Қазақстандықтардың зейнетақы ретінде алған сомасы белгілі болды
Биыл басынан бері республикалық бюджеттен 3,4 триллион теңгеден аса зейнетақы төленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, соның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 1 триллион 81,9 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 354,5 миллиард теңге қарастырылды.
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 миллион 428 мың адам.
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңге болды. Соның ішінде ортақ зейнетақы мөлшері – 88 967 теңге, базалық зейнетақы – 42 589 теңге. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ына тең. Әр қосымша жыл үшін бұл мөлшер 2%-ға артып, 20 жылдық өтілде 85%-ға, ал 30 жыл және одан көп өтілде 105%-ға дейін жетеді.
Міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына толық әрі тұрақты аударылған сайын базалық зейнетақының мөлшері артады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі (кемінде 6 ай) мен зейнетке дейінгі орташа айлық табысқа негізделіп есептеледі.
Еске салайық, бұған дейін Орталық Азия елдерінің статистика департаменттерінің сайттарынан алынған ақпаратқа сәйкес, қазір ең көп орташа айлық зейнетақы Қазақстанға тиесілі екенін жаздық. Елімізде азаматтар шамамен 89 275 теңге алады. Рейтингте Қырғызстан екінші орында. Онда Ұлттық статистикалық комитеттің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақының орташа мөлшері 9 379 сом (55 мың теңгеден сәл асады) болды.