Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жеңімпаз синдромы»: ауытқу қайдан шығады?

«Жеңімпаз синдромы»: ауытқу қайдан шығады?

«Бокстасып көреміз бе, көке?». Бұл – әлеуметтік желіде желдей ескен «Көреміз» ток-шоуынан үзінді видеода айтылған жас жігіттің сөзі. Әркім әрқалай қабылдады. Мамандардың айтуынша, бұл – жеңімпаз синдромы. Алғаш рет естіп отырсыз ба? Ендеше мән-жайды саралап көрейік.

Бір дүниені жазарда, әрине алдымен оны ой тізгінінен өткіземіз. Жан-жақты зерделейміз. Өзіміз естіген, білген, көрген оқиғалардан үзінді келтіреміз. «Жеңімпаз синдромының» бар екенін естігенде бір оқиға есіме түсті.
Қақаған қыс өтіп, көктемге аяқ басқан сәт еді. Арман қуып қалада жүрген студенттік шақ қой. Сабақтан қайтарда үнемі бір жігітті көзім шалатын. Желең киінген ол бас көшелердің бойында жүреді де қояды. Жай жүрмейді. Кезіккен әр адамға тиісіп, қыр-соңынан қалмайтын. Автобустан түскен соң пәтерге қарай асығамыз. Әлгінің көзіне көрінсек, құдды бізді ұратындай еді. Бірде пәтерде бірге тұратын құрбым ауылына кетті. Студенттік кештен соң пәтерге қарай беттедім. Кенет артымнан адам жүрісінің дауысы естілді. Қатты жүрсем, ол да қаттыға басады. Жай жүрсем, баяулатады. Алды-артыма қарамастан жүгіре жөнелдім. Ол да жүгіріп келеді. Аяғым шалынып, құлап қалмасым бар ма. Апыл-ғұпыл кім екеніне қарасам, әлгі көшеде әркімге тиісіп жүретін жігіт. Жерде домалап жатқан маған қарап ішек-сілесі қатып күліп жатыр. Тоқтамайды. Тіпті қолын шошайтып «жеңілдің, жеңілдің» деп мазақ етті. Басында ауытқуы бар екенін түсініп, басымды изеп тұрып кеттім. Ал ол болса орнында мелшиіп тұрып қалды. Күлкісін тыя алмай, мені жеңгенін айтып қаттырақ айқайлайды. Кейін ол жігітке не болғанын білмеймін, пәтер ауыстырып, басқа жерге көшіп кеттік.
«Жынды ма?» дейміз ғой кейде ерсі әдетті көргенде. Сол психикалық ауытқуы бар адамдардың өзінде түрлі ауруы болады екен. Өзіне тән атауы да бар. Соның бірі – жеңімпаз синдромы. Мұндай ауытқу қайдан шығады?
Әркімде жай әртүрлі
Мақаламыздың басында жазған видео үзіндіге тоқталайық. Салмақ қосқысы келіп белгісіз қытай препаратын ішкен 18 жастағы жігіт психикалық ауруға шалдығады. Түні бойы ұйықтамай, «Каннелломен бокстасам», «шаршы алаңдағы мен» деген сөздерді айтатынды шығарған. Белгісіз дәріні ішіп, жағдайы нашарлаған баласына ем іздеген ата-анасы танымал бағдарламаның біріне келіп көмек сұрайды.
Полиция академиясына түскісі келген Мейрамбек оқуға тапсыратын кезде бұлшық еттерін өсіру үшін 20 күндей қытай капсуласын алып ішкен. Анасы сол дәріні ішкеннен кейін баласын мүлде танымай қалғанын айтады. Мейрамбекті имамдарға апарып дем салдырған. Алайда дін өкілдері оған жын кірмегененін, көз тигенін немесе психикалық ауруға шалдыққанын айтқан. Содан кейін Мейрамбек психикалық науқастарға арналған орталықта ем алған. Ал Мейрамбектің әкесі баласындағы өзгерісті ол Канеломен шығамын, телевизорда бокстасып жатқан мен деген әңгімелерінен байқағанын айтады. Бір қызығы, Мейрамбек «осы жердегі ең күштісі кім?» деген психиатр сауалына «мен ғой» деп жауап береді. Оны кім айтқанын білмек болған маманның сұрағына «бокстасып көреміз бе, көке?» дейді. Осыдан соң үзінді видео әлеуметтік желілердің барлығын шарлап кетті. Бірі – хайп қуып жүрген біреу десе, енді бірі – шынымен ауытқуы барын айтады. Жуырда Мейрамбекті Республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық орталықтың психиатор мамандары тексеріп, баланың халі мүшкіл екенін, жедел ем-дом шараларын жүргізу керегін айтқан.
Дәл осыған ұқсас жағдай қайталанды. Онда отбасылы жігіт аяқ астынан өзгеріп, адам сенгісіз әрекеттерді жасай бастаған. Ол қазақ шапанын киіп алып, жұртқа пышақ ала жүгіреді екен. Төбелесуге дайын тұрады. Басқасын қайдам, құдды өзін жеңімпаздай сезінеді. Мысал келтірілген жандар әлеуметтік желіде талқыға түскендер. Ал біз білмейтіндері қаншама?!...
Өмірден баз кешкендер...
Әр адамда мінез әртүрлі. Бірі сабырмен болашағын реттей алады. Енді бірі шыдамсыздықпен әртүрлі қиындыққа тап болады. Енді бірі өмірдегі сынаққа төзе алса, ендігісі жеңілісін көтере алмайды. Әсіресе осындай жандар өмірден баз кешіп, психологиялық ауытқуға ұшырайды екен. Мәселен, олимпиаданың 23 дүркін чемпионы Майкл Фелпс бірнеше рет психикалық дағдарысқа түскен. Күйзелістен құтылу үшін күмәнді күшейткіштерді пайдаланған. Бұл туралы америкалық спортшы БАҚ өкілдеріне өзі мәлімдейді. Томаға-тұйық Майкл өмірлік қиындықтары туралы айтуды мүлде ұнатпаған. Сол себепті 19 жасынан бастап депрессияға жыл сайын түсіп отырған. Дерті ерекше меңдеп кететін мезгіл – қазан мен қараша айлары, яғни жүзу маусымы аяқталған кез екен. Осы айларда Фелпсті 2004 жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұстап алса, 2008 жылы марихуана шеккені үшін жазаға тартқан.
«Алтын допты» алғаннан кейін Рональдиньоның да жасамаған жұмысы жоқ екен. Рэп оқыды, клипке түсті, «RS Coin» атты жеке криптовалютасын іске қосты, туған қаласы Бразилияда саясатпен айналысты, соңында балық шаруашылығын қолға алды. Ақыры оны үкімет заңсыз деп тауып, 178 еуроға айыппұл салды. Соның кесірінен футболшы маскүнемдік пен нашақорлыққа тап болған. Спортшылардың өзін жоғалтып алуының тағы бір себебі – оқыста алған жарақаты. Алдағы бүкіл мансабына нүкте қойылғаннан кейін өмірден түк мағына көрмей кетеді деседі.
Мамандар не дейді?
Галамтордан осы синдром жайында ақпараттар іздеп көрдік. Қазақ тілді мәліметтер мүлдем жоқ десе де болады. Іздей келе орыс тілінде тараған мәліметтерді шолып көрдік. Жалпы мамандардың айтуынша, синдром сөзін кейінгі психологтар ойлап тапқан деседі. Көпшілікке айтуға, түсіндіруге ыңғайлы болуы үшін дәл осы терминді қолданып жүргенге ұқсайды. Ал жеңімпаз синдромы адамның бала күнінен бастап ешкімнен кем өскісі келмегенінің айғағы іспеттес. Әрдайым өзгелерден бірінші болып жүріп, жеңіліске ұшыраса олар қалың депрессияға түседі-мыс. Ғаламторда бұл туралы ақпарат жоқтың қасы болғанымен, осыған ұқсас «жалған атақ» синдромы кеңінен таралған екен. Ол екі жағдайда пайда болуы мүмкін дейді. Біріншісі, ата-ана екі бауырдың бірін ғана қолпаштай берсе, мақтау естімеген екіншісінде осы синдром белгілері пайда болады. Екіншісі, отбасында баланы тым идеал қылып өсіреді. Бала есейе келе қиындық көрген сайын ата-анасының өзі туралы айтқанына күмән келтіре бастайды. Сосын өзін дарынсыз, қабілетсіз санайды.
Бұл синдром белгілерінің шығу себебі бір. Жас баланы алдымен мақтайды, мадақтайды. Бірақ сәл сәтсіздікке ұшыраса, ұрысады, сөз естиді, сынайды. Бұл жылына бір-екі рет қана болатын оқиға емес. Күнделікті үй шаруасынан бөлек араласатын орта мен өмір сүріп жүрген қоғам да әсер етеді.
Психологтар көбіне осындай жағдайға душар болғандарға травмадан кейінгі бұзылу синдромы (посттравматический синдром расстройство) деген диагноз қояды екен. Оның екі түрі болады. Біріншісі – қысқа мерзімде зорлық-зомбылық көргендер, екіншісі – ұзақ мерзімде зорлық-зомбылық көргендер. Біріншісі соғысқа барып келгендерде болуы мүмкін. Ұйықтай алмайды, тарс еткен дыбыстан шошиды және тағы басқа. Екіншісі әдетте отбасында зорлық-зомбылық көргендерде болуы мүмкін.
Бәріне кінәлі ата-ана ма?
Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз осыдан қалса керек. Жалпы, бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті қажет ететін дүние. Оларға түзу жол көрсету – ата-ананың міндеті. Дегенмен бала естігеннен гөрі көргенін қабылдайды. Сол себепті оларға үлгі көрсету арқылы тәрбие берудің дұрыстығын психологтар жиі айтады.
– Жалпы бала тәрбиесінде қоғам мен қоршаған ортадан бөлек, ата-ананың атқарар рөлі жоғары. Бізге біліне де, көріне де бермейтін олқылықтар бар. Бала деген өте нәзік талшыбық іспетті. Қалай иесің, қайда иесің өзіңе байланысты. Тек түзу әрі мықты етіп өсіру маңызды. Әрбір талап пен шектеудің баланың жасына, істеген ісіне сай жасалатынын естен шығармау керек. Сондай-ақ болмашы нәрсеге қаталдық танытпаған дұрыс. Кейде біз өзіміздің баладан тым көп нәрсе қалайтынымызды сезбейміз. Күннің аяғына қарай баланың үлкендерден де көбірек шаршайтынын түсіну керек. Олардың психикасы күні бойғы іс-әркеттерден ауырлайды, жүйке жүйесі қайта реттелуге үлгермейді. Сондықтан кешке қарай көптеген балалар шаршаудың әсерінен мазасызданып, қыңқылы көбейе бастайды. Сондай-ақ олар шаршағаннан айналадағы назарды, өзіне айтылған сөзді аңғармайды. Ал бізге ол әдейі істеп тұрғандай көрінеді. Сонымен қатар балаға бір-екі жұмыстан артық тапсырма беріп, өтініш жасамаңыз, – дейді психолог Әділет Сәдуақас.
Біз тек объективті көзқараспен қараймыз. Баға берсек, ата-ана да, қоршаған қоғам да кінәлі. Кінәлі болатын себебі, әке-шеше осының бәріне жол берді. Алайда бұлай болатынын білген жоқ. Өйткені олардың алдында бала табу, өсіру, жеткізу деген міндеттер тұрды. Дегенмен бұл ата-ананы жауапкершіліктен босатпайды. Ал қоғам ше?

Айнұр ӘЛИ
12 қараша 2024 ж. 52 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930