Ұрпақ тәрбиесін ұлықтаған
Әдетте мектептегі жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқушылардың көбі игермейді. Себеп те жоқ емес. Атауынан бастап күрделі де, қиын теориялар, ғылыми жаңалықтар, тағысын тағы... Ал осындай қиын пәнге қызықтырып, өмір құбылыстарын ғылыми негіздеген күрделі түсінікті қарапайым ұғымға сыйдыру мұғалімнен үлкен талапты қажет етеді.
Ж.Жабаев атындағы №234 мектептегі Роза Баймаханның шәкірттері физика пәнін қызыға оқиды. Белсенділіктерін танытып, жаңа тақырыптарды игеруде ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды пән мұғалімімен бірге жасауға ықыласты. Ұстанымы анық, қадамы нық мұғалім 40 жылға жуық еңбек өтілі болса да, 45 минуттық сабағына дайындықсыз келмейді. Мейірлі ұстаздың пейілді шәкірттері мен әріптестері, жас буын әрдайым Роза Сайлауқызының ақылына жүгініп, бай тәжірибесінен тәлім алады.
Физика пәнінің мұғалімі 2005 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалса, 2006 жаңа оқу жылынан бастап мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жауапты жұмысын қоса атқарып келеді
Оқу ошағындағы бар оқушының жайын өз баласындай жатқа білетін орынбасар шығармашылық шыңдалу, жаңа өзгерістерге бейімделуден ешқашан шаршаған емес.
Педагог-зерттеуші мұғалімдік еңбек өтілінде жыл сайын түрлі мазмұндағы жетістіктерге қол жеткізген. Салалық іс-тәжірибеде тұлғалық бағдар тәсілінде балаларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып, нәтижеге жетуі үшін іс-әрекет тәсілдерін жүйелі түрде жүргізудегі әркеттерін әріптестері жарыса айтады.
Ұстаз өз пәні бойынша бірнеше мемлекеттік грант иегерлерін дайындаған. «Жыл мұғалімі – 99», «Жыл мұғалімі – 2008» аудандық байқауында бірінші орын алады.
2012-2013 оқу жылында Халықаралық негізгі пәндер бойынша интеллектуалды «Urfodu» олимпиадасына шәкірттері М.Тасбау, Н.Жүсіп А.Н.Скринский атындағы I дәрежелі дипломын қанжығаласа, 2014-2015 оқу жылында аталмыш олимпиаданың жоғары лигасында Р.Ағыбай үшінші орын иегері атанады.
Р.Баймаханның Халықаралық, Республикалық фестиваль, конкурстарға мектеп мұғалімдері мен оқушыларын қатыстыруға ықпал жасаған еңбегі ескеріліп, «Лидер образования» медалін кеудесіне тағады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап «Алтын адам» номинациясымен марапатталады.
Роза Сайлауқызы 2020 жылы «Педстарт» Республикалық қашықтық олимпиадасында бірінші орын алса, жеңісті жолды 2014 жылы «Новый урок» жобасының қашықтық олимпиадасына қатысқан оқушысы Е.Нағиев жалғайды.
Білікті ұстаз 2019 жылы SERPIN ұлттық білім және инновация палатасы BILGE халықаралық ақыл-ойды дамыту орталығы BILGEN ұлттық авторлық методика және бағалау орталығының, 2021 жылы Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы облыстық комитетінің, 2022 жылы «Білім өркениеті» Ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының «Құрмет грамотасымен» марапатталады.
Бүгінгі таңда «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, Евразиялық педагогтар Ассосациясының мүшесінің әдістемелік тәжірибесі кеңінен таратылып, үлгі ретінде ұсынылып жүр. Жұмысын – тынысым деп білетін мерейлі мұғалімнің жанында болған уақытта оның өз саласына жауаптылығымен бірге жаңа ғасырдың жаңа форматтағы мұғалімі қандай болатынын ұғындық.
Отбасы да көпке сыйлы «Батыр ана» ұрпақ тәрбиесін ұлықтаған үлкен үлгі, құрметке лайықты жан.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА