Ісмерлікті игілігіне икемдеген
Қай кезде де тігіншілік – үлкен өнер болып саналады. Мұндай атадан қалған асыл қасиет кез келген жанға қона бермейтіні ақиқат.
Бүгінгі кейіпкеріміз көпбалалы ана Балжан Полат. Ол қолөнермен қоса ұлттық киімдерді тігумен және өзінің бос уакытында құрақ құрау, қағаздан арнайы түрлі бұйымдар әзірлеу, суреттер мен кәдесыйлықтар, гобелен, биссермен тоқу, ойыншық, тағы да басқа қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.
– Қазір мемлекет тарапынан халыққа ұсынылған жобаларға дән ризамын. Соның арқасында жалғыз мен емес, қаншама қазалылықтың кәсіп ашып, ақ адал табыс табуына септігі тиюде. Отбасымда отағасы Бақытжан екеуміз үш ұл мен бір қызды тәрбиелеудеміз. Солардың жарқын болашағы үшін қолдан келген кәсіпті жүргізуге әркез әзірмін. Бастысы, көптен армандап жүрген тігін құралдарын алуға көмегін берген тиісті мамандарға алғысым шексіз.
Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының игілігін отбасыммен бірге көріп отырмын. Мемлекеттік гранттың арқасында «JACK-F5» аппаратына және арнайы маникендер мен кестелеу тігін машинасына қол жеткіздім, – дейді көпбалалы ана.
Сонымен бірге ісмер ана «Janome» оверлок орындайтын жабдықты иемденген.
– Шыны керек, қуанышымда шек жоқ. Себебі бұлардың тігіншілік өнерде атқаратын қызметі көп. Тоқпен автомат түрінде жұмыс істейтін болған соң тапсырыстарды қиналмай тез дайындауға мүмкіндік мол. Қаншама жұмысымды жеңілдетіп, уақытымды үнемдетеді. Тігіншілік ісім де алға басып келеді. Тұрақты тұтынушылар саны да көбеюде. Қандай тапсырыс болмасын уақытылы орындауға бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Негізінен қазір көрпе де көктеп, құрақ құраймын. Ерлерге арналған пиджак пен түрлі дизайнға қарай әйелдерге де киімдер тігемін. Жалпы қиындығына қарай киім пішіп, келушілер сұранысына орай кез келген тапсырысты әзірлеп беремін. Түрлі жазу мен суретті кестелеп, автоматты түрде әсемдеймін.
Қызметіме аса көп баға қоймаймын. Халықтың қаржысы көтеретін тиімді ақыны ұсынып отырмын. Көрші-қолаң, жақын-туыс орындаған қызметіме ризашылығын айтып жүреді. Кейбірі маталарын әкеліп, өз талғамына сай көйлек тіккізеді. Мемлекет тарапынан берілген мұндай қолдауға дән ризамын. Пенде болған соң алға қойған мақсаттарым да бар. Оны алдағы уақытта жүзеге асыруға қамданудамын, – дейді Балжан Полат.
Халқымыздың қолөнері – ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі саналады. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы корініс тапкан. Бұлай деуімізге басты себеп – халықтың қолөнері еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады.
Осындай ұлттық мәдениет үлгілерінің дәстүрлерін оқып-үйренуді кейінгі ұрпаққа мұра етіп сақтауға жан-жақты жағдай жасалған. Бұл ретте қазіргі тұрмыс тіршілік, әлеуметік жағдайларға орай қолдана білуге мол мүмкіндіктер қарастырылғандығы және дәстүріміздің өшпегендігі қуантады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА