Қайырымдылық – асыл қасиет
Фото:Нұрболат Нұржаубай
Өмірде түрлі жағдайлар болады. Әйтеке би кенті Жанқожа батыр көшесі 83 үй, 6 пәтерде тұратын жалғызбасты ана Ақереке Аяғанова ұзақ жылдардан бері жылусыз үйді паналап келеді. Орталықтандырылған жылу жүйесінен ажырағаннан кейін қарапайым ошақ салынған үй айналасын жылытуға қауқарсыз.

Себебі 1960 жылы ағаштан тұрғызылған қос қабатты ғимараттың қабырғасы қақырап, іргесі сөгілген. Қыс бойы төбеден аққан жауын мен қар суы, құстардың қалдықтары өз алдына. Бұл үйді Ақерке ападан өзге тұрғылықты тұрғындар мекендемейді. Көршілері пәтерлерді жаңадан сатып алған жас отбасылар. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деп, көмек сұрап, көп жерге сабылғанымен, қайраң болмаған. Қыс келсе, сырт киімін киіп, қалың көрпеге оранатын тұрғын осындай суықтың әсерінен денсаулығын да қиындатып алған.
Жақында қоғамдық негізде Әйтеке би кенттік клубына жұмысқа орналасқан Ақерке Алтайқызы бірнеше рет ауырады. Әріптесінің әлеуметтік жағдайын жеткізген қызметкердің сөзін мекеме басшысы да қаперге алып, өзі тұрмысымен танысып қайтады. Суық үйдегі сүреңісіз көріністі көзімен көрген Нұрлыбек Сүлейменов бастаған ұжымдастары «бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып», жұмылып, небәрі үш күннің ішінде пәтерге жылу кіргізіп береді. Қазір жылы үйде жайлы күй кешіп жатқан жанның асыл қасиет қайырымдылыққа атсалысқан азаматтарға алғысы шексіз.
Алтын МЕЙІРХАНОВА