Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «2 секундтық кадр 180 фотоаппаратқа түсіріліп, 7 мың фотоны 7 ай өңдедік»

«2 секундтық кадр 180 фотоаппаратқа түсіріліп, 7 мың фотоны 7 ай өңдедік»

«Қажымұқан» фильмі – қазақ халқының абзал перзенті, аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолын баяндайтын көркем фильм. Көрермен кейіпкерлермен бірге балуанның туғанынан бастап, соңғы күндеріне дейін қиын-қыстау жолдарынан өтеді, сезінеді. Жақында фильм көрерменге жол тартты. Белгілі режиссер Қанағат Мұстафин таспалаған туынды осылайша қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балуан, алып күш иесінің өмірінен сыр шертеді. Тарихи шығарма елдегі 80 кинотеатрдан күніне 200 рет көрсетілуде. Кейіпкердің жас және қарт шағын, ағайынды Диас пен Ербол Төлепбергеновтер сомдаған. Ал фильмді түсіруге 80-нен астам маман мен 40-қа жуық актер қатысқан. Жоба құны 600 миллион теңгені құрапты. Режиссердің өзімен сұхбаттасудың да сәті түскен еді.

– Отандық киноиндустрия әлемі «Қажы­мұқан» фильмімен толықты. Ре­жис­­сері өзіңізсіз. Фильм қалай түсірілді? Идея қалай келді?
– Киноны түсіру идеясы маған 2011 жылы келді. Көлікте рөлде келе жатқан сәтте радиодан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 140 жылдығын тойлағалы жатқаны туралы мәліметті естідім. Ол кезде әкем, белгілі жазушы Құрманғазы Мұстафин тірі болатын. Үйімізде үлкен кітапхана бар. Сол жерден әкемде осы балуан жайында кітап бар шығар деп іздей кеттім. Себебі ол кезде Қажекең туралы мектептен алған білімім жеткіліксіз ақпарат болды. Солай әкемнен сұрадым. Ол балуан жайындағы екі кітапты тауып берді. Соны таңға дейін оқып, бабаның өмірі қандай қиын болғанын, зұлмат кезеңдерден аман шығып, елім-жерім деп жұртына қолұшын созғаны мені тәнті қылды. Солай Кеңес үкіметі кезінде кино түсірілгені есіме түсті. Ертесіне қарап шықтым. Бірақ ол туындыда Қажымұқанның тек екі жылдық оқиғасы ғана көрсетілген екен. Казань қаласындағы бір ғана жарысқа қатысқан сәттегі эпизод қана қамтылған. Өзіңіз білесіз, кеңестік идеология бойынша ол кезде қазақты бірінші «планға» шығаруға болмайтын. Сол себепті Қажекеңнің бейнесі көлеңкеде қалып қойыпты. Солай идея өзімен өзі келе бастады. Оның туылғанынан бастап соңғы демі шыққанына дейін көрсетуді көздедім. Сценарий жаза бастадым. Оны Қазақфильмге апардым. Ол жақтан қаражат табылмай, күтуге тура келді. 2019 жылы Ұлттық кино қолдау орталығы ашылды. Сол жерде бірінші питчингке қатысып жеңіп алдым. Фильмді 2020 жылы түсіре бастадым.

– Фильмді түсіру барысындағы оқиға­лар­мен бөліссеңіз…
– Түсіру барысында қиындықтар көп болды. Өйткені 2020 жылы біз Ковидке тап келдік. Енді 10-15 сақталым түсірген кезде 6 айға «замарозкаға» кеттік. Алғашқы бірінші, екінші айында командаға жалақы төлеп жүрдік. Өйткені қашан ашылатынын білген жоқпыз. Сөйтіп барлық жоспардың күл-талқаны шықты. Өзіңіз білесіз, сьемка кезінде әр күні бекітілетін жоспары болады. Мәселен, бүгін Жаркентке кетеміз, ертең Қапалға барамыз деген сияқты. Сол жоспардың бәрі жоқ болды. Қайтадан жаңадан бастау қажет болды. Команданың жартысы індетпен ауырып, ковидтан кейінгі екінші бөлімдегі түсірілімге шыға алмай қалды. Сосын бір компания бізге цирк шопито жасап беруі керек болатын. Алайда олар бізді алдап кетті. Ол алаяқтарды іздеп тауып, сотқа жүгініп, қаржымызды қайтарып алдық. Солай жүргенде 8 ай өтіп кетіпті. Қайта жиналып, фильмді түсіріп 2021 жылдың 30 желтоқсанында бітірдік.


– Көрермен актерлердің шебер ойынына тәнті болуда. Бас кейіпкердің образын аша алатын актерді табу қиынға соқпады ма?
– Басты кейіпкерді 6 айдай іздедік. 2000 адамның ішінен жас актерлер, ағайынды Ербол мен Диас таңдалып алынды. Менің кас­тинг директорге қойған талабым актердің бойы 1 метр 95-тен жоғары болуы керек. Себебі Қажекеңнің бойы 1,94 метр болған. Ал ондай сұлбаға сай актерлерді табу оңай емес. Сол себепті спортпен шұғылданатын, баскетбол, волейбол ойнайтын жігіттерді қарадық. Бірақ олардың актерлік ойыны көңілден шықпады. Қазақстан бойынша, барлық театрлар бойынша іздеп-іздеп, ақыры Жүргеновтен осы екі талантты жігіт табылды. Оларға неше түрлі проба жасаттық. Бекіткеннен кейін Ербол мен Диас екеуі 6 ай бойы бір күн қазақша күреске, бір күн бодибилдингке қатысып, нағыз балуан болып шықты. Сосын мен жақсы таныс, профессионалды актер Ержан Тусупов ағама хабарласып сұрау салдым. Ол Ерболға Қажымұқанның қарт кезіндегі ойнау сахналарын көрсетіп, екі айға жуық уақыт мастер класс өткізді. Себебі Ержан тым жас қой. 25-тегі жастың 80-дегі қарияны ойнауы өте қиын. Солай Ержан ағамыз 5-6 сахнаны қалай ойнау керегін үйретті. Өзіміз 3-6 сағаттан Ербол, Диаспен әр сахнаны түсірілім барысына дейін жарты жылға жуық уақыт бәрін талқылап, читка жасап, алаңға 100 пайыз дайын болып бардық.


– Әр режиссердің фильмдерінде өзіндік ерекшеленіп тұратын тәсілдері болады. Ал сіз фильм түсіру кезінде белгілі бір бағытты ұстанасыз ба?
– Иә, дұрыс айтасыз. Әр режиссердің өзіндік стилі болады. Кино болсын, сериал болсын, бірінші материалды көрсететін дос, таныс режиссерлар бар. Менің ең бірінші фокус-группам – туған әпкем Аңсаған Мұстафа. Сосын Айдын Сахаман деген бұрыннан таныс режиссер досым бар. Оған көрсетіп едім, алғашқы 15 минутын көрген соң «сенің стилің тарихи кинода да көрініп тұр» деп байқап қалды. Оны жәй көрермен түсінбеуі мүмкін, бірақ кәсіби маман оны жақсы түсінеді. Бастысы дүйім жұрттың көңілінен шығып жатыр. Себебі заманауи түрде тарихи киноны алғаш болып түсірген біз шығармыз деп ойлаймын. Оператор Еркінбек Пітірәлиев екеуіміз киноны түсірердің алдында талқыладық. Сол кезде мен айтқанмын, мұны жастарға арнап түсіру керек деп. Сол үшін креативный кадрлар қажет болды. Қазақстанда жоқ 360 градусқа айналатын камераға штатив жасаттық. Оны Салауат деген художник жігіт жасап берді. Декорация жасаған кезде көбіне компьютерлік графика қолдандық. Киноның басында Мұңайтпас әкесі өзбек балуанын жығып лақтырған кезде екі секундтық «Эффект матрицы» деген кадр бар. Оны біз 180 фотоаппаратқа түсіріп, одан 7 мың фото шығарып, 7 айдай оны өңдеуге 5 маман жұмыс істеді. Сол екі секундтық эффект – 7,5 миллион теңге болды. Сол үшін бұл осындай жауапты іс болған соң әр сахна, әр кадр алдын ала жоспарланып, раскадровкасы салынды.


– Фильм көрерменге жол тартты. Басты миссияңыз орындалды ма?
– Осы киномызды жасөспірімдер көріп, Қажымұқан бабамыз сияқты рухты, қайратты болсам деп қазақша күреске жазылып, болашақта біздің көк байрағымызды көкке желбіретіп, елді әлемге танытар жастарды қалыптастырса деген негізгі ниетім еді. Өкінішке орай, қазіргі кей жастың кумирі – Бэтмэн, Спайдермэн және тағы да басқа Робокоп секілді персонаждар емес пе? Алайда осы кинодан кейін «Мен Қажымұқанмын» деп ойнап жүрсе, бізден бақытты адам болмас еді. Ол миссиям жәйлап орындалуда. Себебі маған таныс емес адамдар дайректке жазып жатыр. «Киноға отбасымызбен барғанбыз. Кино бітіп үйге келгенде екі кішкентай ұлымыз «Мен Қажымұқанмын, мен Қажымұқанмын» деп күресіп жатыр. Содан ертеңі екеуін де апарып күрес үйірмесіне жаздырдық» дейді. Одан бөлек осыған ұқсас түрлі хаттар келуде. Фильмді кинотеатрдан тамашалаған көпшілік те ерекше эмоциямен шығып жатыр. Бұйырса Ютуб арнасына да шығады. Сол себепті киноның өмірі енді бас­талды. Ал кинотеатрдан көре алмай қалған жандар алдағы уақытта ғаламтордан тамашалап, өз бағасын берер.

– Алдағы уақытта режиссер ретінде жоспарларыңыз қандай?
– Әкем Құрманғазы Мұстафиннің «Жалғыз атты жолаушы» деген повесін кино қылып түсіргім келеді. Ол менің армандарымның бірі. Мен үшін өте маңызды, жауапкершілігі мол жоба болғалы тұр. Алайда ол жоспарды алдағы уақыттың еншісіне қалдырғанымыз жөн болар...

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айнұр ӘЛИ
05 қараша 2024 ж. 112 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031