Жемқорлық қылмысы бойынша қай сала бірінші орында тұр?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Білім беру саласы жемқорлық қылмыс бойынша бірінші орында. Антикор мәліметінше, 2022-2023 жылдардың ішінде ғана парақор басшылар мен есепшілердің кесірінен мемлекетке 17 млрд теңге көлемінде залал келген, – деп хабарлайды Massaget.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Антикор мәліметінше, бұл қомақты қаражат.
"Мәселен, Талдықорған қаласында білім беру бөлімінің меңгерушісі, бас есепші, бірнеше мектептің директорлары 4 млрд теңгеден аса қаржы жымқырған. Олардың бірін тұтқындау кезінде көлігінен шамамен 1 млрд теңге шықты. Мұндай былық басқа аймақтарда да анықталды", – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Бірқатар былықты анықтаған антикор тиісті мемлекеттік органдармен, соның ішінде жауапты министрлік және әкімдіктермен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде жемқорлық жайлаған салада барлық процесс цифрландырылатын болады. Бұл өз кезегінде адами фактордың алдын алып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сарқұловтың айтуынша, қазірдің өзінде түрлі ақпарат жүйелері мен бағдарлама енгізіліп, ол біршама пайдасын тигізіп үлгерді.