Жайлы мектептерді басқарудың жүйесіне қатысты құжаттарға өзгеріс енгізіледі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі
ҚР Оқу-ағарту министрілігі жайлы мектептерді басқару жүйесіне қатысты түсінік берді.
«Қазіргі кезде министрлік тиісті жұмыс тобын құрып, аталған мәселе бойынша жұмыстарды іске асырып жатыр. Жайлы мектептерді басқарудың арнайы жүйесі бойынша ұсыныстар талқыланып, тиісті құжаттарға өзгерістер енгізіледі», - делінген Оқу-ағарту министрілігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар ведомство әкімдіктермен бірлесіп 1 300 мектепті реконструкциялау мәселесін пысықтап жатқанын хабарлады.
«Жыл соңына дейін мектептердің тізімін және атқарылатын жұмыстардың тізбесін айқындау жоспарланған», - деп нақтылады министрлік.
Еске салсақ, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді тапсырды.
Президент өзінің Жолдауында еліміздегі 1,3 мың мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтты.
«Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.