Жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады
Сенат Төрағасы Палатаның жылдық жұмысын қорытындылады.
Отырысты ашқан Сенат Төрағасы, алдымен, Палатаның және жеке өз атынан Маңғыстау облысында болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Мәулен Әшімбаев төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік комиссия құрылып, құтқару операциясы аясында жедел қажетті шаралар қабылданғанын, сондай-ақ, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.
Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, заң тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларынан туындайтын мемлекеттік қызметке кіруді шектеу мерзімдерін, олардың салдарларының мөлшерлестігін айқындау, сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштердегі басшы лауазымдарды іріктеуді жетілдіру және оларды жасақтау сапасын арттыру, арнаулы, әскери атағын немесе жоғары басшы құрам мен басқаларының сыныптық шенін төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану тәртібін реттеуді және тағы басқа ережелерді айқындайды.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заң нормаларына сәйкес «қоғамдық жұмыстар» түріндегі әкімшілік жаза енгізіледі. Сондай-ақ құжат әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жаза қолдануға құқығы бар лауазымды адамдар шеңберін кеңейтуді көздейді. Іс қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылатын жағдайларда жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қайта қарау тәртібі де айқындалған. Жалпы, заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіруге және оңтайландыруға, сондай-ақ, құқық қолдану практикасында анықталған құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға мүмкіндік береді
Сенат Төрағасы бұл Палатаның биылғы қорытынды отырысы екенін айтты. Ол өз сөзінде 2024 жылғы заңнамалық жұмыстың нәтижесіне тоқталып, 2025 жылға арналған негізгі міндеттерге назар аударды. Биыл Парламент Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз етуге, халықтың осал топтарын қорғауға және басқа да маңызды міндеттерді іске асыруға арналған 104 заң қабылдады.
«Жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ, еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттілігімізді нығайту, қоғамның осал топтарын қорғау, ел экономикасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды салалар да қамтылды. Азық-түлік қауіпсіздігі және Экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдаулар өткізілді. Демографиялық өсу мәселесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден астам дөңгелек үстел мен Комитеттердің көшпелі отырыстары ұйымдастырылды. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолдадық», – деді Палата Спикері.Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев 2025 жылға арналған міндеттерді белгілеп берді. Олар сенаторлардың заңнамалық жұмысын одан әрі күшейтуді және өңірлермен өзара іс-қимылды жандандыруды көздейді.
«Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса бермек. Ертеңнен бастап сенаторлардың өңірлерге сапарлары басталады. Сапар кезінде тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек. Халыққа қабылданған заңдардың маңызын да кеңінен түсіндірген жөн. Келесі жылы Сенат Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген жаңа Бюджет, Салық, Су, Құрылыс кодекстерін қарайды. Бұл құжаттардың еліміз үшін маңызды екенін ескере отырып, оларды мұқият пысықтауымыз қажет», – деп, Мәулен Әшімбаев әріптестерін Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді іске асыру жолында белсенділік танытуға шақырды.Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Андрей Лукин шекаралық өткізу пунктеріндегі инфрақұрылымдық мәселелерге назар аударды. Сенатор осы бағытта бірқатар шешім ұсынды. Оның ішінде жүк көлігі үшін сервистік күту аймақтарын құру, шекара маңындағы теміржол стансаларын жаңарту сияқты шаралар бар.
Ғалиасқар Сарыбаев ғарыш саласының негізгі проблемаларына тоқталды. Депутаттың айтуынша, «Бәйтерек» жобасын іске асыруға ерекше көңіл бөлген жөн.
Нурия Ниязова «Медеу» мұз айдынының спорттық даңқын қайта жандандыру жөнінде бастама көтерді.
Жанболат Жөргенбаев Үкіметті Алматы облысындағы Алатау қаласының құрылысына мемлекеттік қолдауды арттыруға және қолға алынған жобаларды іске асыру үшін 2025 жылға арналған республикалық бюджеттен қаражат бөлуге шақырды.
Бибігүл Жексенбай мәслихаттарды цифрландыру сапасына байланысты мәселелерді көтерді. Осыған байланысты сенатор жағдайды жақсартуға, қызметтерді алу процесін автоматтандыру арқылы халықтың қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізуін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.