Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәртебеңіз қалай, мұғалім?

Мәртебеңіз қалай, мұғалім?

Заманында Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп айтып кеткен. Содан бері қанша уақыт өтсе де, бұл асыл сөз өз құндылығын жоғалтпады. Десе де бұл мамандық иелерінің бүгінгі мәртебесі қандай? Оларға көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлық қай деңгейде ұстаздардан сұрап көрдік.

Жәния ЖАРЫЛҚАҒАН,
ардагер-ұстаз:
Мұғалімге еркіндік берілуі керек
Біздің әулет – ұстаздар әулеті. Менің үлкен әкем Мұратбай Жарылқағанов кезінде елді сауат­тандыру үшін еңбек етіп, мұғалімдік қызмет атқарған. Одан кейін әкемнің қарындасы Сәуле Жалғасбаева бастауыш сынып мұғалімі болды. Екеуі де «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» атағының иегері. Осы кісілерге еліктедік пе әлде қанмен тарады ма мен және бауырларым ұстаздықты меңгердік. 35 жылдан астам білім саласында қызмет еттім. Ең алғаш еңбек жолымды аудандық білім бөлімінде әдіскерліктен бастадым. Одан кейін Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда мұғалім болдым. Аудандағы іргелі оқу орны Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде он бес жыл директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары болып, зейнет демалысына шықтым.
Қазір мұғалімге деген құрмет пен қамқорлық өте жоғары деңгейде деп есептеймін. Біздің кезімізде мұғалімдердің еңбектері елене бермейтін. Қазір қарап отырсам, еңбек еткен ұстаздың еңбегі еленіп, атақ-даңққа ие болып жатады. Осының өзі қамқорық деп санаймын.
Мұғалім беделін арттыру үшін үлкен сенім керек. Ата-ананың, ұжымның сенімінен шығуы керек деп есептеймін. Адамда сенім болмаса, одан әрі жұмысын жүргізе алмайды. Тереңірек іздену керек. Ата-ана мен оқушы алдында өте сауатты болуы керек. Себебі ол мұғалім. Сол кезде беделі жоғары болады. Өз мамандығыңды сүйіп тұрсаң, махаббатың артып тұрса, сені кез келген адам сыйлай алады. Бізде көп жағдайда мұғалім өз мамандығына немқұрайлы қарайды. Сабаққа жауапкершіліксіз келеді. Соның әсерінен оқушылар мұғалімді мойындай бермейді. Ұстаз өз беделін арттырамын десе, жан-жақты ізденіп, жоғары деңгейдегі маман екенін дәлелдеуі керек.
Біздің уақытымызда мектепте үштік одақ деген болды. Ол ұстаз, ата-ана, оқушы. Қазіргі таңда да бұл одақ бар. Дегенмен қазір ата-ананың беделі мұғалімге қарағанда жоғары тұрады. Неге, себебі біз ата-аналарға еркіндік беріп қойғанбыз. Тәртіпсіздік осыдан шығады. «Менің балам керемет», «Менің балам ең мықты» деп баласын жоғары қояды да, мұғалімнің беделін түсіріп жібереді. Мұғалім беделін көтеру үшін мұғалімге еркіндік беріп, ата-ана алдында екінші сатыға түсірмеу керек. Сол кезде ғана білім саласы жоғары деңгейге көтеріле алады. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан атамыз айтпақшы, тәртіпсіз бала қайдан шығады. Үйде қадағалау жоқ, мектепте мұғалімнің айтқанын тыңдамайды. Мінекей, осындайдан тәртіпсіз бала пайда болады деп санаймын.

Қарлыға ҚЫЛЫШБАЙ,
Қ.Нұрмаханов атындағы №95 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

Шабытты ұстаздан шығармашыл шәкірт шығады

Педагогтар отбасында тәрбие­лен­дім. Әкем соғыс ардагері Құрманбай Қылышбаев ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Елге сыйлы, құрметті адам еді. Әке тәрбиесінің ықпалы болар, барлық бауырым мұғалімдік мамандықты таңдап, абыройлы жұмыс жасады. Бала күнімнен осы мамандыққа деген қызығушылығым басым болды. Шебер ұстаз болсам деп армандайтынмын. Сол арман жетегімен 1987 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтының бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім. Бүгінде 33 жыл бойы білім саласында жұмыс жасап келемін, зерттеуші-педагогпын. Мені әр баланың жетістігі үлкен қуанышқа кенелтеді және маған шабыт сыйлайды. Өз іс-тәжірибеммен бөлісіп, әріптестерім арасында түрлі кәсіптік байқауларға қатысып келемін. Түрлі байқау, тәжірибе бөлісу алаңдарында марапат иегері де атандым.
Қазіргі кезде әсіресе соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтеру қолға алынды. Бұл мені де әріптестерімді де қуантады. Мұғалім мәртебесін көтеріп, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдайтын түрлі сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Кәсіби байқау жеңімпаздары жас ерекшелігіне қарамай марапатталып, өз бағасын алуда. Бұл мектепке жаңа келген жас маман үшін де үлкен қолдау. Өйткені жастардың өзіне сенімі артып, шығармашылығы шыңдала түсері анық. Шабытты ұстаздан сауатты, шығармашыл, саналы, өзіне сенімді ұрпақтың қалыптасары сөзсіз.
Мұғалім еліміздің болашағы жас ұрпақтың бағбаны. Бала тәрбиесінде де мұғалімнің алар жауапкершілігі аз болып отырған жоқ. Осы орайда сынып жетекшісіне жасалып жатқан қолдаулар көңілді қуантады.

Гүлбану ЛАТИПОВА,
Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп мұғалімі

Сапалы білім үшін барлық жағдай жасалынуға тиіс

Бала кезімнен мұғалімдерімнің сабақ бергендеріне, өз өздерін ұстауына, киім киюіне қарап, қызығатынмын. Кейін осы кісілер сияқты мұғалім боламын деп іштей көп армандадым. Арманым ақиқатқа айналды. Биыл педагогикалық қызметте жүргеніме 24 жыл. Осы жылдар ішінде аудандық, облыстық, түрлі сайыстарға қатысып, жүлдегер атандым. Жоғары сынып оқып жүргенімде ата-анам: «Қызым, дәрігер болсаң қайтеді ?» деп ойларын айтты. Бірақ өз қалауымды таңдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгердім. Еңбек жолым №97 орта мектепте басталды. Сонда мол тәжірибе жинақтадым.
Қазіргі уақытта «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданып, іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек мұғалім өз беделін одан әрі дамыту үшін өз пәнін, мамандығын шексіз жақсы көріп, шәкірттеріне жан-жақты білім беріп, киім-киісі, жүріс-тұрысын, сөйлеу әдебін жоғары ұстауы қажет. Өзіміз ұстаздарға қарап, үлгі алдық. Қазіргі алдымыздағы балалар да бізге қарап, бой түзейтіндігін естен шығармауымыз керек. Мұғалім шәкірті арқылы бедел жинайды, мәртебеге ие болады.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдерге серпіліс әкелді. Мұғалімнің құқы арнайы заңмен қорғалатын болды деген ақпарат мұғалімнің қоғам алдындағы еңсесін бір көтеріп тастағаны анық. Ал заңда көрсетілген мұғалімнің құқығы «Білім туралы заңда», «Еңбек кодексінде», т.б. заңдарда да бұрыннан бар болатын. «Педагог мәртебесі туралы» Заң да осы заңдар қатарында жатып қалмауы үшін мұғалім өз құқығын заңмен қорғай білуі маңызды. Ол үшін мұғалім мектептегі басты тұлғаға айналып, мұғалімнің оқушыға сапалы білім беруіне барлық жағдай жасалынуға тиіс.
Дайындаған: Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 қараша 2024 ж. 112 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 103

Аға басылымдардың айтулы асуы

26 желтоқсан 2024 ж. 102

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031