«Жыл адамы» анықталды
Республикалық «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2024 жылғы «Жыл адамы» анықталды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасына қолдау көрсетті. Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары арқылы өткізілді. Барлық дауысты есепке ала отырып, арнайы құрылған Сарапшылар шешім шығарды. Ендеше «Жыл адамы – 2024» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар.
Жылдың басты оқиғасы – Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі.
Жыл жетістігі – Жыл жетістігі Қазақстанның халықаралық сарапшылар қауымдастығы алдында «орта держава» ретінде орнығуы, бұл біздің еліміздің жаһандық үдерістердегі рөлінің артқанын және әртүрлі көпжақты форматтарда шешімдер қабылдауға ықпал ету мүмкіндіктерінің кеңейгенін көрсетеді.
Жыл датасы – 2024 жылы 16 мамырда заңға Қазақстан Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талабы енгізілді. Сонымен қатар ҚР Конституциясы мен ел тарихынан да сынақ тапсырады. Бұл талапты заңға ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса. Осындай өте маңызды мәселені бұған дейін парламентте ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев екі рет көтеріп, депутаттық сауал жасаған болатын.
Қазақстан Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру – ел отыз жылдан бері күтіп келе жатқан, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңды талап.
Жыл саясаткері – Ерлан Қарин.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Қазақстанда 1929-1956 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының 2,4 миллионнан астам мұрағаттық карталарын құпиясыздандыруға көп еңбек сіңірді. Атап айтқанда, өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығы 688 мың іс жинақталған. Бұл жұмыс Мемлекеттік кеңесші төрағалық ететін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметі аясында жүзеге асырылды. 2023 жылы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 31 томдық кітаптар жинағын ұсынды. Басылым Мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесі болып табылады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен жарық көрген «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық жинақ – ұлтымыздың тарихына қосылған баға жетпес қазына. Ұлттық рухты жаңғырту жолындағы маңызды еңбекте Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бұрын-соңды жарияланбаған құжаттары мен материалдары топтастырылған, бұл өз кезегінде ғылыми қауымдастық үшін тың дереккөз болып табылады.
Жыл жазушысы – Роллан Сейсенбай және Жүсіпбек Қорғасбек.
Роллан Сейсенбай былтыр ғана бірнеше беделді Халықаралық ұйымдардың ұйғарымымен (Америка, Англия, Германия, Франция, Италия, Испания, Украина, Жапония, Қытай және Үндістан) «Әлемнің Алтын жазушысы» атанып, Алты алаштың абыройын аспандатқан еді. Енді көрнекті қаламгер таяуда Леонардо да Винчи (Германия-Италия) атындағы сыйлықтың лауреаты болып ұлт мерейін тағы тасытты.
Сондай-ақ биыл Роллан Шәкенұлының «Мертвые бродят в Песках» («Құм кезген өліктер») роман-эпопеясы Санкт-Петербургтің «Пальмира» баспасынан жарық көрді. Мың өліп, мың тірілген Қазақ елінің сан қатпарлы тағдыры кескінделетін тартымды шығарманың енді қалың орыс оқырманын да ойға батырары даусыз.
Жүсіпбек Қорғасбек «Жансебіл», «Жынды қайың», «Көкжалдар» сияқты бірқатар кітаптардың авторы. Белгілі жазушының туындылары оқырман қауымға жақсы таныс. Қаламгер биыл «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері атанды. Жазушы аталмыш сыйлық әдебиетте қалыптасқан «миф қамалы» туралы «Сайтанның ойыны» атты әдеби эссе үшін берілді.
Жыл ақыны – Алмас Ахметбекұлы.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар талантты ақындардың бірі. «Көк тудың желбірегені» атты ел аузында жүрген әннің сөзін жазған автор осынау ғажап әні арқылы Отанымыз – Қазақстанды қастерлеуге үндеп келеді. Биылғы жылы ақын «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен өткен әйгілі Жошы хан негізін қалаған Алтын Орда ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орданың атасы – Жошы хан» халықаралық жыр мүшәйрасының Жошы хан атындағы Бас жүлде иегері. Сондай ақын «Мың жылдық мұрат» поэмасымен Әлмерек абызға арналған халықаралық мүшайраның бас жүлдесін жеңіп алған.
Жыл режиссері – Данияр Саламат.
Режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылып, «Алтын кубок» иеленді. Туындының әлемнің ең озық 14 фильмінен озып, көрермендерді ерекше таң қалдыруы – әлемдік кинодағы тарихи жеңіс болып табылады.
Жыл актері – Бақыт Қажыбаев.
Көрерменнің ұлттық намысын оята білген тарихи телехикая «Міржақып. Оян, қазақ!» атты фильмде басты кейіпкер Міржақып Дулатұлы рөлін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бақыт Қажыбаевтың сомдағаны белгілі.
Қазақстан киносыншылары қауымдастығы өткізген дәстүрлі «Сыншылар таңдауы – 2024» киносыйлығында аталмыш фильмнің басты кейіпкері Бақыт Қажыбаев «ҮЗДІК ЕР АДАМ БЕЙНЕСІ» номинациясын жеңіп алды.
Жыл әншісі - Нұрлан Өнербай.
Қазақтың дүлдүл әншісі Нұрлан Өнербай - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. Жезтаңдай әнші 2024 жылы қос астанадан бастап, бірнеше қалаларда концерт өткізіп, тыңдармандарын қуантты.
Оның орындауындағы "Қарағым-ай", "Анашым", "Мен қазақ қыздарына қайран қалам", "Ауылым" сияқты әндердің көбі халықтың құлағына сіңіп, жатталып қалған туындылар. Кезінде ол шырқаған әндео ғарышта да шырқалғанын білеміз.
Нұрланның дауысында ешкіммен шатастырмайтын қазақы ұлттық бояу бар. Жүз әншінің ішінен Нұрланның дауысы ерекше естіледі.
Тарлан әнші ұзақ жылғы еңбегі мен қазақ руханиятына сіңірген еңбегі үшін 2024 жылы жоғары марапат - "Барыс" орденінің иегері атанды.
Жыл композиторы – Рахат-Би Әбдісағын.
Композитор және пианист, өнертану шебері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ең дарынды өнерпазға» кубогының иегері. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» Ұлттық жобасының жеңімпазы. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Рахат-Би Әбдісағин Ұлыбританиядағы ең көне және ең маңызды марапаттардың бірі болып табылатын (Worshipful Company of Musicians of London) Лондон музыканттарының табынатын компаниясының осы жылы беделді күміс медалін алған алғашқы қазақстандық болды.
Жыл депутаты – Ермұрат Бапи.
Ширек ғасырдай елдік мүдде бағытындағы күресте батыл әрекетімен танылған Ермұрат Бапи Парламент Мәжілісінде қоғамда әбден белең алған парақорлық пен сыбайластыққа жалғасқан әділетсіздік, заңсыздықпен тартыста, әсіресе, халықтың несібесі – жер байлығын сатқан алпауыттармен арпалыста азулы қайраткер екенін танытты. Халық қалаулысы ретінде теңдік сұрап, өзіне жүгінетін қаймана жұрттың ділгірлігін шешуде де тісқаққан маман ретінде көпшілік құрметіне бөленіп үлгерді.
Депутат кейбір көрші елдердің озбыр пиғылына да төзбей, өзінің нағыз ел жанашыры екенін анық көрсетті. Ол көптеген депутаттық сауалдар жасап, бірқатар маңызды мәселелер көтерді.
Жыл әкімі – Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда аймағының тұрғындары Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлігін аңыз қылады. Мысалы, оның облыс бюджетінен бес млрд. теңге сұраған спорттық «Қайсар» клубына: «Бұл – халықтың қаражаты. Мен бес млрд. теңге төлеп футбол клубын ұстамай-ақ қояйын. Одан да осы ақшаны өз иесі – елдің игілігіне жұмсағаным жақсы» – деп кесіп айтқан әкім шешіміне қалай тәнті болмассыз!
Нұрлыбек Машбекұлы кеше ғана облыстың жыл көлемінде атқарған жұмысы жөнінде республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне есеп берді.
Қарап отырсақ, аталмыш өңір барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің нәтижесі бойынша республикада бірінші орынға шығыпты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі – 0,8 (903,5 млрд. теңге), өңдеу өнеркәсібі – 22,8 (298,1 млрд. теңге), ауыл шаруашылығы – 3,0 (193,1 млрд. теңге), тұрғын үй – 7,4 (697,0 мың ш.м.), көлік – 3,5 (241,8 млрд. теңге), сауда – 6,5 (656,0 млрд. теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 50 (193,9 млрд. теңге) пайызға артқан екен. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облыс бюджеті 744 млрд. теңгеден асыпты. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд. теңге екен. Яғни, өсім 204,4 пайызға жеткен!
Жыл министрі – Саясат Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрі ретінде ол ғылым мен жоғары білім саласында ауқымды реформа жүргізді. Соңғы 3 жылда ғылым саласын қаржыландыру 3 есеге, ғылыми жобаларды коммерцияландыруға бөлінген қаражат 4 есеге өсті. Шетел университеттерімен ынтымақтастық жандана түсті. Елімізде шетелдің озық университеттерінің 19 филиалы ашылды. 2021 жылдан бастап білім беру жүйесін кадрларды даярлаудың озық үлгісіне қайта форматтау үшін «Қазақстанның жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленді.
Жыл суретшісі – Шоқан Төлеш.
Суретші өз туындылары арқылы Мергенов, Сыдыханов, Сидоркин, Телжанов және басқалардың өнерін жаңа деңгейге көтере білді. Өнер иесінің шығармаларында мүсіннің, живописьтің (кескіндеменің), графиканың, композицияның тамаша синтезі, әртүрлі техникалар мен стильдердің, дәстүрлердің және мәдениеттер синтезі қолданылған. Биылғы жылы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында қазақтың әйгілі суретшісінің «Аспан» атты жеке көрмесі өтті.
Жыл ұстазы – Нұржан Байсақов.
«Қазақстан мұғалімі – 2024» ұлттық сыйлығының иегері. Үздік мұғалімдердің арасында өткен бұл байқау рекордтық көрсеткішті көрсетіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2200-ден астам педагог қатысып, олардың арасынан 10 үздік ұстаз іріктеліп алынды. Олардың қатарында елордалық Нұржан Байсақов та бар. Астанадағы Экономикалық лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін ол мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің өркендеп дамуына зор үлес қосып келеді.
Жыл ректоры – Ақылбек Күрішбаев.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры. Ғылым мен жоғары білімді дамытудағы үлкен жетістіктер оның есімімен байланысты. Ол Қазақстан мен Польшаның ғылыми қауымдастықтарының ынтымақтастығына үлкен үлес қосты. Ректордың осы еңбегі жоғары бағаланып, үздік ректор атанды.
Жыл дәрігері – Абай Байгенжин.
Жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау саласының көрнекті ғалымы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан Республикасына денсаулық сақтау саласындағы ерекше жетістіктері мен ерекше қызметтері үшін еліміздің үш дәрігеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген» дәрігері» атағы берілді.
Солардың бірі – «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ бас директоры Абай Байгенжин.
Жыл ғалымы – Жаппар Жұман.
Қазақстанның ғылыми ортасында кең танымал көрнекті ғалым, экономист-кибернетик, белгілі педагог және білікті жоғары мектеп ұйымдастырушысы. Ғылым және қоғам қайраткері, Украина және Қазақстан Республикасы экономика ғылымдарының докторы, профессор. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі және құрметті қызметкері. Қ.И.Сәтбаев, Ш.Ш.Уәлиханов және академик А.И.Бараев атындағы Мемлекеттік сыйлықтарының иегері. Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғылым мен техниканың дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері.
Оның ғылыми жетекшілікпен экономика мамандықтары бойынша 7 докторлық, 23 кандидаттық, 3 PhD докторы және 86 магистрлік диссертациялары қорғалды, сондай-ақ 50-ден астам докторлық диссертациялар қорғалу барысында үлкен септігі тиді. Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған көрнекті ғалым.
Халықаралық инновациялық технологиялар академиясының президенті. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің "Халықаралық қолданбалы зерттеулер орталығы" директоры.
Жыл журналисі – Арман Сқабылұлы.
Ел журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан белгілі журналист, публицист Арман Сқабылұлы биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Қарымды қаламгер ретінде есімі оқырман қауымға етене таныс Арман Сқабылұлының 2024 жылы «Әкем мен Жәкем» атты естелік эсселер жинағы жарық көріп, елорда төрінде тұсаукесері өтті.
Кітаптың алғысөзінде белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса жазғандай «Арманның қолтаңбасында адамды баурап алатын әдемі бір жылы иірім бар. Әдемі әзілдермен әдіптелген әңгіме, эсселер қиюын тауып қыш қалағандай бірінен соң бірі көз тартады. Ішкі әлеміне тарта жөнелер тартылыстың сыры шығарманың шынайылығында жатыр деп ойлаймын. Кітапты қолға алған оқырман осы бір Хан Тәңірінің тұнық бұлағындай бастауға бас қойғаннан, кітаптың аяғына қалай жетіп, қалай тез бітіргенін білмей қалады» деп өзінің жоғары бағасын берген болатын.
Жыл кәсіпкері - Сайдулла Қожабаев.
Сайдулла Қожабаев «Alageum Electric» компаниялар тобының негізін қалаушы.
Alageum Electric тобының құрамына кіретін Кентау трансформатор зауыты посткеңестік кеңістіктегі трансформаторлық жабдықтардың ірі өндірушісі. Сонымен қатар Alageum Electric Еуропаға жабдық жеткізетін отандық ірі компания. Холдингтің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұған дейін жабдық ТМД және Таяу Шығыс елдеріне экспортталған.
Alageum Group электротехникалық холдингі құрамына 30-дан астам кәсіпорын кіреді, оның ішінде Кентау, Орал және Ақтаудағы трансформатор зауыттары, сондай-ақ Алматыдағы электромеханикалық зауыт бар.
Сайдулла Қожабаев «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі» төсбелгісімен марапатталған.
Атап өту керек, Сайдулла Қожабаев басқаратын Alageum Electric холдингі мемлекеттік тілді дамытуды қолдап QAZAQ TILI Endowment қорына 100 миллион теңге аударған болатын.
Сайдолла Қожабаев 2024 жылы су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Зардап шеккендерге 17 пәтердің кілттері табысталды. Alageum Electric демеушілігімен 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сәтті өтті. Компания осы халықаралық іс-шараға 1 млрд теңге бөлді. Өнеркәсіптік компанияның Негізін қалаушы бола отырып, Сайдулла Қожабаев энергетика саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді ерекше назар аударады. Соңғы 5 жылда компания қазақстандық ғалымдардың әзірлемелерін 2 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырды.
Өнеркәсіптік холдинг зауыттары орналасқан өңірлерде де ірі әлеуметтік жобаларды іске асырады. Alageum Electric 2024 жылы Шымкент қаласының Ордабасы ауданындағы субұрқақты қайта жаңартуға 80 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. Осы қалада компанияның жоғары қуатты трансформаторлар мен реакторлар шығаратын Asia Trafo заманауи зауыты орналасқан.
Жыл меценаты – Нұрлан Смағұлов.
Ол «Ана үйі» қайырымдылық жобасының қатысушысы. Сонымен қатар меценаттың «Astana Group» компаниясы коронавируспен күресуге 176 миллион теңге бөлді.
Ал «Astana Motors» атты компаниясы Pro Team Astana кәсіби велокомандасына, «Батылдық бірінші болу» қайырымдылық марафонына, «Алматы туры» халықаралық веложарысына, «Қазақстан Барысы» ұлттық күресінен республикалық турнирге және басқа да спорттың түрлерінен жарыстардың өткізілуіне қолдау көрсетті.
Нұрлан Смағұлов Қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірлесіп 6,1 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлді.
Кәсіпкер және меценат Нұрлан Смағұловтың жеке бастамасымен танымал замандастардың мүсіндері пайда болды: режиссер Шәкен Айманов, жазушы Герольд Бельгер, альпинист Анатолий Букреев және актер Юрий Померанцев.
Жыл спортшысы – Елдос Сметов.
Париж Олимпиадасының алғашқы жарыс күнінде қарсыластарын сыпыра жеңіп, ел абыройын асқақтатқан балуан. Осылайша Елдос дзюдо күресінен қазақ елінің тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Қазақтың қарадомалақ ұлы осы спорт түрінен тарихта тұңғыш рет алтыннан алқа тақты.
Жыл диаспора үздігі – Александра Мыскина.
Қазақстанның мемлекеттік тілін құрметтейтін, бағалайтын, туған елі мен жерінің қадір-қасиетін сезінетін қазақстандықтардың қатарының артуына өзінің септігін тигізіп келеді. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Көптеген жобалардың авторы әрі ұйымдастырушысы ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында кезекті «Үйде сөйле» жобасын қолға алып, аулалық клубтар ашып, қазақ тілінің бай да көркем, құнарлы сөз өнерін дәріптеу жолында елеулі еңбек етіп келеді.