Журналистер жаңа дүниелерді меңгерді
«Журналистер жарқын бүгінге қамқорлық жасайды. Олар қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды» деп ойшылдар бекер айтпаса керек. Қазіргідей ақпараттар ағыны мол әрі мобильді уақытта заман ағымына ілесу білу өте маңызды. Осы орайда «Түркітілдес журналистер қоры» қаламгерлерге ұдайы семинар-тренингтер ұйымдастырып тұрады. Бұл жолы Halyk Bankпен бірлесе ең әуелі «Іскерлік журналистика: қаржылық сауаттылық» тақырыбында журналистерге арнап, дәріс өткізілді. Мұнда халықтың әлсіз тұсын пайдаланып, сан соқтырған «Интернеттегі алаяқтық. Алдын алу жолдары» жайлы Halyk Bank Қызылорда филиалының директоры Салим Тукенов баяндама жасады. Ол алаяқтар алдап, арбау тәсілдерін жаңаша түрлендіріп отыратынын ескертті. Сондықтан қоңырау шалған абонентке ешқандай құпия сөзді, жекеңізге келген кодты өзгеге жарияламауды айтты. Себебі банк қызметкерлері ешбір жағдайда «несие рәсімдейсіз бе, шотыңызды біреу бұзды. Жасырын кодты айтыңыз» деген сынды мәліметпен хабарласуға қақы жоқ. Осындай оқиғаға душар болсаңыз, еш жауап қайтармай, дереу банкке бару және ресми байланыс нөмірлерге хабарласу қажеттігін жеткізді.
Оның айтуынша, алаяқтар осы күндері орыс тілінде хабарласады. Ал алдағы уақытта қазақ тілді операторды жалдап, не өздері тіл меңгеруге кірісуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Айта кететін тұс: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ нарықта 100 жылдан аса табысты жұмыс істейтін және негізгі көрсеткіштер бойынша елдегі көшбасшы саналатын, ірі коммерциялық банкі болып саналады. Клиенттеріне кең ауқымды қызметтерді (банктік қызметтер, сақтандыру, лизинг, брокерлік қызметтер және активтерді басқару, инкассация және тағы басқа) ұсынатын Halyk тобына кіреді.
Ал «Іскерлік журналистика: ашық дереккөздермен жұмыс» туралы айтқан Түркітілдес журналистер қорының президенті, медиа тренер Нәзия Жоямергенқызы журналистерге топтық зерттеу жасатып, ондағы кем тұстары мен ақпаратты қайдан алу жолдарын нақты түсіндірді. Сонымен қатар «AI: инфографика, постер, презентация» турасында өзі алғыр, әрі жас медиа тренер Бауыржан Гаппаров айтты. Ол журналистерге пайдалы қосымшалардың қандай маңызы барын көрсетті. Қаламгерлер жаңа дүниелерді ноутбук және телефон арқылы қолданудың қаншалықты кереметтігін байқады. Бұған қоса «YouTube. Рейтинг және монетизация» хақында медиа тренер Ерсұлтан Хожалепес қызықты жеткізді.
Екі күнге созылған семинар-тренингте «Журналистикадағы жасанды интеллект және YouTube» тақырыбы да журналистерге жаңа серпіліс берді. Қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Енді осы білімді жұмыс барысында қолдануға мүмкіндік мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА