Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең үздік ауыл мектебі

Ең үздік ауыл мектебі

Жуырда Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей кезекті мәрте республика бойынша «Үздік ауыл мектебі» аталымын иеленіп, аудандағы білім деңгейін елімізге паш етті. Бұл білім беру ұйымы ұстаздарының жылдар бойы еткен ерен еңбегінің, шәкірттердің тынымсыз ізденімпаздығының дәлелі.

– Даланың рухын, қарашаңырақтың қасиетін, білімнің асқақ мұратын бойына сіңірген мектебіміз тарихтың жаңа бір жарқын парағын ашты. Бұл тек атақ емес, бұл – жылдар бойғы ұстаздарымыз бен шәкірттеріміздің еңбегінің, ізденісінің, таусылмас жігерінің жеңісі. Әр сыныптың тақтасында жазылған әрбір әріп, әр шәкірттің жүрегіне сіңген білім ұшқыны бізді осы биікке жеткізді.
Біздің мектебіміз тек білім ордасы ғана емес, талантты шәкірттердің арманға қанат қаққан мекені. Дарынды шәкірттеріміздің жеңісі – ұстаздарының шеберлігі мен еңбекқорлығының көрінісі.
Бұл марапат ауыл мектебінің білім мен руханияттың алтын бесігі екенін дәлелдеді. Біз тек білім беріп қана қоймай, ұлттық болмыс пен адамгершілік құндылықтарды сақтайтын, болашақ көшбасшыларды тәрбиелейтін киелі мекенбіз. Еліміздің әрбір түкпіріндегі ауыл мектебіне біздің жеңісіміз шабыт сыйлайтынына сенеміз, – дейді мектеп директоры Батырбек Тәңірбергенов.
Ұлттың алтын қазығы саналатын ауылдан шығып, білімнің биігін бағындырған жас дарындар тағы бір мәрте жеңіс жалауын желбіретті. Қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиадада ауылдың мақтаныштары керемет жетістіктерімен көзге түсті. Бұл жеңістер – тек ауыл емес, бүкіл елге ортақ қуаныш.
Азат Қыстаубай – қазақ тілі мен әдебиетінің жас хас шебері. Ана тілінің әсемдігін жүрегімен сезініп, рухын өлең мен прозаның нәзік өрімдеріне айналдыра білген Азат 11-сыныпта жүріп-ақ республикалық сайыста 2-орын иеленді. Жетекшісі Алпысбай Анаргүлдің білімі мен еңбегін де ерекше атап өту керек. Азат – ұлттық құндылықтардың мәңгілік шырақшысы екеніне ұстаздар бек сенімді. Ал орыс тілі мен әдебиетінің сырлы әлемін терең меңгеріп, шығармашылық шабыттың шыңына шыққан қос ару – Әсемай Масақбай мен Нұрайым Аманғазиева. Әсемай 11-сыныпта білім ала жүріп, республикалық додадан 3-орын еншіледі. Оның жетекшісі – өз ісінің шебері Гүлмира Акбаева. Нұрайым болса аталмыш білім бәйгесінде дараланып, 10-сыныптар арасынан оза шауып 3-орын иегері атанды. Оның ұстазы – Құралай Кенжетаева. Сонымен қатар, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Әлия Нартай да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, грамотамен марапатталды. Оның жетекшісі – білім жолындағы іскер әрі талапшыл Жанар Жүсіп.
Бұл жеңістер – ауыл мектептерінің әлеуетін, ұстаздардың ұшан-теңіз еңбегін және талантты шәкірттердің шексіз мүмкіндігін тағы бір дәлелдеді. Ауыл мектебі – тек білім ғана емес, арманның асқақтаған мекені екенін ұмытпағанымыз жөн. Жеңімпаздар мен олардың жетекшілеріне алда талай асуды бағындырады деген сенім мол.

Жеңімпаз жүлде иегері
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетіне Нархоз университетінен педагогтер мен мектеп оқушыларының цифрлық дағдыларын арттыруға бағытталған жобаны іске асыру  бойынша математика, физика, информатика пәндерінің педагогтеріне арналған семинар өткізу туралы хат келген.
Аталған семинарда өзекті Python бағдарламалау, 3D модельдеу, Cisco Networking, білім беру саласындағы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік тақырыптары қарастырылды.
Оқу мерзімі 72 сағат, оның 48 сағаты – оффлайн оқыту, Алматы қаласында Нархоз университеті корпусында 2024 жылдың 28 қазанынан 2 қарашасы аралығында өткізілді. 6-шы күн: DIGITALIZATION HACKATHON – топтық және жеке жобалар қорғалды. Аталған жобада Қызылорда облысы Қазалы қаласы Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Қайрат Баймаханов «DIGITALIZATION HACKATHON» іс-шарасына қатысып, жеңімпаз жүлдесін иеленді.

Нұржан – республикалық олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы
Астана қаласында өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған II Республикалық олимпиадасында Қазақстан тарихы пәні бойынша республикалық олимпиаданың республикалық кезеңіне Қазақстан тарихы пәні бойынша №266 мектеп-лицейдің білім додасында облыс намысын қорғаған дарынды оқушы Нұржан Орымбет бірінші орын иеленіп, екі дүркін жеңімпаз атанып, жеңіспен оралды. Шәкіртінің білім көкжиегін кеңейтіп, талабын ұшатп жүрген ұстазы-жетекшісі Ерғазиева Мөлдір Қырғызбайқызы.
– Шәкірттеріміздің жеңіс тұғырынан көрінуінде білім ордасымен қатар ата-ананың да басым үлесі бар. Осы орайда оқушыларды жеңіске жетелеген білікті ұстазымыз Мөлдір Қырғызбайқызына алғыс білдіреміз. Жеңісті күндеріміз көп болсын. Біздің шәкірттеріміздің ісін, талабын қолдап, мектеп ұжымымен бірлікте жұмыс жасайтын ата-аналарымызға да алғысымыз шексіз, – деді мектеп басшысы Ерлан Өтепбергенов.
Лицейліктер жеңімпаз Нұржанды үлкен құрметпен күтіп алды.

Жас ғалымдар жарысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», – деген болатын.
Қазалы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында Қазалы қаласындағы мектептердің 7-9 сынып оқушылары арасында «Ел таныған еңбеккерлер» атты қалалық ғылыми жобалар байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты – еңбек саласында елеулі жетістіктерге жеткен жергілікті тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеу арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беру, оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру, әртүрлі кәсіптерді тануға қызығушылық ояту және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға баулу. Қазалы    қаласынан шыққан тұлғалар мен еңбек адамдарын насихаттау.
Байқауға Ғ.Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінің директоры Р.Асанова, ардагер ұстаз Қ.Саниязов, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары Ш.Баекеева қазылық етті.
Байқау қортындысымен бас жүлдені «Алпысбай Мұсаұлының қазақ әдебиетіндегі юмор мен сатира жанрын зерттеудегі үлесі» тақырыбымен М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің оқушысы Аяна Файзуллаева (Жетекшісі: Абдуллаева Әлия), бірінші орынды «Өмірі өнегелі ардагер - Нұрылла Нұрекешов» тақырыбымен Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің оқушысы Әсел Әбдіхалық (Жетекшісі: Нұрекешова Жанат), екінші орынды «Генерал-­майор Әлімжан Ерниязовтың әскери қызмет жолы және Қазақстанның қорғаныс саласына қосқан үлесі» тақырыбымен М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің оқушысы Мейірхан Мінажатов (Жетекшісі: Еркебалаева Қырмызы), үшінші орынды «Ақылдылық пен қамқорлықты ұштастыра білген Тайғара ата» тақырыбымен Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің оқушысы Сражадин Нұрай мен «Алтын қаламды еңбеккер» тақырыбымен Динара Разахберген (Жетекшісі: Әшірбекова Гүлжанат) иеленді.
«Үздік зерттеуші» номинациясына «Мерейі үстем – Мерей» тақырыбымен Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің оқушысы Бақытбек Бейбарыс және «Үздік жоба» номинациясына «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз – Жұмабек Игіліков» тақырыбымен М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің оқушысы Ерсұлтанқызы Бағжан лайық деп  танылды. М.Горький атындағы 16 мектеп-лицейдің оқушысы Жақсылық Дарын (Жетекшісі: Бекбосынова Әсия) «Қазалы қаласынан шыққан тұңғыш кәсіпкер ана – Зибаш Баймаханова» тақырыбымен, «Ептілікпен жеткен еңбек» тақырыбымен Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің оқушысы Панабек Айару (Жетекшісі: Бердақ Дәмелі), «Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артыңда» тақырыбымен Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің  оқушысы Оңталап Аяжан (Жетекшісі: Ідірісова Мөлдір), «Қазыналы қарт ата» тақырыбымен Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің оқушысы Дүйсенғали Салтанат (Жетекшісі: Шайықова Жадыра), «Тәттіден тапқан табысын» тақырыбымен Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің оқушысы Жетес Аружан (Жетекшісі: Марат Алтын) ғылымға деген жігері үшін көрермен көзайымы болды.
Ғылыми жобалар байқауын Қазалы қаласының әкімі Қайрақбай Жақсыбайұлы қортындылап, жеңімпаздарға Қазалы қаласы әкімінің дипломдары мен алғыс хатын, бағалы сыйлықтарын табыстады.

Үздік балабақша меңгерушісі
Бұл байқау мектепке дейінгі ұйымдар меңгерушілерінің жұмыс тәжірибесін анықтау және тарату, олардың кәсіби деңгейін арттыруды көздейді. Нәтижесінде озық жобасымен көзге түскен №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Коланова Жанат жеңімпаз атанды.
Сонымен бірге №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасының басшысы Эльмира Нұрмағанбетова екінші орынды жеңіп алып, үздік үштікті №2 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Анар Кеулімжай және №11 «Балапан» бөбекжай балабақшасы меңгерушісі Сәулегүл Мұқашова қорытындылады.
Бұдан бөлек, №28 «Ақбота» бөбекжай-балабақшасының басшысы Гүлнұр Ережепова мен №9 «Балауса» бөбекжай балабақшасы меңгерушісі Шынар Муберекова алғыс арқалады.

Бетті дайындаған
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
21 желтоқсан 2024 ж. 15 0

Бензин қымбаттады

06 ақпан 2025 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728