Қала паспорты неге алынды?
Қазалы ауданы дегенде ойыңа екі бірдей көркем орталығы оралады. Алғашқысы – тарихи Қазалы қаласы болса, кейінгісі – экономикалық көрсеткіштерімен маңызды аудан орталығы Әйтеке би кенті. Осы екі мекенді жалғастыратын, қазалылықтар үшін құнды ескерткіш мұраға баланатын белгі – қаланың паспорты бұл мекеннің өткенінен сыр шертіп қана қоймай, аудан бет-бейнесіне айналып үлгерген-ді.
«Қырында малы қаптаған, Сырында күріш баптаған» деп әндететін жергілікті жұрт үшін паспорт осы аумақтың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін маңызды мұрасы. Аудан туралы айтылғанда, кітап, баспасөз құралдары, тіпті төл брендіне айналған «Қазалы» кәмпитінде де осы бір паспорт бейнеленген болатын. Алыстағы сағынышын басып, жанында жүргеннің кеудесіне мақтаныш кернететін белгі бір күнде алынып тасталып, ел абдырап қалды.
Пікірлер сан саққа кетіп, халық ортақ мәміле таба алмай әуреленді. Жұртшылықтың дүрлігетін себебі де бар-тын. Бұған дейін Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығын қосу жайы ауданның даму жоспарында көрсетіліп, бастаманың басты жұмыстарының бірі жүзеге асырылып үлгерген. Қазірде қала мен кент арасы жақындаған. Оларды ажыратып тұрған паспорттың сол себепті алыну мүмкіндігі күмәнсіз емес. Ал, олай болған жағдайда қала, кенттік статустар қалай белгіленбек? Бұл туралы тұрғындардың бірі: «Қазалы қаласы өз мәртебесінен ажырамауы керек», – десе, екіншісі Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентіндегі салық, айлық жалақыда өзгеріс барын алға тартып, тиімділігін жеткізеді. Әлеуметтік желідегі, халық арасындағы қоғамдық пікірлерге қаныққан соң, кәсіби дағдымен Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеуге хат жолдадық. Қала басшысы біз қаузап отырған мәселеден хабардар екендігін айтып, алайда аталған жағдайға өздерінің қатысы жоқтығын жеткізді. Ендігі бағытымыз аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болды. Бұл жерден тапсырыс беруші Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы екенін анықтап, білдік.
Басқарма мамандарының жауабы көп ұзамай қолымызға тиді. Онда тұрғындардың дәл қазіргі сәтте алаңдауына негіз жоқтығы айтылған. Паспорттың алынып тастауының басты себебі – екі аралықтың қосылуынан емес, құрылыс жұмыстарына орай орын алған.
Бүгінде аудан орталығы мен қала аралығына заманауи, төрт жолақты жол салу ісі жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жобасында паспортты уақытша алу туралы көрсетіліпті. Жолдарды жаңартуда ауыр техникалар жүргізілетіндіктен, оған залал келуі мүмкіндігін болжанған. Екіншіден, жолдар кеңігендіктен, орнынан ығысуы тиіс және қажеттіліктен туған жағдай. Жоспарда қайта орналастыру қарастырылыпты.
Мұны біліп, алаң көңіл саябырсығандай болды. Алайда келешекте жүрекке жылу жаныңа қуаныш сыйлайтын туған жердің көркем белгісі ол орында бола ма, болмай ма, ол жағы уақыт еншісінде.
Алтын МЕЙІРХАН