Салтанаттың сәнді бұйымдары
Жуырда Қазалы қаласындағы «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасында өнегеге толы ғибратты кеш өтті. Қазақтың салт-дәстүрі дәріптеліп, қолөнер бұйымдарынан көрме жасақталды. Бірінен бірі өткен жауһар дүниелер жарқылдап, көздің жауын алды. Соның ішінде ерекше көзге түсіп, қыз-келіншектердің назарын еріксіз аударған әшекей бұйымдар еді. Талайды таң-тамаша қалдырған сырға, алқа, шашбау сынды дүниелерді жасаушы қолөнер шебері Салтанат Түменбаеваның жанына жақындап, тілдестік.
Салтанат Қызылорданың тумасы екен. Қазалы қаласына келін болып түскеніне он алты жыл толыпты. Алты баланың анасы он саусағынан өнер тамған нағыз шебердің өзі.
– Үлкен баламыз 11 сыныпта, екіншіміз студент. 6 және 2 сыныпта оқитын және балабақша жасындағы екі бөпем бар. Бала кезден тігінге құмар болдым. Қызыл-жасыл моншаққа қызығып, қолдан түрлі дүниелер жасауды жақсы көретін едім. 2015-2016 жылдары сән салонында жұмыс жасадым. Кейін отбасы жағдайыма байланысты үйде отырдым.
Үйде отырып та шаш әрлейтінмін. Бертін келе бала күнгі қызығушылығым қайта оянып, тігінге бет бұрдым. Өзім қол қусырып қарап отырғанды құп көрмейтін жандардың қатарынанмын. Қолдан келсе, неге жасамасқа деп тігіншілікті біржола жолға қойдым. Мендегі ең бірінші мақсат – ақша табу емес, жаным қалаған дүниемен айналысып, демалу. Әсемдікті, әдемілікті жақсы көремін. Бір істі бастасам, қашан біткенше дамыл таппаймын. Қолымнан шыққан әрбір бұйымға, киімге сүйсініп, керемет күй кешемін, – дейді Салтанат Қайратқызы.
Ең алғаш этно әшекейлер жасап бастаған Салтанат бертін келе тұсау кесер жабдықтарын, келіншектерге тюрбан, қыз балаларға кәжекей, оқушыларға этножакет тігеді. Бұдан бөлек ұлттық нақыштағы сырға, сақина, алқа, шашбау, түйреуіш, тағы басқа көптеген сәнді бұйымдарды тұтынушы талғамына сай етіп әзірлейді. Салтанат бойындағы бұл өнер анасы Роза Тынышбекқызынан қонды деп санайды. Өйткені, анасы да тігінге икемді, қолөнерге жақын.
– Қазақилығымыз жоғалмас үшін ою-өрнектер, ұлтымызға тән таңбаларды заманға сай дизайнда жасап, халыққа ұсынғым келеді. Нарықтағы бағасынан төмендетіп, көпшіліктің қалтасына қонымды баға айтамын. Бастысы – тапсырыс берушінің талғамынан шығу. Өзі кигісі келген немесе таққысы келген, ойындағыдай үлгіде бұйымды жасап беруге барыншы тырысамын. Шүкір, аз уақыттың ішінде тұрақты тұтынушыларым да жиналды. Бірінен-бірі көріп, тапсырыс беріп жатқан жандарда жетерлік. Сіз жасаған өнімді ақысын төлеп алып отырғандықтан тұтынушы ойымен санасу, талғамын дөп басу кез келген қолөнер шеберіне тән мінез болуы тиіс деген ойдамын», – дейді кейіпкеріміз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА