Бизнесті кез келген жерден бастауға болады
Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті кәсіпкерлер туралы тұрағанымызда, алып-сату, мал, егін туралы деректерге қанығатынбыз. Қазір шағын елді мекендердің өзінде жоспарын жүзеге асарып, туған жердің түлеуі, тұрғындардың қолжетімді өніммен қамтылуына атсалысып жүрген жандар жеткілікті. Соның бірі Бірлік ауылында тұратын Жәнібек Тоқмырзаев.
Алғаш рет кәсіп бастап отырған азаматтың таңдауы құрылыс материалын дайындау ісіне түсіпті.
Ауылдық округ әкімдігінде көлік жүргізушісі болып істейтін жігіт маңызы шешім қабылдауда ұзақ ойланады. Елдің жағдайы жақсарып, күнделікті жаңа нысандар салынып жатқанда, трендтегі тірлікке тәуекел ету туралы ұсынысын алғаш ағасы Алматқа жеткізеді. Жастайынан еңбекті сүйіп өскен отбасындағы төрт ұл үшін жұмыс істеу, жаңа өзгеріске бейімделу қалыпты жағдайға айналып үлгерген. Себебі ауылдастар Тоқмырзаевтарды еңбексүйгіштігімен үлгі тұтады.
Ағасы да інісіне қолдауын сезіндіріп, көмек қолын созуға даярлығын жеткізеді. Ата-анасы Жақсылық пен Нұржамал да білгендерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтады. Әп-сәтте үй ауласындағы жаңа көлік тұрағы шеберханаға айналады.
Тәжірибе ретінде мамандану үшін Жәнібек ақысыз осы салада ісін бастаған орында жұмыс істейді.
Бұл туралы кейіпкеріміз:
«Көзбен көріп, қолмен істеу үлкен сезім. Олай болмаса, бүгінгідей жұмыс ырғағына ілесу мүмкін болмас еді. Қазақта «Өнерді үйрен де, жирен» деген жақсы сөз бар. Соның түп-төркінін сезінгендей болдым. Ол үйрен де, жек көріп кет дегені емес, өзіңдікі болса тауып ал, ал қолыңнан келмесе, басқа әрекетке көш дегенді білдірсе керек. Аз күнгі тәжірибе өміріме үлкен өзгеріс әкелді», – дейді.
Ал құжаттандыру, несиеге қол жеткізу туралы көмекті әкімшіліктегі әріптестері нұсқама берген. Мүмкіндігінің жүзеге асуына «Ауыл аманаты» жобасы көмегін тигізген. Айтуынша, өзі секілді идеясы бар, қаржы көзін іздеп жүрген жандарға тиімді тетік.
Жоба сметалық жоспар түзіп, 2,5 процентпен 4 миллион кредитке қол жеткізеді. Грант арқылы өндіріске қажетті виброүстел, бетон араластырғыш, қалыптарды тапсырыспен алдырса, кептіруге арналған құрылғыны қолдан істеп алады. Қоспаға қосылатын шикізат цемент, майда қиыршықтас сырттан әкелінеді, құрамына жергілікті қоспалар да қосылады. Шөміш стансасы жерінен жеткізілетін әйнек шығаратын құмды пайдалану істі ілгерілетіп, сапасын артуына септігін тигізген.
«Жұмыс бастағаныма көп болған жоқ. Әзірге өз-өзімді қаржыландырудамын. Болашақта кәсібімнің көлемі ұлғайса, қосымша жандарды жұмыспен қамтуды мақсат тұтып отырмын», – дейді шебер бізбен әңгімесінде. Шағын цехта тақтастастың бірнеше түрі бар. Таңдауға еркіндік мол. Жеткізу, есептеу сынды жеңілдік түрлері де қарастырылған. Көздің жауын алатын «Қазақстанда жасалған» өнімнің шетелдіктерден бір мысқал кемтігі жоқ. Талапқа, талғамға орай тірлік ететін орындағы басты ұстаным сапа екендігін сезіндік.
Көпшілік «фасад» атайтын сәулет өнеріндегі құрылыстың не үй-ғимараттың сыртқы жағын қаптайтын қасбет қазір жаңа ныстандардың көркін келтіруде. Жылы. Тиімді. Тұтастанып келетін бөлікті білдірмей жалғауға, қандай түске бояуға да болады. Жабынды жұмыстың тезірек аяқталуына, қаржыны үнемдеуге де мүмкіндік береді. Өміршең өнертабысқа алдағы жазда үй салуды жоспарлап отырған тұтынушылар да тапсырыс бергенін білдік.
Істің қиындығы мен қызығы туралы сұрадық.
«Бұл шаршы тақталар қазір сұранысқа ие. Біздің өнімдер жылу және дыбыс оқшаулағыштығы, қыста жылу, жазда салқындық сақтауымен құнды. Құрылымындағы ауа тесіктерінің мөлшері жоғары болғандықтан, ғимараттың ішінде дыбыстық ыңғайлылықты қамтамасыз етіп, өрттен сақтауда, түрлі құрылымдарды ауа және соққы шуынан қорғауда шыдас береді. Қазір мүмкіндіктер уақыты. Ізденіп, тірлік етемін деген адамға табыс көзі кез-келген жерден табылады. Жігіт үшін қиынға соғатын жұмыс деп айта алмаймын», – дейді Жәнібек Жақсылықұлы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА