Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛУ ЖЫЛЫНАН ҰТЫЛҒАНЫМЫЗ ЖОҚ

ҰЛУ ЖЫЛЫНАН ҰТЫЛҒАНЫМЫЗ ЖОҚ

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» дегенді ұстанатын қазалылықтар үшін өткен ұлу жылы да ұтымды өтті. Халыққа жайлы, көңілге қонымды жыл болды. Әріде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тегеурінді тапсырмасы, өңірдегі қарқынды жұмыстардың нәтижесімен Қызылорда облысы барлық көрсеткіштер бойынша республикада көш бастады.
Облыстың түрлі қызметінің ыстық-суығында ысылып, өткен жылдың басында ауданға бірінші басшы болып келген Мейрамбек Шермағанбеттің де жыл көлеміндегі айшықты жұмысы аудан жұртшылығының назарында. Осы ретте жылнаманың ескі бетінде қалып кеткен өткен ұлу жылындағы жұмыстар жөнінде Мейрамбек Зинабдинұлымен сұхбат өрбіткен болатынбыз.

– Мейрамбек Зинабдинұлы, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, өзіңіз ауданның басшылық тізгінін алғалы көзге толымды тіршіліктің куәсі болып жүрміз. Десе де әрбір саналы азаматтың көкейінде «Өткен жылы не бітірдім?» деген сұрақ ұялайды. Жалпы 2024 жылы сіз үшін несімен есте қалды?
– Шын мәнінде, ұлу жылы еліміз үшін де, өңіріміз үшін де бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын істердің жемісті жылы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне айрықша қолдауының арқасында бүгінгі күні облысымыз қарқынды даму үстінде. Жыл бойы Президенттің, Үкіметтің және аймақ басшысының ерекше қолдауының арқасында біз өңірдің әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуын тұрақты түрде қамтамасыз еттік, мұны макроэкономикалық көрсеткіштеріміз дәлелдейді. Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ ауданда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты. 2024 жылға арналған аудан бюджетінің шығындар жоспары 11 миллиард теңге болып бекітіліп, 19 миллиард теңгеге нақтыланды. Қаржының игерілуі 100 пайызды құрады. «Салық – халық қазынасы» екені рас. Ауданның өз кірістерінің жоспары 2,4 миллиард теңге болып бекітіліп, 3,3 миллиард теңгеге нақтыланды. Нақты орындалуы 3,5 миллиард теңгені құрап, бекітілген бюджеттен 1,1 миллиард теңге қосымша түсім қамтамасыз етілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында 11 айда оң тенденция сақталуда. 2024 жылдың 11 айлық қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі – 100,2, өңдеу өнеркәсібі – 100, ауыл шаруашылығы – 107, тұрғын үй – 115, сауда – 105,2, құрылыс жұмыстарының көлемі – 123,9 пайызға артты. Негізгі капиталға 23 миллиард 57 миллион теңге инвестиция тартылып, өсім 113,3 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығы дихандары биыл 17 мың 29 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, егін мерзімінде толық жиналды. Биыл негізгі дақыл күріш 6 мың 200 гектарға егіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 25 мың 47 тонна күріш жиналды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда. Ауыз сумен қамту бойынша биыл аудандық бюджеттен Ажар, Жұбан елді мекендеріне 31,4 миллион теңгеге су тұщытқыш қондырғылары орнатылды. Сонымен қатар 2025 жылға Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын бастауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 492,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Елді мекен халқын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 2024 жылы 97,7 пайызға жетті. Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендеріндегі жобалар жүзеге асырылып болған соң, 2025 жылы таза ауыз су 100 пайызға қамтамасыз етілетін болады. Мұнымен қоса инфрақұрылым, баспана, құрылыс тағы басқа да салалар бойынша өсу қарқыны бар.
– «Газ келді дегенше, жаз келді десейші» дегенді ел аузынан жиі естиміз. Үйімізге «көгілдір отын» кіргелі көңілімізде жайланып жүргені рас. Бүгінде жалғыз Әйтеке би кенті ғана емес, кентке жапсарлас жатқан ауылдар да табиғи газдың игілігін көруде. Бірнеше жылдан бері «Қазалы қаласынан Ү.Түктібаев ауылына дейін газ барады екен» дегенді естіп таң-тамаша қалғанымыз бар еді. Осы мәселе бүгінде қай межеге жетті?
– Елді мекендерді газдандыру жобаларына 2024 жылы 2 миллиард 190,3 миллион теңге қаржы бөлініп, 3 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, былтыр Абай ауылының газ желісі құрылысына 302 миллион теңге қаржы бөлініп, газ желісі толық қосылды. Ал Ақтан батыр ауылын табиғи газ отынына қосуға 325 миллион теңге бөлініп газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу құбырларының құрылысы жұмысына 1 миллиард 562,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Осылайша биылғы жылы ауданымыз 70 пайызға газбен қамтылып отыр. Биыл Ақтан батыр ауылына облыстық бюджеттен 28,1 миллион теңге және Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу құбырларының құрылысы жұмысын жалғас­тыруға республикалық және облыстық бюджеттен 2 миллиард 171,1 миллион теңге бөлінді. Жыл соңына дейін елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 73 пайызға жеткізу жоспарлануда. «Көгілдір отынға» қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газга бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Осы бағыттағы жұмыс­тарды атқаруға 325,5 миллион теңге қаржы қаралды. Атап айтар болсақ, 2024 жылы Қазалы қаласындағы Қазалы аграрлы-техникалық коледжі, «Шипагер» дәрігерлік амбулаториясы, Қазалы аудан­дық көпбейінді орталық ауруханасының екінші ғимараты және Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы газ отынына бейімделді. Сонымен бірге Ғ.Мұратбаев, Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаториялары және Қ.Пірімов ауылындағы әкімдік ғимараты мен Жалаңтөс батыр ауылдық клуб ғимараты газ отынына бейімделді. Ал білім бас­қармасының теңгеріміндегі 14 нысанның бу қазандықтарын газ отынына бейімдеу үшін аудандық коммуналдық меншікке алынды. Қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қаржы көздері қарастырылуда.
– Қазір автомобиль жолдары тұрғындар үшін өзекті. Оның ішінде Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының ара­лы­ғындағы төрт жолақты жолды айтпасқа болмас. Бұған дейін көлік тізгіндегендерді титықтатқан бұл мәселе өткен жылдың соңына қарай күр­меуін шешіп, тұрғын­дардың кәдесіне жарауда. Жалпы жол тақырыбы бойынша ауданда биыл қандай жаңалықтар болмақ?
– Өткен жылы ауданда маңызы бар автомобиль жол құрылысын дамытуға 1 миллард 240 миллион теңге бөлініп, 27,5 шақырым жол жөндеуден өтуде. Атап өтетін маңызды мәселенің бірі, 2024 жылы құрылысы бірнеше жылға созылған Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығын жалғайтын 4 жолақты жолдың құрылыс жұмысын аяқтауға 862,5 миллион теңге бөлініп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Көше бойындағы жарықшамдар биыл орнатылатын болады. Сондай-ақ қала және елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеуге 1 миллиард 39,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазалы қаласының 10 көшесін жөндеуге 69,4 миллион теңге және Әйтеке би кентінің 11 көшесін жөндеуге 969,9 миллион теңге, оның ішінде 850,5 миллион теңгеге 10 көше «Ауыл – Ел бесігі» аясында жүзеге асырылды. Нәтижесінде былтыр жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 91 пайызды құрап отыр. 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентіндегі 11 көшенің жолын жөндеуге 573,2 миллион теңге бөлінсе, шағын қалаларды дамыту бойынша Қазалы қаласының 10 көшесінің жұмысын жалғастыруға 401,2 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар облыстық бюджеттен Әйтеке би кентінің 9 көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарына 186,5 миллион теңге қаржы қаралды. Мұнымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да ауылдық округтерде жол жұмыстары басталады.
Мұнымен қоса кент ішін­дегі көлік кептелісін азайту мақсатында жаңа үлгідегі бағдаршамдар, жолайрықтар, за­ма­науи бейнекамералар орнатылды.
– Ұлу жылы аудан тұр­ғындарына жылулық сый­лаған жылдың біріне айналды. Оның бірден бір себебі – баспана мәселесі. Өткен жылдың өзінде қазынадан 148 пәтер сатып алынып, тұрғындарға жаңа үйдің кілті табысталды. Биыл да бұл мәселе өз жалғасын таба ма? Құрылыс мәселесі бойынша өткен жылы қандай нысандар ел игілігіне берілді? Биыл құрылысшылар қазалылықтарды қандай нысандармен қуантпақ?
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, жақында Әйтеке би кентінен 339,8 миллион теңгеге аудандық прокуратура ғимаратының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Оған аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы, Сенат, Мәжіліс депутаттары арнайы қатысты.Сондай-ақ Кәукей ауылындағы 100 орындық клуб ғимаратын құрылысын аяқтауға 70,7 миллион теңге бөлініп, мәдени нысан ел кәдесіне жарауда. Өткен жылды аймақ басшысы Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланды. Осы ретте ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталығы салынуда. 2024 жылы құрылыс жұмысына 1 миллиард 25,7 миллион теңге бөлінді. Биыл құрылыс жұмысын аяқтауға 727,8 миллион теңге қаржы қаралуда. Мұнымен қоса, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы (Жоба құны 3,1 млрд. теңге) қарқынды жүргізілуде. Биыл мектеп құрылысын аяқтауға 1 миллиард 223,8 миллион теңге қаржы бөлінді. «Ел іші – өнер кеніші». Ауылдық жерлердегі жас таланттарды қолдау мақ­сатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Майдакөл ауылынан 100 орындық клубтың құрылысы басталды. Аталмыш жоба аясында «Жеңіс саябағын» абаттандыру, оған замана талабына сай спорт кешенін салуға да қызу жұмыс жасалуда. Дәл осындай кеше Бекарыс­тан би, Қожабақы ауылдарында да бой көтереді. Ауданның бас қақпасы саналатын теміржол вокзал ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 279,3 миллион теңгеге құжаттары әзірленді. Қазіргі таңда қаржыландырылу көздері қарастырылуда.
– Бүгінде аудан жұрт­шылығының аузында «Орта­лық алаң» жұмысының жан­­дануы мен Жанқожа батыр көшесінің бойындағы «Ру­ханият» сквері, «Жеңіс саябағының» қызу жұмысы жүр. Сонымен қатар өткен жылы Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының да 250 жылдығы республикалық дә­ре­жеде абыроймен атап өтілді. Жалпы осы жұмыстарға да бір тоқталып өтсеңіз.
– Өздеріңізге белгілі биыл аудан орталығын абаттандыру мақсатында аудандық бюджет есебінен қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Жанқожа батыр бабамыздың туғанына 250 жыл толуына орай 105 миллион теңгеге баба кесенесінің аумағы абаттандырылды. Сонымен қатар 200 миллион теңгеге аудан әкімдігі ғимараты мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей алдына «Руха­ният» скверінің құрылысы жүргізіліп, аудан тұрғындарына пайдалануға бе­рілді. Әйтеке би кентіндегі «Орталық алаңына» абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 184,1 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2025 жылға өтпелі. Былтыр «Жеңіс» саябағына жаңғырту мақсатында 182 миллион теңге бөлініп, абаттандыру жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны 534,5 миллион теңге. Қалған қажетті қаржысы облыстық бюджеттен қаралатын болады. Нысан 2025 жылға өтпелі. Осылайша биыл «Жеңіс» саябағы абаттандырылып болған соң аудан тұрғындары мен қонақ­тарының сүйікті демалыс орнына айналатына сенімдімін.
– Қандай да бір елдің болсын мемлекеттік гимнін шырқатып, байрағын көте­ретін спортшылар екені рас. Өткен жылы аудан спорты үшін толайым табысқа толы болды десек қателесе қоймаспыз...
– Иә, Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен ауданда спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жолға қойылды. Өздеріңізге белгілі, қазан айында аудан орталығында «Әмір Арена» спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілсе, 2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек аудан орталығы мен елді мекендерде де демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда. Аудан спортын дамыту аясындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында спортшыларымыз Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 4 күміс, 7 қола, Азия чемпионатында 3 алтын, 2 күміс жеңіп алса, Халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда 28 алтын, 42 күміс, 61 қола медальды қоржынға салды. Биыл Париж қаласында өткен жазғы ХХХІІІ (33-нші) Олимпиада ойындарында қазалылық Жұбаназар Абылайхан дзюдо күресінен бақ сынады. Сондай-ақ жақында ғана Тайландта бокстан әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Гүлсая Ержан чемпион атанып, көк туымызды көкке желбіретсе, бірер күн бұрын Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Алтынай Тәңірбергенова 64 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегер атанды.
– Сұхбат бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіреміз. Әрине, бір сұхбатқа аудандағы бір жылдық шаруаны сыйдыра алмайтынымыз хақ. Аудан халқына мерекелік лебізіңіз болса мархабат.
– Ұлу жылына айтар өкпеміз жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, несібеміз мол болды. 2024 жылы Сыр өңірі республика бойынша алдыңғы қатардан нық орын алып, байыпты бастамалар мен жүйелі жобалардың ордасына айналды. Сондықтан Жылан жылы да игі істеріміз жалғасып, жасампаздыққа ұласып, кең байтақ елімізге молшылығы мен тоқшылығын, қасиетті жерімізге бақ-берекесін алып келсін.

Әңгімелескен
Есет ТАБЫНБАЕВ
11 қаңтар 2025 ж. 41 0

«Есірткі жайлы ертегі»

10 қаңтар 2025 ж. 63

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031