Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Саламатты ұлт – сенімді болашақ

Саламатты ұлт – сенімді болашақ

Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 30 пайызға дейін артады деп күтуде. Расымен солай ма? Министрлік таратқан мәліметтер бойынша, қазіргі уақытта елде 6187 мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны бар екен. Оның ішінде 492 аурухана мен 5 695 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Ал саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 23,2 пайызды ғана құраған. Осы мәселенің алдын алу мақсатында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы іске асырылуда. Онда саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайту және бұқаралық спортты дамыту, зиянды әрекеттерден ада болу шаралары жүзеге асырылады. Иә, әлемдегі барлық тіршілік иесіне тән өмір сүру ұзақтығы бар. Адам үшін орташа ғұмыр 85 жас шамасында делінеді. Дегенмен бұл жастан да ұзақ өмір сүретіндер бар. Медицина ғылымында қарттық, егделік туралы түрлі тұжырымда түрлі мәселелер көтеріледі. Ойланып, ортаға салып, пікір топтастырып көрейік.

Аида РАЙЫС,
Қазалы ауданаралық орталық ауруханасы
«Хирургия» бөлімінің мейіркеші:

– Қазір әлем бойынша денсаулық сақтау саласында саламатты өмір салты ұғымы күн өткен сайын өзекті болып келеді. Өзімізді күту – ұзақ және сапалы өмірдің кілті. Былтыр халық арасында саламатты өмір салты бойынша 1,4 милионнан астам іс-шара өткізілген екен. Инфекциялық емес ауруларды азайту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты қалалар», «Саламатты мектептер», «Саламатты университеттер» жобалары тұрақты жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саламатты өмір салтын насихаттауды күшейту, денсаулық мәселелері, халықтың сауаттылығын арттыру бойынша 2023-2025 жылдарға арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді. Сала мамандары қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесінің артуына сенім мол. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, адамның саулығы медицина жүйесіне небәрі 10 пайыз тәуелді екен. Ал 50 пайызы өмір сүру сапасына, денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне, өмір салтына тікелей байланысты. Бұл үшін қоғам да, жеке адам да бір кісідей жұмылып, күш-жігерлерін біріктірулері қажет. Басты мақсат та сол – тән мен рухты сауықтыру. Өйткені барша адамзат денінің саулығы басты байлығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру. Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету. Төртінші бағыт – саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар. Иә, ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.

Оралкүл АБДӘЛИ,
«Болат жолы» емханасының аймақтық мейіркеші:
– Біздің басты байлығымыз – денсаулығымыз. Саламатты өмір салтын ұстанып, дәрігерге тұрақты тексеріліп тұруымыз қажет. Зиянды әрекеттерден аулақ болып, спортпен шұғылданып тұру да маңызды. Қазір алкогольді пайдалану мен оның салдарынан болатын ауру – әлемдегі ең маңызды мәселелердің бірі. Жыл сайын дүние жүзі бойынша алкоголь тұтынған 1 миллион адам қайтыс болады екен. Олардың көбі өкінішке орай жастар. Алкоголь 200-ден астам аурулардың, патологиялық жағдайлардың және жарақаттардың пайда болуының қоздырғыш факторларының бірі ретінде анықталған. Ол адам үшін канцерогенді зат ретінде жіктеледі. Сонымен қатар жүйке жүйесін әлсіретеді, ерік-жігерді әлсіретеді, адамды дөрекі, ашушаң, агрессивті етеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Аурудың өршіп кетпеуін қадағалайтын шараларды дер уақытында жүргізу қажет. Барынша тазалық сақтау керек. Саламатты өмір салтын ұстанып, салауатты жүргенге не жетсін? Ағзаның қорғаныш қабілетін табиғи жолмен шыңдау – ұлт денсаулығының басты кепілі. Әрине, дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның сыр бермеуіне ықпал етеді. Дүниежүзінің өркениетті елдерінің барлығында дерлік халық денсаулығы, әсіресе жастардың денсаулығы басты ұлттық құндылық және мемлекеттік саясаттың басым бағдары болып табылады. Әрбір адам саламатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулығына сақтықпен қараса жарқын өмірге жол ашылады. Сол үшін уақытылы дәрігер қарауына жазылып, тексеріліп тұрған дұрыс. Медицина десе «ат тонын ала қашатындар» бар. Ұзақ уақыт дәрігерге қаралмай, ауырып жүрсе де үйден емделеді. Сол үшін өзімізге керек денсаулығымызды күтіп, кез келген аурудың алдын алайық.

Сәулет ҚАЛДАШОВ,
медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі:
– Саламатты өмір салтын ұстану – әртүрлі бөліктен тұрады, әртүрлі мәселелерден құралады. Оны сақтай білу, кез келген аурудың алдын алу күн тәртібіндегі өзекті маәселенің бірі болуы қажет. Өзіміз күнделікті өмірден көріп-біліп жүргеніміздей, әр адамның әртүрлі қартаятыны белгілі. Қалыпты салмақты ұстанып, үнемі физикалық жат-тығулар жасап, шылым мен алкоголь сияқты зиянды әдеттерден бас тартқан адамдардың ұзақ жасайтыны рас. Бұрын басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, шетел асып емделіп келуге асығып тұратынбыз. Қазір жағдай мүлде өзгерді. Заманға сай күрделі тех-никалармен жарақтандырылған сәулетті медициналық мекемелер де, білімі мен тәжірибесі мол білікті дәрігерлер де өзімізден көптеп табылады. Бұл, әрине, қуанарлық әрі сүйсінерлік оң өзгеріс. Ендігі медицина саласында, оның ішінде, ұзақ өмір сүру қағидаларын күнделікті тірлігімізге енгізу барысында әлемді өзіне қарататын жаңалықтар Қазақстанда ашылып жатса, еш таң қалудың да реті жоқ шығар. Адамның физикалық және психикалық ахуалын барынша жақсартатын белсенді ұзақ өмір – қоғамға да, сол қоғамның әрбір мүшесіне де пайдалы. Қазір кейбір жастарымыз аурушаң, әлсіз келеді. Әскерден жалтарып, барғысы келмейтінінің де себебі сол ма дейсің кейде. Шыныққан баланың денсаулығы мықты болады. Иә, әскердегі физикалық жаттығулардың өзі ауыр. Ату, оқ дәрі, қару-жарақтың түр-түрін пайдалануды үйренеді. Таңнан кешке дейін мұның бәрі уақытымен жазылған сол осының барлығын орындауы керек. Бала соны көтере алуы керек. Аз уақыт аралығында төзімділікпен, шыдамдылықпен сынақтардан өтсең, міне, нағыз елін қорғайтын азамат болып шығасың. Әскер баланы үлкен физикалық жаттығуларға шынықтырып, әртүрлі қиындықтарға мойымайтындай ер мінезді қылып шығарады. Сол үшін еліміздің ертеңі – жастарымыз саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғаны абзал.

Дайындаған
Айнұр ӘЛИ

26 қараша 2024 ж. 32 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 32

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 29

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 33

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930