онсыз да алдын-ала жазылып келген адамды қайта нақтылаудың не қажеті бар? Қосымша шығыннан бөлек қосалқы жұмыс. Енді жүйені қолданысқа берген екен, интернет жылдамдығын неге арттырмайды? Бір науқастың суретке түсуі үшін 45 минут компьютьер айналғанын айтты бұл жердегілер.
Екіншісі, сол мекемеден зейнетке шыққан зейнеткердің тегін берілетін дәрісін ала алмай тұрғанына куә болым. Мәселе әженің «Каспий» қосымшасы болмауында екен. Кімді алдаймыз? Бізге жылтыр жаңалық қажет пе, әлде жақсы денсаулық маңызды ма? – дейді Алмагүл Қайырбек.
Үш айдан кейін МРТ-ға түсемін
Айдос Айдарбек есімді қызмет алушының пікірі бізді таң қалдырды.
– Жаңа жылдан бұрын белім ауырып, дәрігерге келгенмін. Жіберген орны жылдың соңында дәрілер толық болмайтынын жеткізді. Содан соң УДЗ аппаратына түсу үшін 1 ай, МРТ-ға түсуге 3 ай уақыт күтуім керегін білдім. Әзірге өзімнің айтқан шағымым бойынша ем-дом алады екенмін. Дәрігерлерді кінәлаудың қажеті жоқ. Тапсырма солай. Тәртіпке олар да бағынады. Айына санаулы адамға жолдама беріледі. Қалған уақытта құрылғы бостан-бос тұра береді. Жаңа Қазақстан деген осы ма? Сандалудан шаршаған адам ендігісін Аллаға аманаттап, өзін тіктеп алады. Біздегі қызметтің сыйқы осы. Сақтандыруды кім үшін төлеп жатырмыз? – дейді ол.
Жедел жәрдемге май алып берді
– Қазір қандай екенін білмеймін, осыдан екі жыл бұрын шалғайдағы ауылда тұратын келінім толғатқанда, ауданға жеткізу үшін медициналық мекеменің көлігіне жанар май алып беру керектігін естіп, «жаға ұстадым». Жедел жәрдем бар. Ал оның майы шешілмеген. Естімеген елде көп. Келіншекті алып келген акушер асығып тұрғанын көріп, себебін сұрағанымда, әлгі жедел жәрдемнен қалып қойса, таксиге қалтасынан ақша шығаратынын айтты. Тағы бір білгенім, ауылдың барлық аналарына жауапты акушер жарты жүктемемен жұмыс істеп жүр екен, – дейді Бақытгүл Ерғалым.
Тәшкен деп табан тоздырып, Түркияға телміріп, Кореяға асуға асықпаңыз
Созылмалы науқаспен туылған баланың әкесі Айбар Нұрақын (аты-жөні өзгертілді) дауа іздеп шетел асудың қажеті жоғын айтады.
«Ауырған сенделеді, жалалы сенделеді» деген сөз бар қазақта. Кенже ұлымның дертіне дауа іздеп, шет елдердің талайына барғанның бірі мен. Алғаш түркиялық дәрігерлер баланың құлан-таза айығуына мүмкіндік барына кепіл берді. Аз-кем жинаған ақшаны алып, бардық. Айтарлықтай өзгерген ештеңе жоқ. Одан кейін көршілес Тәшкенді бетке алдық. Мұнда да 8 рет ем алғаннан жазылатынына сендірген клиникаға 4 реттен кейін барудың қажеті жоғын ұғындым. Сұрай, сұрай, қарызданып, Сеуілге де бардық», – деп бастады әңгімесін.
Арманның әкесі шетелдерде ем алған соң өзгеріс орын алғанын жасырмайды. Дегенмен ондай мүмкіндік мұнда да барын айтып қалды.
«Түсінгенім, бізде жақсы мамандарға қолдау жоқ. Жүктеме еселенген үстіне еселене береді. Дәрігерлерді қағазбастылықтан, қосымша тапсырмадан арылтса, алаңсыз жұмыс атқарар еді. Мойындарында мыңдаған жұмысы бар адамнан қандай жақсы нәтиже күтесің?», – дейді. Айбар біздің медицинаға қызмет көрсету жолға қойылмағынын айтады. ««Бізді қазақстандықтар байытады» дейді екен өзбекстандық дәрігерлер. Бизнес көзі. Сервис пен жақсы қарсы алуды қазақстандағылар да меңгерсе, қыруар қаржы сырт елдерге аспас еді», – деген көзқарасын да жасырмады.
Сапа емес, сан маңызды
Ерқабыл Жанділдә порталдың «жыры» бітпейтінін айтады.
– Түсінемін, ауданда, аумақтық медицинаның қолынан келмейтін, күші жетпейтін ауыр науқастарға ол міндетті түрде керек. Ал кезекті ауруханаға жатқызуға порталдың не қажеті бар? Мысалы, бір дәрігерге аптасына осынша адам көрінуі керек деген жоспармен жұмыс істеледі. Сонда еліміз ұстанып отырған бағыт – сапа емес, сан ба? Онда МӘМС төлеуді де міндеттемесін. Ай сайын «құмға» құйылып жатқан қаржыны жинап, өзіміз қалаған жақсы медициналық мекемеге барып емделейік. Ал міндеттелді екен, қызмет те соған сай болуы керек, – дейді ардагер.
Ауылда алшақтық болмайды
2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдан бастап «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.
Пилотты жоба барысында ел бойынша 655 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Жоба 3 міндет бойында жүзеге асады. Біріншісі, 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу. Екіншісі, бұған дейін жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи ауданаралық көпбейінді орталық аурухананы ұйымдастыруды қамтитын ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру. Сонымен бірге ауылдарды медициналық кадрлармен қамтамасыз етуде тыс қалмаған.
2024-2025 жылдары ұлттық жобаның 2 бағыты бойынша өңірлер 486 дәрігермен және 323 орта медицина қызметкерімен қамтамасыз етілетін өткен жылы министрлік жеткізген болатын. Өңір қаражаты есебінен шешілетін әлеуметтік пакеттер жайына да үңілдік.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың сұхбатына зер салсақ, өкен жылы аталмыш жүйе аясында 99 нысан бой көтерсе, биыл 361 емдеу мекемесі іске қосылған. Жыл соңына дейін 25 объекті салынып бітеді деп күтілуде. 32 ауданарық аурухананың 7-уінің басталған қосымша құрылыстарына күрделі жөндеуге 3,8 миллиард теңге бөлініпті. Жобасы дайын 10 ауруханаға жергілікті атқарушы органдармен тиісті бюджеттік өтінім әзірленген. Жоспарлау сатысында 7 жоба кезегін күтіп тұр.
Ақмарал Әлназарова 8 миллионға жуық ауылдағы ағайын арасында алшақтық жоғын айтады.
Министр соңғы жылдары қазақстандықтардың өмір сүру ұзықтығы 3 жылдан 1,1 жыл 9 айға ұлғайғанын жеткізді. 2029 жылға дейін қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізуді мемлекет мақсат қойып отыр.
Қазіргі таңда қан айналым бұзылысы сырқаттары бірінші орында тұрса. Мұнан кейін тыныс жолдары аурулары алаңдатуда. Онкологиялық науқастар, өкінішке орай, үштікті толықтырып тұр.
Өткен жылы дау болған тегін дәрі-дәрмектер тізімін қысқарту жайы әзірге өзгеріссіз. 2024 жылы 2 миллион 400 мың диспансерлік есептегі азамат тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізген. Жыл басында, жыл соңында түгесіліп тапшылық болмайды деп күтілуде. Себебі биыл дәрі сатып алу ісі бұрынғыдан екі ай бұрын жүзеге асқан.
Көш жүре түзеледі десек те...
2025 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ағымдағы жылға сатып алу қорытындылары жарияланымын негізге алсақ, науқастар 1900-ден астам клиникададан көмек ала алады. Оның ішінде 1200 жекеменшік клиника қызметі бар.
Медицина мамандарын даярлау мәселелері де маңызды. Пандемия бұл прблеманың барын сүттің бетіне шыққан қаймақша айқындап көрсетіп берді.
Биылдан бастап жедел жәрдем, қан қызметі, туберкулез, психиатрия, АИТВ-инфекциясы бойынша қызмет сатып алу рәсімінсіз жүргізіледі.
Қаражаттың басым бөлігі амбулаториялық деңгейдегі медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және колоректалды обырға арналған 3 түрлі скринингтерге және В, С гепатиттерін ерте анықтау скринингіне қаржы қарастырылған.
Облыста да орындалған оңтайлы істер бар. Өткен жылы аймақ басшысы сынға алған ана мен бала өлімінің көрсеткіші айтарлықтай кеміген. Озық технологияларды меңгеруде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін артқан. Күрделі оталар жасау көлемі көбейген. Аудандарда ангиограф, КТ, МРТ секілді аппараттарымен жабдықталған. Медицина қызметкерлерімен қамтылуда Қызылорда Республика бойынша алдыңғы қатарда.
Осындай түрлі көрсеткіштерге қол жеткізсек те, әлем елдері денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша «Sword» журналының 2024 жылдың қорытындысын жарялағанда, Қазақстан медицинасы 110 елдің арасында 78 орынға табан тіреген. Индексті есептеу кезінде денсаулық сақтау мамандарының білімі, медициналық жабдықтардың сапасы, дәрігерлердің біліктілігі, қызмет көрсету бағасы және тағы басқа факторлар назарға алынған. Анықталғандай, Жапонияның Оңтүстік Корея, Тайуан елдерінің денсаулық сақтау жүйесінде үздіктер үштігінде. Ал ең төменгі көрсеткіш Венесуэлада тіркелген. Айта кетерлігі, ТМД елдері арасында еліміз көш басында.
Халық денсаулығын жетілдіру – мемлекеттік саясаттың жетекші бағыттарының бірі. Бұл орайда лайықты маңыз бөлініп, салауатты қоғам қалыптастыруда денсаулық сақшылары билік пен бұқара арасын бөлуге емес, біріктіруге күш жұмылдырса етті деген пікір әрбір қазақстандықтың көңілінде көкіп тұр.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА