Депутат сотталған әйелдерге амнистия жариялауды сұрады
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлына депутаттық сауал жолдап, сотталған әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Мәжілісмен ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар. Ал, 1500-ден астам бала анасыз қалып, 100 ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген.
«Сондықтан Ауыл партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады. Мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.Көп жағдайда отбасыдағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. Ана алақанның аясы- ақ шынардың саясы деген сөз бар», деді Қарақат Әбден.
Осыған орай, депутат сотталған әйелдерге амнистияны қолдануға қажет төмендегідей критерийлер жобасын ұсынды:
Зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
Жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
Көп балалы әйелдер;
Алғаш сотталған әйелдер;
Жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
Бұл ретте Қарақат Әбден ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибеден жеткілікті мысалдар келтірді. Мәселен, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Ал, Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Ресей Президенті 2023 жылы әйелдерге амнистия жасау туралы идеяны қолдады.
«Жалпы, әйелдерге амнистия жасалса, еліміздің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды, балалар үйлеріне түсетін жүк төмендейді, әлеуметтік шиеленіс азаяды, мемлекетіміздің адам құқықтары мен отбасыны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанатынын растауға мүмкіндік туады. Аталған шара отбасылардың қауышуына, анасынан ажыраудың балаларға тигізетін салдарын азайтуға септігін тигізіп қана қоймай, қылмыстық саясатты ізгілендіру жолындағы маңызды қадамға айналады. Отбасы үшін, қоғам мен мемлекет үшін бұл шешімнің ұзақ мерзімді оң әсері болмақ. Сондықтан, әйелдерге өз отбасылары мен балаларына оралуына мүмкіндік берейік», деді Қ.Әбден.