Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарты ғасыр міз бақпаған мұнара

Жарты ғасыр міз бақпаған мұнара

– Мама, ананы қарашы ізімізден жүріп келеді, деп қызым жоғарыға қолын созды. Базардың қақ ортасында келе жатырмыз. Аспанға бір, артыма бір қараймын. Ештеңе жоқ.
– Нені айтасың, Сұлу? Ештеңе еріп келе жатқан жоқ ғой, – деймін.
Сұлу кілт тоқтады. «Әне, әне келе жатыр», – деп қайта қолын биікке көтерді. Анықтап қарадым. Бұл – біздің бала кезімізден бар темір мұнара. Тіпті одан әріректе бой көтерген деп естігенім бар.
– Мұнара ғой дедім.
Бала ғой, қызым түрлі сұрақтар қоя бастады.
– Мұнара деген не, Мама? Ол неге жүріп келе жатыр? Оны кім жүргізеді?
Мың естігеннен, бір көрген артық дейді ғой. Қызымды жетектеп, телемұнараның жанына әдейілеп алып келдім.
– Ол жүрмейді, өте биік болғандықтан біз жүрген сайын, көрініп тұрады, дедім. Аспанмен таласқан мұнараға қарап: «Бұны кім салды? Неге салған?» деп бала таңырқады.
– Телевизор көрсететін ғой, – дедім Сұлудың жасына сай жауаппен. Шынында, жарты ғасырлық тарихы бар телемұнара туралы сіз білдіңіз бе?
Елу төрт жыл бұрын бой көтерген мұнара туралы дерек жоқтың қасы. Құрылыстың куәгері болған көнекөздердің де қатары сирепті. Десек те, қолдағы мәліметтерге сүйеніп, оқырманға өздері күнделікті көріп жүрген телемұнара туралы баяндауды жөн көрдік.
Қазалы аудандық радиоторабында қызмет етіп, зейнетке шыққан Ордабай Аяпбергенов бір сұхбатында: «Телевышканы» құрастырған сәтте сол маңда болдым. Ауданға теледидар шамамен 1967 жылы келді. Бағдарлама көрсететін антенна алғашында қазіргі «Қазпошта» мекемесінің үстіне орнатылды. Бұл үшін дәнекерлеушілер ұзақ уақыт жұмыс істеді. Нәтижесінде Ресейдің бірінші телеарнасы көрермен назарына ұсынылды. Мұның өзі жергілікті тұрғындар көңіліне ерекше қуаныш ұялатқан жаңалық еді», – деп өткен күнді еске алады.
Ал телемұнара құрылысы 1970-1971 жылдары жүргізілген. Оның ұзындығы сондай, төменгі жағы сол кездегі поштаның ауласынан басталып, автобустар аялдамасы орналасқан А.Байтұрсынов көшесін кесіп өтіп, мұнараның басы сол тұстағы радиотораптың директоры В.Романовтың тұрғынжайына дейін жеткен. Бас-аяғы 75 метр. Талай жұмысшы күндіз-түні бөлшектерді құрастыруға, монтаждауға аянбай тер төгеді. Көргендер металды байланыстыратын болтының жуандығы дөңгеленген қос алақан ішін толтырады дейді. Күрделі құрылысты аяқтау үшін жылдан аса уақыт кетіпті. Мұнара дайындалып біткен соң оны орнына тұрғызу үшін де адамдар біраз әуреге түскен. Сол уақыттағы поштаның ауласында суайдағыш мұнара да болған. Соның жанынан терең құдық қазылып, ішіне бетон ерітіндісі құйылады. Бұл оны жоғары көтеру үшін сым арқан жинайтын роликтің жұлынып кетпеуі үшін жасалған. Осындай бетон тұғыр Біржан сал мен одан кейінгі көшеге де орнатылыпты. Бұдан соң биіктігі 30 метр құлаушы аша темір (падающий стрела) тұрғызылған. Телемұнараны тіктеу үшін алдымен оның басына қалың трос ілінеді. Ол сым арқан құлаушы аша темірдің ұшындағы мен жерге орналастырылған ролик арқылы өтіп, соңғы ұшы сол дәуірдегі қуаты күшті тракторға байланады. Мұнараның ауырлығы соншалық 3 жерде орналасқан роликтің әрбіріне 2 трактор қатар тіркеліп тартқан. Нысанның құлап кету қауіпсіздігін сақтандыру мақсатында базар адамдары, жақын маңдағы мекеме қызметкерлері мен тұрғындар түгелдей көшірілген. Ал Ордабай ақсақал тракторға жақын маңнан мұнараның бой көтергеніне куә болыпты.
– Нұсқаушы тракторларға бір мезетте қозғалу үшін белгі берді. Содан телемұнараның басы тіктеді. Жерден біршама көтерілгеннен кейін құлаушы аша темір екеуінің арасы ажырай бастады. Осы кезде мұнара теңселіп кетті. Алыстан бақылап тұрған мен де қатты қорықтым. Абырой болғанда трос жегілген тракторлардың күшінің арқасында апат болмай, мұнара тігінен бой көтерді. Бірақ табаны ұясына дұрыс отырмаған болуы керек, сәл қисайып тұрды. Құрылысшы мамандар ертесіне қайта ұяшық жасап, мықтап шегендеді. Алып болттармен жерге бекітті, – дейді өткен күндерге шегініс жасаған О.Аяпбергенов.
Телемұнараны тұрғызғаннан кейін пошта мекемесі шатырындағы антеннаны осында қайта орнатқан. Дегенмен, бағдарлама таратқыштың диаметр 10-15 шақырымды ғана қамтыған. Қазалы қаласы мен Басықара сияқты жақын елді мекен тұрғындары биік антенна құрып, теледидарды әрең көргендерін айтады. Бертін келе қуаттылығы мен қамту аймағы кең құрылғылармен қатар байланыс құралдары үшін де тиімді жағдай жасалған.
Міне, бала кезден көріп, биіктігіне тамсанып өскен телемұнара осылай бой көтеріпті. Жарты ғасыр өтсе де міз бақпаған мұнараның әлі талай тарихқа куә боларын кім білсін?!

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
08 қазан 2024 ж. 119 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031