Баланың бас ұстазы – ата-ана
Менің ата-анам ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген аяулы ұстаздар. Әкем Ахмет Айнабек – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болса, анам Жаржанова Гүлмараш – мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі.Бала кезімізден «Мұғалімнің баласы» деген сөзбен тәрбиелендік. Жақсы оқуға, үлгілі, тәртіпті болуға ұмтылдық.
Қазіргі кезде «әкешім», «анашым» деген сөздерді балақайлар өз ата-аналарына жиі айтып жатады. Ал біз осындай қазақи сөздерді отбасымызда отыз жылдан бері қолданып келеміз. Былдырлап тіліміз шыққаннан бастап өзгелер әкелерін «папа» десе, біз «әке» дейміз, «мама» десе, біз анамызға – «апа» дейміз. Жұртқа таңсық көрінген бастапқыда, қызық та естілген болар, бәлкім?! Көрші балалар «папа», «мама» десе, сендер орыссыңдар ма? – дейтінбіз бала кезімізде. Осының өзі қазір біз жиі айтатын, «қазақи тәрбие» мен «біртұтас тәрбие» ұғымы емес пе?!
Ата-анам өз уақытын аямай, өзгенің бақытын бағалап, саналы ғұмырларын білімге, оқуға арнады. Әкем Айнабек Сансызбайұлы Арал ауданы, Бөген ауылының тумасы. Еңбек жолын Арал ауданының Қосжар ауылындағы орта мектептен бастаған әкем Айнабек одан кейін Аманөткел елдімекеніне қоныс аударады. Ұзақ жылдар Аманөткел ауылындағы №73 орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, шәкірттер тәрбиеледі. Жастарды спортқа баулып, тентектерін тезге салды, салауатты өмір салтын ұстануға дәріптеді. Қолынан келгенше спорттық үйірмелер ашып, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға күш салды. Айнабек ағайдың тәртібіне бағынған, тәрбиесін алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Әкемнің оқушылары әр өңірден сәлем жолдап, амандығын сұрап, хабарласып тұрады. Отбасымызда болатын қызықшылыққа, той-томалаққа келіп, қуанышымызды бөлісіп жатады. Бұдан артық ұстазға қандай марапат, қандай құрмет керек?!
Анам Жаржанова Гүлмараш Ораққызы Арал ауданын қарасты Қызылжар ауылында туған. Әкесі Орақ Жаржанов ұлағатты ұстаз болған жан. Анам да әкесінің жолын жалғап, ұстаздық жолды таңдады. Еңбек жолын өз ауылындағы балабақшадан бастаған. Одан кейін Қызылорда қаласындағы алғашқы қазақ балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеді. Гүлмараш Ораққызы облыс төріндегі жалғыз қазақ тіліндегі балабақшасының барлық сайыстарына қатысып, бас жүлдені иемденіп, мақтаулы тәрбиешісі атанады.
Біздің бала кезімізде бүгінгідей интернет желісі қолжетімді болмады, соған орай оқуға керекті, сабақ барысына қажетті көрнекіліктер де сирек болатын. Мектеп жасына дейінгі оқушылар кітаптан гөрі суретке, қызықты ойындарға баса назар аударатыны шындық. Әр сабағына жауапкершілікпен қарайтын анам оқушыларына арнап көрнекіліктер, түрлі ойындар, аппликацияларды қолымен жасап, ертеңгі сабағына тыңғылықты дайындықпен баратынын көзіміз көрді. Ұстаздық қызметтің қызығымен қатар, осындай «инемен құдық қазғандай» қиыншылықтарын да көңілімізге тоқыдық.
2002 жылы Аманөткелден Қазалы ауданына қоныс аудардық. Осы жылдары әкем Айнабек Қазалы аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етті. Анам №226 Б.Мергенбаев мектебінде жұмыс жасады.
Ауданымыздағы іргелі білім ордасы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінде 2010 жылы мектепалды даярлық сыныбы ашылды. Анам Жаржанова Гүлмараш алғашқы сынып жетекшісі атанып, сыныптың алғашқы қарлығаштарын қанат қақтырды. Бүгінде алғашқы қарлығаштары жоғары оқу орнын тәмамдап, өз салалары бойынша еңбек етуде.Шәкірттері алғашқы ұстазы болған анама жақсы лебізін айтып, әріп танытқан жанға алғысын жеткізіп жатады. Осындайда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» қазақ нақылы ойға оралады.
Ата-анамыз отбасындағы төртеуімізді де оқытты, қолымызға жоғары білім бакалавры дипломын ұстатты. Жақсы мен жаманды үйретті. Өзгенің баласын тәрбиелей жүріп, өз перзенттеріне де жақсы тәлім-тәрбие берді. Мен үнемі жақсылығымыздың бәрі – ата-анамыздан, жаман жағымыз – өзімізден дегенді басты қағида ретінде ұстанамын.
Бүгінде ата-анам Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің ұстаздары. Бір шаңырақ астындағы қос педагог та марапаттан кенде емес. Облыс әкімінің Құттықтауын, облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хатын, түрлі білім, спорт сайыстарының жеңімпаздары атанған жандар. Талай жарыстардан оқушылары да жүлде алып, ұстаз мерейін асырды.
Әкем де, анам да бала жанының бағбаны атанған, шәкірт санасына адамдық, мейірімділік сынды ізгі қасиеттерді сіңіре білген ұлағатты ұстаздар. Өз балаларын қалай тәрбиелесе, өзгенің баласын да дәл сондай махаббатпен, дәл сондай жанашырлықпен тәрбиелеген, білім берген деп мен толықтай айта аламын. Ата-анам да «Бізге халықтың алғысынан асқан марапат жоқ!» деп үнемі айтып отырады. Бізге берген тәлімі де, тәрбиесі де «елдің алғысы», «халықтың батасы» деген ұғымның аясында өрбіген.
Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ата-анамды, менің өмірлік ұстаздарым әкем Айнабек пен анам Гүлмарашты төл мерекесімен құттықтаймын! Білім саласында жасаған жұмыстарыңыз елене берсін! «Ағай», «Апай» деп құшақтарын айқара ашып, балалық жүректерімен шексіз қуанатын бүлдіршіндердің риясыз көңілдеріне бөленіп жүре беріңіздер!
Алтынгүл САНСЫЗБАЙ