Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұландық сарбаздар су тасқыны болған аймақтан 1600 адамды эвакуациялады

Ұландық сарбаздар су тасқыны болған аймақтан 1600 адамды эвакуациялады

Еліміздегі әрбір құм толтырылған алтыншы қапты ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері дайындап жатыр және олар су тасқыны болған аймақтан 1600 адамды эвакуациялады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Қазақстанның батысы мен солтүстігіндегі өңірлерде су тасқыны салдарын жою жұмыстары және су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4870 жеке тұрғын үй мен 1264 аула аумағы су астында қалып отыр. Бүгінде 9,3 млн м3 астам су арнайы құралдармен сорылды, 1,9 млн қапшыққа 1,2 млн тонна инертті материал толтырылды және тиісті жерге төселді. Су басқан 103 тасжол, су шайып кеткен 109 тасжол, оның ішінде 9 көпір және 100 жол төсемі бақылауда. Зардап шеккен өңірлерге 1400 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді, оның ішінде 900 тоннадан астамы Ұлттық ұлан авиациясымен жеткізілді.

Тұтастай алғанда, құқықтық тәртіп әскерінің 3 мыңға жуық жауынгері су басқан кенттер мен қалаларда патрульдеу арқылы тұрғындардың жеке мүліктерін қорғауды қамтамасыз етуде, жағалауды нығайту жұмыстарына қатысуда, су тасқыны болған елді мекендерде су бұруды және каналдарды тазартуды жүзеге асыруда. Бұдан бөлек адамдарды, жануарларды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстарымен де шұғылданып жүр. Су тасқынына қарсы іс-шараларға ҚР Ұлттық ұланы академиясының 400 курсанты және “Орталық” өңірлік қолбасшылығының 6637 әскери бөлімінің 200-ге жуық сарбазы тартылды. Олар Кожевный, Ольшанка, Жылыжай және Бескөл кенттерінде инертті материал салынған қаптарды дайындау және төсеуге жұмылдырылған. Бұдан басқа, 5546 (Атырау қ.) әскери бөлімінің 120 сарбазы 10 автотехникамен су тасқыны болып жатқан аймақта жүр. Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп Құлсары қаласының көшелерінде иесіз қалған үйлерді ұры-қарының тонамауын қадағалайды.

Орал мен Ақтөбеде су тасқынына қарсы іс-шаралар мен қоғамдық тәртіпті қорғау жұмыстарына 5517 және 6655 әскери бөлімдерінен келген 800-ден астам әскери қызметші атсалысып жатыр. Осыдан бір күн бұрын елордалық әскери бөлімнің 200 әскери қызметшісі Петропавл қаласына барып, Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінде 3 ауысым бойынша қоғамдық тәртіпті қорғауға кіріскен болатын. Айта кетейік, су тасқыны басталғаннан бері Ұлттық ұланның 125 әуе және автомобиль техникасы іске араласты. 1600 адам эвакуацияланды, инертті материалдары бар 358 779 қапшық дайындалып, тиісті жерлерге төселді және 98,5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.



15 сәуір 2024 ж. 125 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930