Қауесет пен қаңқу сөздерге нүкте қойды
Фото: Ақорда
Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай мен Жарқынбек Амантайұлы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ана тілі» басылымына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай мен Жарқынбек Амантайұлы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ана тілі» басылымына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аманжол Әлтай өз сөзінде ашық сұқбатта Тоқаевтың Парламенттің бүгінгі жұмысына оң баға бергенін, сол сияқты депутаттардың азаматтық және саяси жауапкершілікті сезіне атқарған жұмысына көңілі толатынын жеткізді.
«Әр істің ақиқаты салыстырмалы күйде айқындалады. Отыз жылдағы өткен кезеңмен салыстырғанда Парламенттің ықпалы артып келеді. Мәжілістің төрі – қоғамдағы ең көкейкесті мәселелердің ашық талқыланатын алаңына айналуда. Сайлаушылардың халық қалаулыларына деген сенімі нығаюда. Президенттің жылы пікірі – атқарылған жұмысымызға артылған үлкен сенім. Сондықтан да алдағы уақытта халықтың үмітін, мемлекет басшысының сенімін ақтау – басты парызымыз.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі мерзімге сайланған менеджер ғана, деді. Қарапайымдылық пен жауапкершіліктің — өнегелі үлгісі! Олай болса халық алдындағы жауапкершілік пен борышты міндетті заң шығарушы билік өкілдері де, атқарушы билік те ұмытпауы тиіспіз. Сонда ғана президенттің «Ықпалды Парламент — Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы оң нәтижесін беретін болады.
Сұқбатта сараланғандай «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтау – әділетті қоғамның ортақ мақсаты болуы маңызды. Халықаралық геосаяси ахуал ушығып тұрған бүгінгі күрделі кезеңде ең бірінші біз, ішкі бірлікті бекіте түсуге, ортақ мақсатқа жұмыла білуге күш салуға тиіспіз. Президенттің Ұлт басылымына берген сұқбаты – өткенді саралауға, бүгінді бағамдауға, болашақты бағдарлауға жол ашады», - дейді Аманжол Әлтай.
Өз кезегінде депутат Жарқынбек Амантайұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын зор ықыласпен оқып шыққанын, ұлт газеті – «Ана тілі» газетінде жарияланған сұхбатта елдің кешегісі мен келешегі туралы ауқымды мәселелер қамтылғанын айрықша атап өтті.
«Бәрінен бұрын, ел ішінде кезіп жүрген түрлі қауесет, қаңқу сөздерге нүктесін қойып берді. Осы тұрғыдан бағалайтын болсақ, жыл басындағы президенттің сұхбаты тұрақтылық пен тыныштыққа кепіл болатын құжат деуге болады. Әсіресе, қоғамда заң мен тәртіп қағидасын іске асырудың маңызы жан-жақты айтылды.
Президент қоғамдық және саяси институттардың жұмысын әділ бағалады. Соның ішінде Парламент депутаттарының жұмысына жоғары бағасын берді. Бұл да орында айтылған пікір. Өйткені, Парламенттің ықпалы артып, қоғамның тыныс-тіршілігіне әсер ететін заңдарды қабылдады.
Әйелдер мен жасөспірімдердің зорлық-зомбылығына, есірткі бизнесіне, лодоманияға, вандализмге қарсы мәдениетті қалыптастыратын бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Бұл құқықтық мемлекетке айналуымызда шешуші рөл атқаратын тетік деп білемін», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.