Айнымаған адалдық пен антынан
Мейіркеш еңбегіндегі қажеттілік жан-жақты. Оның ісі өмірге, адамның құқығына және құндылығына деген сыйластықты түсіндіреді. Ол адамның ұлттық, нәсілдік белгілеріне, қай дінге сыйынуына, жасына, жынысына, саяси немесе әлеуметтік жағдайына шек қоймайды. Мейіркеш көмегін қажет ететін жандар алдында үлкен жауапкершілікке ие болады.
Сондықтан да халық денсаулығының мықты болуы еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың қолында екендігі мәлім. Осы ретте ауданның денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген «Қазалы теміржол ауруханасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас мейіргері Іңкәр Елубаева жайлы атап өтуді жөн көрдік. Әйтеке би кентінің тумасы мектеп бітіре сала, Талдықорған қаласындағы мейіркештер дайындау училищесінде білімін жетілдірді. Осыдан қырық жыл бұрын алғаш еңбек жолын Қаратал қаласының аудандық ауруханасында терапия бөлімінің мейірбикесі есебінде бастаған. Кейін осы ауруханада селолық дәрігерлік амбулаториясында және стерильдеу бөлімінің мейірбикесі қызметінде болды. Сосын Үштөбе қаласының инфекциялық бөлімінің мейірбикесі қызметіне ауыстырылған. Ал 2001 жылы Қазалы теміржол ауруханасының неврология бөлімінің мейірбикесі есебінде жұмысқа қабылданған. Мұнда неврология бөлімінің жауапты және нейроинсульт бөлімінің аға мейірбикесі қызметін атқарды.
Биыл шілде айынан бастап, аурухананың бас мейіргері ретінде ауыстылылып, осы уақытқа дейін адал қызмет атқарып келеді.
– Іңкәр Елубаева жұмыс өтілінде өзін іс-тәжірибесі мол сауатты маман ретінде көрсете білді. Тәртіптілігімен, жинақылығымен ерекшеленеді. Шұғыл жағдайда жедел әрекет етеді. Медициналық манипуляцияларды жетік меңгерген. Білікті қызметкер тері астына, бұлшық ет арасына, көк тамырға дәрі егу мен тамшылатып құю ісін атқарады. Аурухана бойынша санитарлық-гигиена және противоэпидемиологиялық режим бойынша негізгі нормативтік құжаттардың талаптарын жақсы біледі, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының басшысы Құбыл Ршымбетов.
Өз ісіне мығым Іңкәр Елубаева ұжымдастарының айтуынша, қиын жағдайды қортындылай алады. Өзіне тиісті кәсіби құзіретінің және өклеттігінің шеңберінде шешім қабылдай біледі. Науқастың ауыр күйін және науқасты ауыр күйден алып шығу шараларын, медициналық көмектің көлемін және тізбегін анықтай алады. Қажетті шұғыл медициналық көмекті көрсете алады. Яғни жасанды дем жасау, жүрекке массаж жасау, уланған жағдайда асқазанды жуу сынды алғашқы жәрдем жасайды. Мұнымен қоса ауруханаға жатқызу үшін көрсеткіштерді анықтайды. Науқастың жағдайының сәйкестігін бақылайды. Медициналық техникалық манипуляциясын қолданады. Өмірге қажетті көрсеткіштерді анықтай алады. Талапқа сай дене қызуы, тамыр соғысы, дем алуын қадағалайды. Бұдан бөлек электрокардиография арқылы науқасының бар жоғын анықтап, қортындылайды.
Сонымен қатар ауыр терминалды жағдайда жатқан аурулар мен зардап шеккендердің күй жағдайын бағалап, бастауыш синдромдарын ерекшелейді. Уланған жағдайларды шұғыл дәрігерге дейінгі көмек көрсетеді.
– Қай жұмыста да өз жүктеулері бар. Жеңіл ештеңе жоқ. Қызметте жүргендіктен түрлі қиындықтар кездеседі. Сондықтан дәрі-дәрмектің фармацевтикалық ережесіне сәйкес алынуын, сақталуын, пайдалануын толық меңгергенбіз. Онсыз болмайды. Қызметтік міндетіме сәйкес, қажетті медициналық құжаттарды жүргіземін. Төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарға, науқастар мен зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі көмек шараларын жүргізу парызым. Кіршіксіз ақ халатты лайықты абыроймен киіп жүру үшін жалғыз өзім емес, ұжым болып науқастар мен халық арасында санитарлық ағарту жұмыстарын қадағалаймыз, – дейді Қазалы теміржол ауруханеасының бас мейіргері Іңкәр Елубаева.
Беделі биік ақхалатты абзал жан ұдайы кәсіби деңгейі мен білімін жетілдіріп отырады. Жүргізген жұмысының есебін жасап, оның тиімділігіне талдау жасауды темірдей тәртіптің нәтижесінде қызметтік әдетке айналдырған.
Әріптестері Іңкәр Елубаеваның еңбегіне, адами қарым-қатынасы мен өзін ұстау мәдениетіне дән риза. Аурухана тіркеуіндегі сырқаттанушылардың да риясыз алғысы шексіз. Себебі ол жұмыс кезінде өзінің ұйымдастыру қабілетін, білімділігін, жұмысқа деген белсенділігін көрсете білді. Әркез белсене адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Қандай да бір қиын жағдай кезіксе, аса сабырлылығымен өзін ұстай алады. Ықтимал дауларды болжап, оның күрмеулі түйіндерін ұтқыр шешеді. Қолы шипалы, аузы дуалы маман кез келген уақытта адамды түсіне де, қолдай да біледі. Әрдайым өз бетінше ізденіп, іскерлік белсенділік танытады. Бір сөзбен өз жұмысынан рахат алатын адам қатарынан десек жаңылмаймыз.
Сонымен бірге арухананың қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Ұжым мен халық арасында сыйлы маман саналады. Жас мамандардың үйретуші ұстазы ретінде өз білгенін үйретуден жалықпайды.
Бүгінде бірінші санатты мейірбике Іңкәр Елубаева отбасында 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА