Референдум: халық пікірі, ел таңдауы
Бір жыл бойы халық талқысында болған АЭС құрылысы бойынша референдум да өтті. 6 қазанда 7,8 миллионнан астам қазақстандық ел келешегін айқындайтын іс-шарада таңдау жасап, дауыс беруге қатысты. Бұл – дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы. Референдум қалай өтті, қорытындысы қандай?
Ел бойынша 6 қазан күні сағат 07.00-де барлық референдум учаскелерінде дауыс беру басталды. Қазалы ауданы бойынша барлығы 40 референдум учаскесі белгіленсе, оның 13-і аудан орталығы – Әйтеке би кентінде жұмыс істеді. Барлық референдум учаскесінде еліміздің Әнұраны шырқалып, дауыс беру жәшіктері қойылды. Алғаш болып өз учаскелеріне таңдау жасауға барған тұрғындарға сыйлық табысталды. Сонымен қатар кент тұрғыны, 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергенұлы үй жағдайында өз таңдауын жасады. Референдум учаскесінің комиссия мүшелері арнайы жәшік пен бюллетеньді абыз ақсақалдың үйіне апарып, таңдау жасауға мүмкіндік жасады.
– Бұрын дауыс беру учаскесіне өзім барып, дауыс беретінмін. Қазір бірнеше жылдан бері үйден таңдау жасаудамын. Бұл науқан ең алдымен, еліміздің болашағын айқындайды. Артымыздағы жастар аман болсын. Мемлекетіміз өркендеп, көркейе берсін, – деп елдің амандығы мен тыныштығын тілеп батасын берді.
Референдум учаскесінің комиссия мүшелері қарт майдангердің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Ал Лахалы ауылындағы №76 референдум үйіне сағат 9.00-де 88 жастағы Социалистік Еңбек Ері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Карбоз Алимаев келіп, өз таңдауын жасады. Ақсақал елдік мүддедегі маңызы мол шарада бірлік пен белсенділік танытуға шақырып, бата берді. Учаске төрағасы ақсақалдың иығына шапан жауып, елдік істе тыс қалмағаны үшін алғысын білдірді.
«Ғибрат» әжелер ансамблінің бір топ мүшесі Қазалы қаласында орналасқан №65 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді. Өнер тоғыстырған жандар ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. №65 референдум учаскесінің төрайымы Эльмира Сматуллаева ақ жаулықты әжелерге алғыс білдірді. Қарашеңгел ауылдық округіндегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның күріш алқабындағы дала еңбеккерлері де саяси науқанға жауапкершілікпен қарап, референдумда дауыс берді. Дихандар дала төсінен жүк көлігімен бірден Жалаңтөс батыр ауылындағы №83 референдум учаскесіне жетті. Осылайша олар өздерінің азаматтық борыштарына жауапкершілікпен қарап, өз таңдауларын жасады. Шекара сарбаздары да өз таңдауларын жасады. Сонымен бірге отбасымен барып, бір үйдің келіндері, аналар, әкелер, жас отбасылар да ұйымшылтықпен дауыс берді. Айта кеткен жөн, алғаш болып дауыс берушіге, жас дауыс беруші мен жас жұбайларға, 100, 500, 1000-шы болып таңдау жасаушыларға сыйлықтар үлестірілді.
Науқанда аудан жастарының ұйымдастыруымен «Автоволонтер» қызметі жұмыс жасады. Референдумға келген азаматтар мен азаматшаларға тегін автокөлік қызметі көрсетілді. Сонымен қатар дауыс беру учаскелерінде волонтерлердің қызметі ұйымдастырылды. Олардың көмегі – референдумға келген дауыс берушілерге жол сілтеп, бағыт беру қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол көмек беру. Бұл жұмыстар сайлау учаскесінің ішіне кіргенге дейін жүрді.
Саяси науқанға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет те қатысып, Әйтеке би кентіндегі аудандық Оқушылар үйінде орналасқан №56 референдум учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
– Жалпыұлттық референдум арқылы елімізде АЭС салу мәселесінде дұрыс таңдау жасай білу бүгінгі шараның басты ерекшелігі. Еліміздің ертеңі үшін өткізіліп жатқан маңызды күннен барша ел азаматтары қалыс қалмай, дұрыс таңдау жасай біледі деген сенімдемін, – деді аудан басшысы.
Референдумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі дауыс бергенін білеміз. Дауыс беруден кейін Мемлекет басшысы БАҚ үшін арнаулы брифинг өткізіп, референдум нәтижелеріне қатысты ойларын айтты.
– Осы күн тарихқа енетіні сөзсіз. Біздің азаматтар атом электр станциясына қатысты шешім қабылдауы керек. Референдум – тікелей демократияның механизмі. Халық қандай шешім қабылдаса да, мемлекет оның еркіне бағынады. Дұрыс шешім қабылданатынына сенімдімін. Сондықтан мен референдум өткізуді қолдадым, – деді Президент.
Референдум кезінде «Жедел әрекет ету орталығы» КММ 109 бірыңғай байланыс қызметі 24/7 жұмыс жасады. 4 ауысыммен жұмыс істейтін 36 диспетчер 25 күннің ішінде 2000-нан аса қоңырауға жауап берген. Ал науқан күні 9 сағат ішінде диспетчерлерге 936 қоңырау түскен. Мамандар тұрғындар сауалына жедел жауап беруді жалғастырды.
Елде екі оқиғаны айтпағанда қазақстандықтар референдум кезінде заң бұзбаған. Айтылып отырған екі оқиға – заңсыз үгіт-насихат және қоғамдық сауалнама жүргізу. Кінәлілер айыбын толық мойындаған. Себебі, мұндай маңызды күнде азаматтардың шешімін өзгертуге бағытталған іс-қимылдар болмауы керек. Ішкі істер министрлігі 10 мың учаскеде қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмегенін ресми мәлімдеді. Демек, қоғамдық тәртіп толық сақталды деуге негіз бар.
Ең алдымен, елеулі күнде өңірлердің белсенділігі қалай болды? Орталық референдум комиссиясының дерегінше, дауыс беруде Алматы қаласының халқы бәсең болған – қала тұрғындарының тек 25,39 пайызы таңдау жасапты. Ал ең белсенді болған өңір – Қызылорда облысы – 82,48 пайыз. Бұл – республика бойынша рекордты көрсеткіш. Осы тұста шетелдегі қазақстандықтар да белсенді болып, елшіліктер жанынан ашылған учаскелерде дауыс бергенін айта кеткен жөн.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» («СОЦИС-А») жеке қоры жүргізген exit-poll нәтижелері жарияланды. Аталған институттың талдаушысы Әлібек Тәжібаевтың айтуынша, «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» жеке қоры «Хабар» агенттігі» АҚ тапсырысымен 2024 жылдың 6 қазанында дауыс беру учаскелерінен шыға берісте exit-poll әдістемесі негізінде азаматтардың ерік білдіру нәтижелерінің алдын ала есебін жүргізді. Ол «Үздіксіз ағын» әдістемесінің көмегімен еліміздің 189 учаскесінде дауыс берген 283 519 азамат қамтылғанын айтты. Олардан референдум аясында қойылған «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа қалай жауап бергені сұралды.
«Exit-poll қорытындысы мынадай: сауалнамаға қатысқан азаматтардың 69,8%-ы АЭС құрылысын қолдап дауыс бергенін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысушылардың 30,2%-ы өздерінің келіспейтінін айтқан. Учаскелерге келу көрсеткіші 67,3% деңгейінде тіркелді. Деректердің қателігі ± 1,5% құрайды», деді Ә.Тәжібаев.
Ал Еуразиялық интеграция институты Zakon.kz ақпараттық порталының тапсырысымен АЭС құрылысы бойынша референдумда exit-poll сауалнамасын жүргізді. Бұл нәтижені институт өкілі Әйгерім Есенболатқызы мәлім етті.
Оның айтуынша, «Сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» заңдар талабына сәйкес институт Референдумның орталық комиссиясын exit-poll өткізетіні туралы алдын ала құлақтандырған. Аталған сауалнама еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 250 учаскеде жүргізілді. Оның ішінде 159-ы – қалаларда, 91-і ауылдарда арнайы дайындалған сұхбатшының көмегімен face-to-face, яғни бетпе-бет әдісімен өткен. Зерттеу нәтижесінің қателігі 1 пайыздан аспайды.
Таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жүргізілген сауалнама нәтижесінде «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа дауыс берушілердің 71,8 пайызы «Иә, келісемін» деп жауап берді. Ал 28,2 пайызы «Жоқ, келіспеймін» деген жауапты таңдағанын мәлімдеді. Институт мамандары exit-poll сауалнамасына қатысқан әрбір дауыс беруші аты-жөнінің құпиялығы қатаң сақталатынын айтады.
Айнұр ӘЛИ