Өз саласының маманы еді
Жақында облыстық энергетика саласына еселі еңбегі сіңген азамат Қуанышбай Ердіхалықовтан айрылып қалдық. Ол өз ісінің шебері, барлығымыз үшін үлгі болған асыл азамат, мейірімді, кең жүректі жан еді.
Еңбектің қадірін, адалдық пен ізгілікті бәрінен жоғары қоятын. Өзінің кәсібилігі, терең білімі, шынайы жанашырлығымен ерекше құрметке ие болды. Қарапайымдылығы мен адамгершілігі баршамыздың жүрегімізде ерекше орын алатын.
Қ.Ердіхалықов 1960 жылы мектеп бітіріп, комсомолдық жолдамамен ауыл шаруашылығы училищесіне қабылданады. Алғашқы еңбек жолын тракторист болып бастап, тың игеруге қатысады. 1963-1966 жылдары әскери борышын өтейді.
1973 жылы Алматы Энергоқұрылыс техникумын, 1980 жылы Ауыл шаруашылық институтын бітіреді.
1966-1970 жылдары Алматы Құрылыс монтаж тіресінде жұмыс істеп, 1973 жылдан бері Арал аудандық электр жүйесінде электрослесарь, диспетчер, мастер, инженерінен бастықтың орынбасары, аудандық электр қуатын тарату бөлімінің бастығы қызметіне дейін жоғарылайды.
1998 жылдың сәуір айынан бастап, өзі құрған “Дәулетэнерго” ЖШС директоры болып 2022 жылдың соңына дейін 25 жылға жуық уақыт басқарады. 2013-2023 жылдары серіктестіктің Қазалы филиалының тізгінін ұстайды.
Еңбегі еленіп, 2008 жылы Қазақстан Энергетиктер қауымдастығының ұсынысымен “Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген Энергетигі” атағы, 2010 жылы «Ардагер Энергетик» төсбелгісін алады. Арал ауданы экономикасына қосқан елеулі еңбегі үшін Арал ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Зейнетке шыққаннан кейін де жұмыс барысын үнемі бақылап, өзінің ақыл-кеңесін айтып отырады.
Ол қалдырған жарқын істер, игі амалдар мен жақсы естеліктер бізбен мәңгі қалады. Біз оның өмірлік қағидаттарын сақтап, жарқын есімін мәңгілік есте ұстаймыз. Жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болсын.
«Дәулетэнерго» ЖШС Қазалы филиалы ұжымы