Ерекше жандар ескерусіз емес
Қазан айының екінші жексенбісі – мүмкіндігі шектеулі жандардың мерекесіне орай Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Жақсы жандар жанымызда» атты шара өтті.
Шараға мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ерекше жандар қатысты.
Кеш шымылдығы Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Б.Жолтаевтың сөзімен түрілді. Болат Әбенұлы азаматтарды айтулы мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ осынау маңызды күнде ерекше жандарға мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізіп, бірқатар азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Жиында «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлімжан Қияс пен «Қазалы аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржаубай Құдабаев құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Шараға қатысушыларға кенттік мәдениет үйінің өнерпаздары əн мен жырдан шашу шашып, тамаша көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында еңбек ардагері Ибраимов Балтабай көпшілікке бата беріп, қатысушылар жақсы көңіл-күйде тарасты.
Ерекше жандардың мәселелерін шешу және әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының біріне айналып, оларды қорғау шаралары «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес, жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғайтын 7 қоғамдық ұйымдар жұмыс жасайды.
«Тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау» әлеуметтік жобасы аясында ардагерлеріміз бен мүмкіндігі шектеулі жандар əрдайым құрмет төрінде, қамқорлық аясында бола бермек.
С.ӘЛИҰЛЫ