Оқулықтағы олқылық, оңалмаса егер зор күдік
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Қашан да ақыл мен парасат өлшемі біліммен сараланады. Бұл бағытқа басымдық берген елдің еңсесі тік, беделі биік, қамалы қалың. Тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асқан мемлекетіміз білім мен ағарту саласында түрлі реформаларды бастан кешірді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Республикасының төл туындысы – мектеп оқулықтары бірнеше рет құрастырылып, баспаланды. Бұдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық Сенім кеңесінің отырысында оқулық сапасы сын көтермейтіндігі, еліміздегі оқулық жазудың өзіндік мектебін қалыптастырған дәстүрлі сабақтастықтың үзілгендігі туралы айтып, түзеуге тапсырма берген болатын.
Қашан да ақыл мен парасат өлшемі біліммен сараланады. Бұл бағытқа басымдық берген елдің еңсесі тік, беделі биік, қамалы қалың. Тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асқан мемлекетіміз білім мен ағарту саласында түрлі реформаларды бастан кешірді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Республикасының төл туындысы – мектеп оқулықтары бірнеше рет құрастырылып, баспаланды. Бұдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық Сенім кеңесінің отырысында оқулық сапасы сын көтермейтіндігі, еліміздегі оқулық жазудың өзіндік мектебін қалыптастырған дәстүрлі сабақтастықтың үзілгендігі туралы айтып, түзеуге тапсырма берген болатын.
«Оқулық – даналыққа апаратын жолдың бастамасы» деп ұлт ұстазы Ахмет алаңдаған, Ыбырай ықылас қойған саланың бүгіні қандай?Сол уақыттан бері не өзгерді? Нені көз көрді? Байыптадық.
Жұмыс жүйеленді, алайда...
Кеткен қателіктер түзетілді, жеткен жетістіктер жаңғыртылды. Білім алудың маңызды құралын шығаруда нормативтік-құқықтық актілер нысанаға алынды.
Оқулықтар, оқу-әдiстемелiк кешендер, электронды оқулықтар және қосымша оқу әдебиетiн шығару жөнiндегi қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптары туралы жаңа заң өзгіріске енді.
Бір кезде оқулық шығару, көшіріп көбейту қызу бизнеске айналып кеткендігі көпшіліктің есінде. Баспахана иелері авторлармен бірігіп, кітап шығару ісін өз беттерімен қолға алған кезі де болған. Бүгінде мұндай бассыздыққа толықтай тоқтам қойылған.
Кейінгі талап бойынша редакциялық-баспа қызметiн көрсету рыногында кемiнде 2 жыл жұмыс тәжiрибесiнiң болуы сұралады. Ұлттық стандарттарға сәйкес келетiн мамандандырылған полиграфиялық базаның болуы, бiлiктi кадрлардың білім беру ұйымдары үшiн оқулықтар, оқу-әдiстемелiк кешендер, қосымша оқу әдебиетiн дайындау бойынша кемiнде 3 жыл жұмыс өтілі бары міндеттелген. Оқулықты әзірлеуге арнайы курстан өтіп, сертификатқа қол жеткізген авторлар ғана қатыстырылады. Дайындалған оқулық авторы, баспасы көрсетілмей, сарапшыларға ұсынылады. Сондай-ақ кітапта қателік жіберілген жағдайда, кеткен шығынды толығымен баспа өтейді.
Мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан жиі айтылатын сынның бірі оқулықтың ауырлығы туралы болатын. Бұл мәселе оң шешімін тапты. Көлемі мен салмағы бала жасына лайықталған. QR-код арқылы гаджеттен оқу мүмкіндіктері де бар.
Соңғы жылдары ТМД елдеріне арналған ортақ оқулық шығару мәселесі көтеріліп жүр. Бұл бағытта Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кедендік одақтың жұмыс тобы зерттеу-зерделеу ісін жұмыс жүргізуде. Қанатқақты жоба әзірленген жағдайда да, оған қойылатын ұлттық ерекшеліктер де ескерілусіз қалмайды.
Орындалған іс орасан, дегенмен оқулықтағы олқылық әлі де актуалды, әлі де «бас ауруына» айналып тұр.
Терминдер тұрақсыздығы да тосқауыл
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Самал Бейсенхан мектеп оқулықтарының басым көпшілігінде назардан тыс қалып келе жатқан мәселенің бірі – оқулықтардағы терминдердің берілу жағдайы екендігімен бөліседі.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Мәншүк Мұқаметқали терминдердің тұрақсыздығы, терминдер тізбесі мен сөздігінің болмауы, оқушыларға терминдерді оқытудың педагогикалық аспектілері де нақтыланбағандығын алға тартады.
Табыс көзі деп қарамай, ұлт тағдыры деп алаңдауы тиіс
«Оқулық жазудың жүйесі қате», – дейді ұстаз Аятжан Ахметжан. Тәжірибелі мұғалім бұл орайдағы бірнеше мәселені тізбектейді. Айтуынша, оқулық жазу министрліктің Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының құзіретінде болуы керек. Оқулықты көп автор қосымша жұмыс, негізгі табыс көзі ретінде қарастырады. Әрқайсысы әр жерде отырып жазады. Ортақ пікір алаңы жоқ. Сондай-ақ кейбір кітаптарда ресейлік оқулықты аударып, көшіріп басу көрінісі орын алып жүргенін жеткізеді.
Мәтіннен мәтін құрауға мәжбүрміз
Жиырма жылға жуық орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келе жатқан Маржан Тұрысбекқызы мәтіннен мәтін құрауға мәжбүр екендігін айтады.
«7- сыныптың «Мектеп» баспасынан шыққан қазақ тілі кітабында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» деген екі беттік тақырып бар. Оқылым стратегияларын қолдану үшін, түртіп оқып, көтерілген мәселені табуы, өзге тапсырманы орындауда, бала мәтінді оқи алмайды». – дейді.
Қазіргі балалардың мәтінді қабылдау қиындығы ескерілмегенін жеткізген маман құрмалас болып тұрған сөйлемді көшіріп жазуда, қоңырау соғылатыны, дәптерге түсіргенде, бір бет толатынымен бөлісті. Сондықтан мәтінді ықшамдап меңгертуге мүдделі. Ол көтерген тағы бір жайт, кітапта ешқандай грамматикалық тапсырма жоқтығы. Бұл мұғалімге екі есе жүк.
Сондай-ақ 5-сыныптың «Атамұра» баспасынан шыққан қазақ тілі кітабы да сапасыздығын парақтап көрсетті.
Полиэкономия сабағы
9-сыныптың қазақ тілі пәні пән емес, полиэконмия сабағы екенін айтып дабыл қақты белсенді мұғалім Бәкіжан Какимов.
Жазбада ұсынған «Мектеп» баспасынан шыққан қазақ тілі кітабының мазмұнына біз де бойладық. «Мәңгілік ел – мұратым», «Жаһандану мәселелері», «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан. ЭКСПО-2017», «Адам құқығы мен бостандығы», «Отбасы және демографиялық өзгеріс», «Биотехнология және гендік инженерия келешегі», «Бұқаралық ақпарат құралдары», «Әлемдегі қақтығыстар және бейбітшілік», «Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану». Толықтай саяси рефорормалау құралы.
Мектеп кітабы тілінің тым ауырлығын ата-ана Камшат Естемір де жоққа шығармайды.
«Мәтіндерін оқысаң, күрделілгі сонша, 39 жастағы менің өзіме ойланып, ізденуді талап етеді. Мәселен, 7 жасар балаға ұсынылған адамның физиологиясы туралы тақырыптағы терминді кейбір ҰБТ тапсырған түлектердің өзі мектеп қабырғасында санасына сіңіре алмаған шығар... Орта мектепті, жоғары оқу орнын үздік бітірген маман ретінде айтарым, бағдарламаға түбегейлі өзгеріс керек. Вундеркинг бала болмаса, өзгелерін бұл бағытпен қатарға қоса алмаймыз. Мұғалімге де жүк артқан үстіне жүк арта береміз», – дейді ол.
Жаңарған ештеңе жоқ
«Мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Кітаптар жыл сайын жаңарады. Түсінемін, оқу бағдарламасы Халықаралық стандартқа сай күнде өзгеріске түседі. Алайда барлығын бірден енгізе бермей, баланың таным-түсінігін, жас ерекшелігін ескеру керек деп ойлаймын. Жаңарған ештеңе жоқ, қайта көмескіленіп бара жатыр.
Өзім дәріс беретін орыс сыныптары оқулықтары туралы неге мәселе көтерілмейді? Олардың сараптамадан өткеніне де күмәнім бар. Оқылымдардың барлығы түсініксіз. Не басы, не аяғы жоқ. Оқушы одан не тілді меңгермейді, не мәтінді ұғынбайды, – дейді өзін Айгүл деп таныстырған жазылушы.
Тапсырма қиындық тудырады
Оқу әдістемелік кешені туралы ардагерлердің де айтары бар.
Қырық жылдан астам есеп саласында үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан Әділбек Қабылбек бірінші сыныпта оқитын немересінің есебін шығару қиындық тудырғанын айтады.
«Өмір бойы есепші болып жұмыс істедім. Әлі де еңбектен қол үзген жоқпын. Мәтін есепті шығару өте қиын. Қазақы ортада туып, қазақ мектебін бітірген, оның үстіне қаржылық салада маманданған менің өзіме түсіну қиындық тудырған тапсырманы балаға жүктеу санасына салмақ түсіреді. Содан кейін қалай «сабақ оқымадың?», «неге төмен баға алдың?» деуге болады », – дейді ол.
Бесініші сыныпта оқып жүргенімде, пән мұғалімі жеткіліксіздігінен, біздің сыныпқа математикадан денешынықтыру пәні мұғалімі сабақ бергені бар. Бір-екі рет, уақытша емес, кәдімгі жүктемемен. Кезекті сабақ үстінде: «Мына тапсырманы орындай беріңдер. Мен қазір келемін», – деп кеткен ұстазымыз сәл уақыттан кейін оралып: «Итогтан қараңдар, итогта дұрыс жауабы болады», – дегені әлі есімде. Кейін білдік, Алтыншыда оқитын ағама алгебрадан сабақ беретін тарих пәні мұғалімімен ойласқан ағайымызға, ол апай да есептің жауабын айта алмапты.
Айтайын дегенім, сол тұстағы кітап мазмұнына есептердің дұрыс жауабы көрсетілетін. Өзін тұқырытқан түйіткіл түйінін табуға септескен ұсынысты ұстазымызға кім айтқаны белгісіз. Қазіргі бағдарламада мұндай жоқ. Алайда тығырықтан шығатын жолды ата-аналар қалай тауып жүргенін байыптадық.
«Google» «тәтем» аман болсын
«Бірінші балам сабаққа барғанда, математикадан көп уақытқа дейін түсінбей, таныстарым мен туыстарымнан, кейде сынып жетекшісінен сұрап жүрдік. Бірде көршім барлық жауап «Google-де» бар екенін айтты. Сол күннен бастап қиналған жоқпыз. Бірақ балам да дайын дүниеге үйреніп бара жатқанын байқаған сәттен бастап, одан көшіруге тыйым салдым. Қосымша орталыққа бердім. Бірақ кейде жауаптар дұрыстығына күмәндансақ, жүгініп тұратынымызды жасырмаймын», – дейді екі оқушының анасы Айжұлдыз Іздікова.
«Google-ды» «тәтем» деп атайтын ата-ана Жанар Абнәғиева. Көпбалалы келіншек кенжесі жасқа толар-толмастан, жұмысқа шығып кеткен. Жағдай ұғынықты, әлеуметтік қажеттілік. Балаларының сабағына қарауға уақыты да, құлқы да жоқ. Ондайда жақын сырлас, жанашыр ене, ажырамас бауырдың қызметін «Google» атқарады. Сондықтан разылығы сонша, оның ғұмыры ұзақтығын тілеп, «тәтем» деп атайды. Балаларын осы және өзге де әлеуметтік желілерден ешқашан тежемейді. Бөгесін болу уақыт талабынан кенде қалу деп ұғынады.
Интернет игілігі тек жақсылыққа ғана жетелеп отырмағынын, дайын дүние арқылы интеллектуалдық ойлау қабілетінің төмендеу қаупі жоғарылығын психологтар жиі айтып жүр.
Пәннің аты – «Обипа»
Екінші сыныпта оқитын баласы биылдан бастап «обипа» аталатын пән оқып жүргенін айтып күліп алған Айерке Нығметқызы ұлы үшінші тоқсанға өтсе, ол сөзді толық айта алмай жүргенін жеткізді. Жас ана атауын атау қиынға соғатын сабаққа қалай қызығуға болатынын санасына сіңіре алмайды
«Қазақта да әдемі сөздер бар. Соның бірін оқушы жасына лайықтап қоюға болады. Бұдан бөлек «жаратылыстану», «дүниетану» сабақтары да әбден шатастырып болды. Екеуін бір «тануға» сыйдыруға болмады ме екен деген ойда қаламын», – дейді.
Сапалы оқулық та, автор да жеткілікті
Қазақстандық «QAZBILIM» баспасы тек қазақ тіліндегі 220-дан аса оқу-әдістемелік құралдарын шығарған.
Бұл кітаптарды қолданушылар қатары ешқашан кемімеген. Кейбір жекеменшік мектептер де осы кітаптармен оқытып, оқу-әдістемелік құралдарды пайдалануға көшкен. Неге? Компания өкілдерінің айтуынша, себебі – нәтижеге жеткен бағдарламамен жүйеленген сапасында. Олардың пікірінше, Қазақстанда сапалы оқулық та, автор да жеткілікті. Тек қолдау кемшін.
Топтасқан кітап шығару ісін ұсынар едім
«Біз мектепте оқитын 1990 жылдардың соңында топтасқан кітаптар болды. Сол тұстағы жағдай солай болды ма, әлде тәжірибе үшін шығарылды ма, жағдай түзелген соң, жарамсыз болып қалды. Бастауыш сынып кітаптары жеңілдеді дегенмен, әлі әріп пен санды толық игермеген балаға арналған оқулық үлкен шрифтімен таңбаланады. Сондықтан бір кітапқа Ана тілі, Математика, Дүниетану, Орыс тілі пәндері біріктіріліп шықса, арқалауға да жеңіл, көруге де тиімді болар еді», – деген ұсынысын айтады Нұрдәлет Мейірбан.
Бүгінгі бағдарлама баланы жан-жақты дамытуға жетелейді
«Оқулықта олқылық бар» деген сыңаржақ пікірмен мүлде келіспейтін жан Сәуле Серік.
«Өзім жас маман бола тұра, осындай әлеуеті жоғары, терең мазмұнды бағдарламамен баланы сусындандыру –бүгінгі талап деп білемін. Ортақ түсінік беретін қатып қалған сең бүгінде бұзылды. Кітапты көрінген адам шығармайды. Онда да білікті, білімді мамандар топтасқан. Күрделі болса, мұғалім ізденісін арттыру керек», – дейді Сәуле.
Сөз соңы
Америкада тұрғанына екі жыл болған қандасымыз Майра Сапарғали ол жақтағы мектептерде қатып қалған стандарт, бағдарламадан шықпау деген түсінік жоғын айтады.
«Таң қалатыным, мұнда еркіндік, ой ұшқынының өрістеуіне үлкен мүмкіндіктер жасалады. Әр штаттың өз білім департаменті білім беру стандарттарын өздері айқындайды. Бала бағдарлама туралы толық түсінікке ие болуы үшін мұғалімдер кітапханадан кітаптар әкеліп, үйге біріп жібереді. Оқушы жоғары сыныпқа барғанда, таңдаулы пәндер, университетік кредиттер беретін курстарды оқи алады», – дейді сөзінде.
Репродуция көшін бастап тұрған қытайлықтардың құпиясы неде? Австалия, Австрия, Англия, Франция, Белгия, Германия, Канада, Жапония мектептері баланы қалай оқытады?
Альберт Эйнштейн, Уильям Джей Сидис, Кристофер Хирата, Никола Тесла, Волтер О’Брайан сынды әлемнің озық ойлы оғландарын қазақтың қарадомалақтары жақсы біледі.. Осындай танымал тұлғалар танымына ұмтылады, өмір жолына қызығушылық танытады. Бұл жолда оқулықты оңалту қажеттігі айтпаса да түсінікті. Кітап шығару мезгіл не науқандық мәселе емес, ертеңінен үміт күтетін әр ел үшін маңызды жұмыс. Хакім Абайдың «Сөз түзелді, айтушы, сен де түзел» дейтіні бар еді ғой. Сондағы сынды бағыты бар елге бағдарламасын да дұрыстайтын уақыт жетті.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА