10 қаңтар - Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің күні
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
KAZINFORM – 10 қаңтар - Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің күні. Осы орайда, елорда іргесіндегі №5573 бөлімшесіне арнайы барып, ІІМ Ішкі әскері сарбазының күні қалай өтетінін көріп қайттық.
KAZINFORM – 10 қаңтар - Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің күні. Осы орайда, елорда іргесіндегі №5573 бөлімшесіне арнайы барып, ІІМ Ішкі әскері сарбазының күні қалай өтетінін көріп қайттық.
Атап айтқанда, №5573 әскери бөлімшесі Астананың іргесіндегі Қараөткел ауылында және бұл жерде Ұлттық ұланның бас штабы орналасқан.
Алдымен, әскери бөлімшенің рота командирі, аға лейтенант Дастан Жұмабековті әңгімеге тарттық. Ол бөлімшедегі барлық процеске жауапты, оның ішінде оқу-жаттығу, ішкі тәртіп, қоғамдық шараларға қатысу және әскери тәрбие қызметі бар.
- Ұлттық ұланның басты міндеттерінің бірі – қоғамдық тәртіпті күзету. Сарбаздар күнделікті оқу-жаттығудан бөлек, қоғам тыныштығын күзетеді. Әрине, әрқашан кезекшілікке шығарда нұсқаулықпен танысады. Жалпы, ұландардың әскери қызметі екі бөліктен тұрады, теориялық және практикалық. Теория кезінде арнайы пәндерді оқиды, содан соң практика, яғни оқу-жаттығу, сап түзеу, арнайы құралдармен жұмыс істеу, әскери қызметке қатысты нормативтерді орындайды, - деді Дастан Жұмабеков.
Қызылордалық Нариман Шүкірәли Ұлттық ұлан қатарына былтыр мамырда қабылданыпты. Отан алдындағы міндетін өтер алдындағы әскери-медициналық тексеріс кезінде аға сержанттар Ұлттық ұланға баруға кеңес берген.
- Таңертең сағат 6:00-де тұрамыз, төсегімізді жинап, таңғы жаттығудан соң жуынып-шайынып, саппен таңғы асқа барамыз. Сосын ротаға келіп сабақ оқимыз, ол түске дейін жалғасады. Түскі ас ішкен соң, әскери формамызды тексеріп, тапсырмаға дайындаламыз, яғни тапсырма - қоғамдық тәртіпті және объектілерді күзету. Оның алдында сапқа тұрып, командир біздің міндетіміздің ретін айтады. Қоғамдық тәртіпті күзетуде әр сарбаздың өз міндеті болады, ол бұйрықпен бекітіледі және жіті түсіндіріледі. Түстен кейін, сағат 16:00-де қалаға шығамыз, кезекшілік 23:00-ге дейін жалғасады, - дейді Нариман Шүкірәли.
ІІМ Ішкі әскер сарбаздары аптаның алты күні қызмет етеді, жексенбі – демалыс. Демалыста олар бос уақытын өздеріне арнайды, яғни күн кітап оқу, теледидар көру сияқты үйдегідей қарапайым тірлікпен өтеді.
Қоғамдық тәртіпті күзетуге келсек, бір патрульдік жасақтың құрамына үш сарбаз кіреді. Оның бірі - әскери жасақ бастығы.
- Бізге 4 нүктені күзету жүктеледі, әр нүктеге жетуге 15 минут уақыт беріледі. Қолымызда карта болады, сонымен қатар қызметтік дәптеріміз бар. Одан бөлек, рация, резеңке таяқ, кісен, ысқырғыш, жаздыгүні су бөтелкесі және рәсімдеу қағазы беріледі. Көшеде күдікті адамды байқасақ, алдымен сырттай бақылаймыз. Іс-әрекеті күмән тудырса, қасына барып өзімізді таныстырып, жөн-жосық сұраймыз, осы аралықта басшылыққа рациямен ескертеміз. Сондай-ақ, қажет жағдайда күдіктіден жеке куәлігін талап етеміз. Егер күдікті тәртіпке бағынбай жатса, күш қолдануға құқығымыз бар және жақын маңдағы полиция бекетіне жеткіземіз, - дейді жас сарбаз.
Патрульдік қызмет кезінде ұландықтар түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Көшеде қоғамдық тәртіпті күзету міндетінен бөлек, сарбаздар көмек сұраған жандарға қол ұшын созуға әрдайым дайын. Әңгіме барысында Нариман Шүкірәли кезекті патрульдеу кезінде көшеден сымсыз құлаққап (AirPods) тауып алып, иесіне қайтарып беріп, қуантқанын айтты. Сол сияқты ұялы телефон, әмиян, тағы басқа да адамдардың жеке заттарын тауып, иелеріне қайтарған жайттар болыпты.
- Күзетте тұрғанда ауыр жүкпен келе жатқан үлкен әйел кісіні байқап, заттарын көтеріп апарып бердік. Осы секілді мысал көп. Әр сағат сайын командирге есеп беріп отырамыз, осылайша бізді тексеріп отырады, - дейді Нариман Шүкірәли.
Рота командирінің айтуынша, Ұлттық ұлан сарбаздарының жұмысы төтенше жағдайлар кезінде, сондай-ақ елімізде болатын ауқымды іс-шаралар кезінде қыза түседі. Жауапкершілік жүгі салмақты.
Атап айтсақ, былтыр елордада халықаралық және республикалық маңызы бар бірқатар іс-шара өтті. Оның қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, одан бөлек жыл ішінде бірнеше елдің мемлекет басшылары елордаға ресми сапармен келді. Шетелдік меймандардың қауіпсіздігін күзетуде ұландықтардың да үлесі бар, олар күшейтілген режимде қызмет етеді.
Сонымен қатар былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Ұлттық ұлан сарбаздары апатпен алысқандардың алдыңғы қатарында болды.
- Бізде жауынгерлік қызмет бөлімшесі бар, қоғамдық тәртіпті күзетуге қатысты өтінімдер сол бөлімшеге түседі. Одан әрі жауынгерлік қызмет бөлімшесі кесте құрып, тапсырманы әр ротаға бөліп береді, сол сияқты ол жерде нақты іс-қимыл жоспары да болады. Жоспарды алдын ала бір апта бұрын беріп қояды, соған сай дайындалып тапсырманы орындауға кірісеміз, - дейді ол.
Осы орайда, рота командирі ерлік жасап, ерекше көзге түскен сарбаздарды ынталандыру шараларының барын да айтты.
- Ерекше еленген сарбазға 10 күн демалыс беріледі. Мысалы, былтыр елордада болған оқиға: екі мектеп оқушысы өзенді жүзіп өтуге бәстеседі, жүзіп бара жатқанда біреуінің тамыры тартылып суға бата бастайды, сол маңайда патрульде жүрген біздің жасақ дереу суға секіріп көмектесті. Осылайша, қатардағы Махмет деген сарбаз баланың өмірін аман алып қалды. Сарбаздың ерлігі еленді, 10 күн үйіне демалысқа барып келді. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінен, Ішкі істер министрлігінен марапат алды. Айта берсем, осы секілді ұландықтардың ерлігі көп, бұл бір жағынан басқа да сарбаздарды ынталандырады, - дейді Д. Жұмабеков.
Айта кетсек, Ұлттық ұлан сарбаздарының кураторы бар, бір куратор екі сарбазға жауапты, яғни тікелей жұмыс істейді. Сонымен қатар сарбаздарға психолог көмегі ұсынылады. Одан бөлек, әскери міндетін өтеп болған соң жоғары білім алғысы келетін ұландықтарға мемлекеттік грант қарастырылған. Сондай-ақ Отан алдындағы борышын өтеу кезінде кредиті бар сарбаздарға кейін төлеу мүмкіндігі беріледі.
- Бүгін бізде жаңа әскери дайындық жылы басталды. Жаңа жыл келді, демек алдымызда жаңа міндет пен талап тұр. Әскери жиында жеке құрамға Қазақстан Республикасының құқықтық тәртібі түсіндірілді, сонымен қатар Ұлттық ұланның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы міндеттер айтылды. Қоғамдық тәртіпті күзету бойынша бізге жүктелетін тапсырманы талқыладық. Мемлекет басшысының және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тапсырмасына сәйкес биыл елімізде бірқатар айтулы шара өткелі отыр. Соның бірі - елордада Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад өтеді. Ауқымды әскери шараға біздің сарбаздар белсене қатысады деп жоспарлап отырмыз, яғни ұландықтар маршқа қатысады, одан бөлек қоғамдық тәртіпті, меймандардың қауіпсіздігін күзетеді, - деді №5573 әскери бөлімшесі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Тимур Рахымов.
Айта кетейік, 1992 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскері құрылды. 2014 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылды.