Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт саласындағы соны тірлік

Спорт саласындағы соны тірлік

Апта басында Қазалы ауданы бойынша барлық дербес бөлімдер мен мекеме-кәсіпорын басшыларының өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифингі жалғасын тапты. Бұл жолы ауданның дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Орысбек Жамшейтов ұлу жылы аталмыш саланың атқарылған жұмысы мен жетістіктерін баяндады.
Президентіміздің, Үкімет басшысының және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен соңғы жылдары өңірімізде заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Облыс орталығы Қызылорда қаласында үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Оған қоса халықаралық стандарттарға сай, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен 10 мың орындық жаңа стадионның құрылыстары жүргізілуде. Бұл нысандар халықтың әсіресе жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған. Осы бағытта ауданда да спорт саласын қолдау жұмыстары қарқынды жүріп келеді.
Мәселен, өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында спорт кешенінің құрылысы қарқын алды. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Шынар Өтегенованың 200 орындық «Әмір арена» спорт кешенінің де лентасы қиылды. Спорт кешенде күрес залы, ауыр атлетика залы, футбол, баскетбол, волейбол, қол добы арналған зал бар. Аталмыш аренада аудандағы спортсүйер қауым апта сайын бас қосып жүр.
Жалпы бұқаралық спортты дамытудың негізгі көрсеткіші – тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Бұл бағытта 2024 жылы ауданда жүйелі дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар үлесі – 40%, яғни 32 141 адамды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда – 14,6% немесе 5214 адамға артқан көрінеді. Мұны бөлім басшысының өз аузынан естідік.
– Иә, өткен жылы ауданда спортпен шұғылданушы азаматтар саны 5214-ке көбейіп, 32141-ді құрады. Бұған аудан азаматтарының салауатты өмір салтына жақын болуы себеп болып отыр.
Енді жылдың жемісті жетістіктеріне тоқталсам, Париж қаласында өткен жазғы ХХХІІІ Олимпиада ойындарында жерлесіміз Абылайхан Жұбаназар дзюдо күресінен бақ сынады. Өкінішке қарай үздік үштікке көріне алмадық. Десек те жас спортшыға артар үміт зор. Бұған дейін аудан атынан Марина Вольнова 2012 жылы Лондонда өткен олимпиадада қола жүлде иеленген еді.
Өздеріңіз білетіндей жыл аяғы біздің сала үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Дәлірек айтсақ, Тайланд елінде әйелдер арасында бокстан Азия чемпионатында Гүлсая Ержан чемпион атанды. Оған қоса Катар мемлекетінде өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Алтынай Тәңірбергенова ІІ орын иеленді. Ал Ташкент қаласында өткен қол күресінен Пара-Азия чемпионатында Данияр Бөлекбай ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар Қарағанды қаласында өткен бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатында Ақбота Болат ІІ орын алса, Ақтілек Орынбасар ІІІ орын иеленді.
Қортындылай келе, аудан спортшылары Әлем чемпионатында 1 алтын, 4 күміс, 7 қола, Азия чемпионатында 3 алтын, 2 күміс, ҚР чемпионаттарында 30 алтын, 28 күміс, 47 қола медаль иеленсе, Халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда 28 алтын, 42 күміс, 61 қола медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар 1 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, тағы бір спортшымыз Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Тағы Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер 48 спортшы атанса, 22 спортшымыз спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командасына енді.
Жоғарыдағы сандарға қарап, аудан спортының жылды жемісті һәм жеңісті қорытындылағанын аңғаруға болады. Дегенмен біздің сала бұл жетістіктерге тоқмейілсімей, биыл өткен жылғы межеден жоғары дәреже көрсетуді жетуді мақсат тұтатын боламыз, – деді бөлім басшысы.
Өткен жылы ауданда жалпы саны – 95 бұқаралық спорттық іс-шара өткізілген. Оның ішінде республикалық турнир – 8, облыстық турнир – 12, аудандық турнирлер мен жарыстар – 75.
Жалпы қалалық, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері арасында дене-шынықтыру, спорттық бұқаралық жұмыстарды жолға қоюға бағытталған байқаудың 2024 жылғы қортындысымен 83 ұпаймен Қазалы – аудандар арасында үздік үштіктен көрінген.
Қазіргі таңда ауданда салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін – 1 стадион, 2 спорт мектебі, 1 спорт клуб және 3 спорт кешені қызмет етеді. Алдағы уақытта Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында құрылысы қарқынды жүріп жатқан спорт кешенінің жұмысы биыл тәмамдалып, ел игілігіне берілмек.
– Өткен жылы аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлының бастамасымен ауданда біршама жобалар қолға алынды. Соның ішінде Әйтеке би кентіндегі Жеңіс саябағы қайта аббаттандырылуда. Қазіргі таңда саябақта спорт кешенінің, спорттық алаңдар мен тренажерлік алаңдар, жеке кәсіпкердің демеушілігімен жабық бассейін құрылыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар биыл пайдалануға берілмек.
Бүгінгі күні доп қуған ойын баласы үшін жылы маусымда жасанды алаң таптырмас орын. Жалпы аудан бойынша – 56 жасанды алаң бар. Оның ішінде – Әйтеке би кентінде 23 жасанды алаң, Қазалы қаласында 4-уі болса, 29 жасанды алаң ауданға қарасты ауылдық округтерде орналасқан. Спорт алаңдарға көктем-күз мезгілдерінде сырлау жұмыстарын жүргіземіз, оған қоса жасанды алаңдар кезең-кезеңімен аустырылып тұрады.
Қазалы ауданында ұлттық спорт түрлері жыл сайын тұрақты түрде дамып келеді. Атап айтар болсақ, тоғызқұмалақ, көкпар, аламан бәйге, қазақ күресі, асық ату бес асық ұлттық спорт түрлерінен спортшыларымыз жақсы жетістіктерге жетіп жүр, – деді дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы О.Жамшейтов.
Мұнан соң Орысбек Қаниұлы туризм саласы бойынша да бірқатар жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар бөлімнің алдағы мақсат-міндеттерін де айқындады.
– Өткен жылы спорт саласының атқарған, жеткен жетістігі аз емес, десек те алға қойған мақсат-міндеттер көп. Атап айтқанда, Қазалы ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 41%-ға жеткізу, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін дамытуды да әрі қарай жалғастырмақпыз.
Одан кейін Ғани Мұратбаев, Қарашеңгел ауылдық округтеріне дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жоба-сметалық құжаттармалары жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген спорт кешендерінің құрылыстарына қаржы бөлдіру жұмыстарын да қолға алсақ, Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді міндеттер алда тұр, – деді ол.
Бүгінде Қазалыда спорт саласы қанатын кеңге жайып, дамып келеді. Тіпті ауыл-аймақтарда да бұл сала қарыштап, қадамын нық басуда. Халықты салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шаралар артып, спортпен шұғылдану мүмкіндіктері де жетерлік. Ендеше аталмыш салаға жылдағы қалпынан таймай, ауданның, еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағын желбіретер істе тек қана жеңіс тілейміз.
Серік АҚМЫРЗА
25 қаңтар 2025 ж. 215 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031