Қазақстан азаматтығын қалай алуға болады: Толыққанды нұсқаулық
Ендігі уақытта Қазақстан азаматтығын алғысы келген адамдар қазақ тілін, ел тарихы мен Конституциясының негіздерін тым болмағанда қарапайым деңгейде білуге міндетті. Талап таяуда ғана «Көші-қон мәселелері туралы» заңға енгізілген болатын. Бұл шетелдіктердің Қазақстан қоғамына тезірек бейімделуіне көмектесу үшін жасалған қадам екендігі анық. Осыған орай Kazinform Қазақстан азаматтығын алу процедурасына қатысты толыққанды нұсқаулықты оқырман назарына ұсынады.
Қазақстан азаматтығын алу
ҚР-ның «ҚР-ның азаматтығы туралы» Заңының 10 бабына сәйкес азаматтық:— тууы бойынша;— ҚР-ның азаматтығына қабылдау нәтижесінде;— ҚР-ның халықаралық шарттарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша;— осы Заңда көзделген өзге де негіздер бойынша алынады.
Заңның 15-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өздерінің өтінішхаттары бойынша осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануы мүмкін. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініштер бойынша шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
Заңның 16-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығы жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен қабылданады:
— Жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына:— тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар;— тұру мерзiмiне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары;— Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында білім алатын этникалық қазақтар қабылдануы мүмкiн.
Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
ҚР-ның азаматтығына қабылдаудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібі
Жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа қабылдау құқығы жоқ және ҚР-ның азаматтығын қабылдауға ниет білдірген шетелдіктер тұрғылықты жері бойынша көші-қон полициясының аумақтық бөлімшелеріне өтінішхат беруі тиіс. Өтінішхат ҚР президентінің атына беріледі. Өтініште азаматтыққа қабылдау себептері көрсетілуі тиіс.
Ішкі істер органдарының ҚР-ның азаматтығына қабылдау бойынша өтінішхаттарды (өтініштерді) қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларына Ішкі істер органдарының ҚР азаматтығымен байланысты мәселелерді қарау бойынша өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркеледі:
— белгіленген нысан бойынша сауалнама-өтініш;— өмірбаян;— өлшемі 3,5×4,5 см. төрт фотосурет;— ҚР-ның «ҚР-ның азаматтығы туралы» Заңының 1 бабында көзделген шарттарды сақтау туралы міндеттемесі;— жеке басын куәландыратын және Келісімге қатысушы елдердің біреуінің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі;— 1 АЕК көлемінде мемлекеттік баж салығының төленгені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат;— басқа мемлекеттің құзыретті органмен берілген бұрынғы азаматтығы жоқтығы немесе тоқтатылғаны туралы анықтама.
Аталған құжаттардан басқа:
ҚР Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы N 1587 Жарлығымен оларға қатысты азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі белгіленген адамдар үшін кәсіптер мен талаптар тізбесінің талаптарына жауап беретін адамдар — бейінді мемлекеттік органның өтінішхатын;
ҚР-на тарихи Отаны ретінде тұрақты тұруға қайтып келген адамдар үшін — қандас куәлігі және бұрынғы азаматтығынаан бас тарту туралы өтініші;
ҚР-ның азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат (өтініш) білдірген адам өтініш берген сәтте ҚР-ның азаматымен некеде тұрса, онда неке туралы куәліктің нотариалды куәландырған көшірмесін тапсырады.
ҚР-на тұрақты тұру мақсатында келген және жақын туыстарының біреуі ҚР-ның азаматтары болып табылатын бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары олардың ҚР-ның азаматтарымен туыстық деңгейін куәландыратын құжаттарды (туу туралы куәлік, неке туралы куәлік және т. б.) ұсынады.
Аудандық (қалалық) ішкі істер органдары азаматтыққа қабылдау туралы мәліметтерді облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Полиция департаменттеріне тапсырады, ал олар құжаттарды тексеріп, олар бойынша тұжырымдама жасап, Ішкі Істер министрлігіне табыстайды. ІІМ ол мәліметтерді өз тұжырымдамасымен бірге ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөліміне жолдайды.
Азаматтықты алу сәті
Адам қай сәттен ҚР-ның азаматы болып табылатынын анықтау үшін Заңның 37 бабын пайдалану қажет, оған сәйкес ҚР азаматтығын:
— азаматтыққа қабылдау туралы ҚР Президентінің жарлығы шыққан күні;— кәмелетке толмағандардың туған немесе асырап алынған күні;— кәмелетке толмағандардың ата-анасын ҚР азаматтығына қабылдау туралы ҚР Президентінің жарлығы шыққан күні;— азаматтық мемлекетаралық шарттарында көзделгендей тәртiп бойынша тіркелген күні;— жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) ҚР-ның азаматтығын алу тіркелген күні алады.
Кәмелетке толмаған және әрекетке қабілетсіз адамдар атынан өтінішхат беру
18 жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтарға қатысты азаматтыққа қабылдау туралы нотариалдық куәландырылған өтінішхат олардың заңды өкілдерімен беріледі. Өтінішке баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, әрекетке қабілетсіздігін растайтын құжат және әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілінің өкілеттіктерін растайтын құжат қоса тіркеледі. 14 пен 18 жас аралығындағы бала үшін оның өзінің қолы қойылған және нотариалды куәландырылған жеке келісім талап етіледі. Ішкі істер органдарының ҚР азаматтығына қабылдау бойынша өтінішхаттарды (өтініштерді) қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларының 2 тараудың 11 тармағына сәйкес, жергілікті ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, ҚР ІІМ-де және ҚР-ның басқа да мемлекеттік органдарының өтінішхатты (өтінішті) қарау мерзімі осы органдардың әрқайсысында бір айдан, ал жалпы алғанда — алты айдан аспауы тиіс.
Полиция департаменті ҚР Президентінің Жарлығын алғаннан кейін қалалық, аудандық ішкі істер органдары арқылы өтініш иелерінің тұрғылықты жері бойынша күнтізбелік бес күн мерзімінде оларға қаралған өтінішхаттардың (өтініштердің) нәтижелері туралы хабардар етеді.
Шетелдіктерге және ҚР-ның азаматтығына қабылданған азаматтығы жоқ адамдарға анықтама беріледі, ол оларға белгіленген тәртіпте ҚР азаматының жеке куәлігін немесе паспортын беру үшін негізі болып табылады.
ҚР-ның азаматтығына қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі
Жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) ҚР-ның азаматтығына қабылдау ҚР жасасқан халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жеңілдетілген тәртіп мынадай адамдарға қатысты әрекет етеді:
— Ресей Федерацисының азаматтары;— Беларусь Республикасының азаматтары;— Қырғызстан Республикасының азаматтары;— ҚР-ның азаматымен некеде тұрған шетелдіктер.
Баланың азаматтығы
Бала туған кезде ата-анасының екеуі де ҚР-ның азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан ҚР-ның азаматы саналады.
Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі ҚР-ның азаматы болған жағдайда бала:
— ҚР-ның аумағында туса;— Қазақстаннан тыс жерде туса, бірақ, ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде ҚР территориясында тұрақты тұрғылықты жері болса, ол ҚР-ның азаматы саналады.
Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі ҚР-ның азаматы болған жағдайда, егер осы кезде ата-анасының екеуінің де Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері болса, онда Қазақстаннан тыс жерде туған баланың азаматтығы ата-анасының жазбаша түрде білдірген келісімі бойынша анықталады.
Бала туған кезде ата-анасының біреуі ҚР азаматтығында болып, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, не оның азаматтығы белгісіз болса, бала қай жерде туғанына қарамастан ҚР-ның азаматы саналады.
Баланың анасы азаматтығы жоқ адам болып, ал әкесі ҚР-ның азаматы деп танылып, әкелігі анықталған ретте 14 жасқа толмаған бала қай жерде туғанына қарамастан ҚР-ның азаматы болады. Бұл бала Қазақстаннан тыс жерлерде тұрақты тұрған ретте оның азаматтығы ата-анасының жазбаша арызы бойынша анықталады.
Ата-аналары баланың азаматтығы туралы келісімге келмеген жағдайда, азаматтық сот тәртібінде анықталады.
Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тарту негіздері
Осындай негіздердің тізбесі «Азаматық туралы» Заңның 17 бабында келтірілген. Егер ҚР-ның азаматтығына қабылдау туралы өтiнiш білдірген адам:
— адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, ҚР-ның егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шықса;— ҚР аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;— ұлттық қауiпсiздiкке, халықтың денсаулығына нұқсан келтiретiн құқыққа қарсы әрекетті жүзеге асырса;— ұлтаралық, конфессияаралық және дiни араздықты қоздыратын болса, ҚР мемлекеттiк тiлiнiң қолданылуына қарсы әрекет жасаса;— террористтік және экстермисттік ұйымдарға кірген немесе террористік әрекеті үшін сотталған болса;— халықаралық іздеуде болса, соттың күшіне енген үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе не сот оның әрекетін ерекше қауіпті баукеспелік деп таныса;— РФ, Қырғыз Республикасы, Беларусь азаматы болса, бұл ереже ҚР-на тұрақты тұру мақсатында келген, жақын туыстарының біреуі — ҚР-ның азаматы болып табылатын, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтарына таралады, егер олар шетел азаматтықтан бас тарту туралы жазбаша өтінішпен жүгінсе;— ҚР-ның азаматтығына қабылдау туралы өтініш білдірген кезде өзі туралы жалған мәліметтер хабарласа немесе ҚР-ның заңнамасында белгіленген мерзімдерде қажетті құжаттарды дәлелсіз себептермен тапсырмаса;— ҚР-ның аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде қасақана қылмыс жасағаны үшін ҚР-ның заңмасымен солай деп танылған, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген болса;— ҚР-ның азаматтығына қабылдау немесе ҚР-ның азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш бергенге дейінгі бес жыл ішінде экономика саласында құқық бұзушылық жасаса;— ҚР-ның азаматтығына қабылдау немесе ҚР-ның азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш бергенге дейінгі бес жыл ішінде бірнеше рет ҚР-ның халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзса;ҚР-ның азаматтығына қабылдау немесе ҚР-ның азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш білдіргенге дейінгі бес жыл ішінде ҚР-ның азаматтығы туралы Заңның 21 бабының 1), 2) және 5) тармақшалары негізінде ҚР-ның азаматтығынан айырылса;— ҚР-ның азаматтығы туралы Заңның 21 бабының бірінші бөлігі 8) тармақшасы негізінде ҚР-ның азаматтығын жоғалтса;— ҚР-ның азаматтығы туралы 20-1 бабы негізінде ҚР-ның азаматтығынан айырылса, оның өтініші қабылданбайды.
Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен жаңа талапқа сәйкес, Қазақстан азаматтығын алушы:
— қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді кемінде 36 балл,— ҚР Констиуциясының негіздерін кемінде 9 балл,— Қазақстан тарихын кемінде 15 балл білу көлемінде білуі тиіс.