Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төмен баға, маркетинг пен үздіксіз науқандар: Қытайлық маркетплейстер әлемдегі шағын және орта бизнесті қалай "тұншықтырып" жатыр

Төмен баға, маркетинг пен үздіксіз науқандар: Қытайлық маркетплейстер әлемдегі шағын және орта бизнесті қалай "тұншықтырып" жатыр

Онлайн сауда тек әлемде емес, Қазақстанда да қарқынды дамып келеді. Үйде отырып-ақ азаматтар әлемнің кез келген нүктесінен тауар тапсырыс бере алады. Сәйкесінше сұраныс артқан сайын, нарықта түрлі ойыншылар пайда болады. Әйткенмен шетелдік маркетплейстер өздерінің төмен бағасы және агрессивті маркетинг әдістерімен отандық шағын және орта бизнестің болашағына балта шабуы мүмкін. Stan.kz шетелдік маркетплейстердің отандық кәсіпке тигізер әсерін сараптап көрді.
Фото: pixabay.com
Маркетплейс арқылы тауар тапсырыс беріп көрмеген адам жоқ шығар. Себебі арзан, көбінде белгілі сомадан асқан соң тегін жеткізіп береді. Оның үстіне керек затты іздеп, дүкен не базар аралап жүрудің қажеті жоқ. Сондықтан азаматтар керегін алдымен маркетплейстен іздейді.
Қазақстандықтардың арасында бір компанияға тиесілі Temu мен Pinduoduo маркетплейстері кең тараған. Аз уақыттың ішінде сервистердің танымалдылыққа ие болуына төмен баға мен үздіксіз науқандар себеп болып отыр. Ал агрессивті маркетингі тауар сатып алмасқа амал қалдырмайтындай.
Temu мен Pinduoduo Қазақстанда тіркелмеген. Сәйкесінше елде кеңселері жоқ, бюджетке тиісті көлемде салық төлемейді, кеден алымдары мен баж салығы ел қазынасына түспейді. Бұл, ең алдымен, кәсібін заңды жолмен жүргізіп отырған шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне кедергі келтіреді. Оның үстіне Қазақстанда тіркелген маркетплейстерде қазақстандықтар да тауар сата алады. Сәйкесінше сатушы ретінде олар да мемлекетке салық төлейді. Ал қытайлық маркетплейстерде мұндай мүмкіндік жоқ. Демек тіркеудің жоғынан еліміз салық түсімдерінің бір бөлігінен қағылады.

Өзге елдерде бұл мәселемен қалай күресуде?
Аталған мәселе тек Қазақстанда емес, өзге елдерде белең алып отыр. Мәселен, 2024 жылдың қазанында Индонезия билігі Google мен Apple компанияларына Temu-ді ел аумағында бұғаттау туралы өтініш түсірген. Ел үкіметі бұл әрекетін елдегі кәсіпкерлерді қорғау шарасы деп түсіндірді. Сондай-ақ Temu-ге ел аумағындағы кез келген электронды коммерцияға инвестиция құюға тыйым салды.
Алдағы уақытта қытайлық Shein сервисі де осы мәселеге тап болуы мүмкін. Себебі 2023 жылы Джакарта тұтынушылар мен сатушылардың деректерін сақтау үшін ел аумағында сервисті бұғаттады.
Temu мен Shein сервистеріне Вьетнам билігі де бұғаттамақ. Вьетнам сауда министрлігінің дерегіне сәйкес, Temu қарашаның соңына дейін тіркеу процесін аяқтап үлгермеген. Сондықтан платформаның сайты мен қосымшасын жауып тастаған.
Фото: admitad.com
Қытайлық маркетплейстерге қатысты мәселе Вьетнамдағы салық заңнамасының өзгеруіне байланысты туындады. Жақында ел парламенті шетелдік платформаларға қосымша құн салығын төлеуді міндеттейтін өзгерістерді мақұлдады. Бұдан бөлек ел аумағына кіргізілетін құны 1 миллион долларға дейінгі тауарларға салық жеңілдіктері алып тасталған.
Күзде Шығыс елдерінен бөлек Батыс елдері де қытайлық сервистерге "соғыс" жариялады. Мысалы, Еуроодақ Temu сервисіне қатысты ресми тергеу бастады. Себебі дүкен заңсыз тауарлар айналымымен күресе алмайды деген қорытындыға келген. Сондай-ақ Еуропа елдері платформадағы агрессивті сауда әдістері мен тұтынушыларды алдауға арналған маркетинг әдістері жиі қолданылады деп дабыл қақты. Егер аталған күдіктер расталса, қытайлық маркетплейс қыруар айыппұл төлейді. Еуроодақ билігі кез келген сауда платформасы Цифрлық қызмет туралы заңды (DSA) сақтауға міндетті деп есептейді. Аталған заңнама Facebook-тан бастап Google-ға дейін барлық технологиялық компаниялардың қызметін бақылайды.
Еуропада Temu-ға қатысты тергеу Франция, Италия мен Нидерланд секілді елдердегі тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымдарынан шағым түскен соң басталды. Олардың дерегіне сәйкес сервис жеке кабинетті өшіру процедурасын қиындатып тастаған. Сонымен қатар бұл ұйымдар сервисте қолданылатын ойындарға да назар аударған.

Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?
Сауда-саттық Қазақстан экономикасында айтулы орын алады. Аталған сала жалпы ішкі өнімнің 18,2% тең. Сондай-ақ жұмыс істейтін халықтың 16,7% осы салада еңбек етеді. Қытайлық платформалардың нарыққа енуі жергілікті бизнеске қатер төндіреді. Салдарынан елде кәсіпкерлік белсенділік төмендеп, жұмыссыздық деңгейі артады. Оның үстіне Қазақстан алдыға шикізат экономикасынан өңделетін өнеркәсіпке ауысу міндетін қойып отыр. Сондықтан тиісті шара қабылдамаса, шағын өнеркәсіп кешендері жойылып кетуі әбден мүмкін.
Бұдан бөлек шетелдік маркетплейстердің қызметі бақылауға алынбаса, сапасыз әрі экологиялық тұрғыдан зиян өнімдер ел аумағына кедергісіз кіргізіледі. Тұрғындар үшін тауар арзан болғанымен, салдарынан денсаулық пен өміріне қауіп төнеді. 2024 жылдың басында Еуропалық ойыншық қауымдастығы Temu-де сатылатын ойыншықтардың 95% қауіпті екенін анықтаған.
Осылайша Қазақстанда Оңтүстік-шығыс елдері мен Еуропа билігі секілді тиісті шаралар қабылдамаса, шағын және орта бизнесті "тұншықтырып" тастауы ықтимал.
23 желтоқсан 2024 ж. 47 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031