Қауіпті ойындар: балам аман болсын десең...
Екі күн бұрын тапа-тал түсте 12 жастағы қыз 13-қабаттан секіріп, мерт болды. Ал апта басында 2 жасөспірім қыз дәл осындай зәулім үйдің төбесінен құлап қайтыс болған еді. Оның алдында дәл осындай жағдай болды. 12-қыркүйекте 12 жастағы қыз биіктіктен секіріп кеткен. Қыркүйек айы толмай жатып 4 қыздың өз-өзіне қол жұмсауына не себеп? Көбінің айтуынша, интернеттегі қауіпті ойындар әсер еткен деседі. Мотив қандай? Мыңдаған дақпырт жүр. Қайсысы шын, қайсысы өтірік? Сараптап көрейік.
Қазір әлеуметтік желіде ата-аналар бірігіп, балалардың смартфон ұстауына тыйым салайық дегенді алға тартуда. Себебі де жоқ емес. Баланың не көріп, не ойнап жүргенін біле алмай қалып жататын кездер де болады. Соған менің де көзім жетті. Балалардың арасында кеңінен тараған Schoolboy Runaway ойыны суицидке итермелейді дегенді естіп зерттей бастадым. Сол сәтте 7 жастағы қызым смартфонымен видеолар көріп отыр екен. Оған журналист болып емес, ата-ана ретінде қарап, жәй ғана алдап сұрай бастадым. «SchoolBoy RunaWay» деген ойынды білесің ба дегенім сол еді, «SchoolBoy RunaWay ма? Білем ғой, менің телефонымда бар» деді. Жалма-жан телефонын қолыма алып, ойынды ашып көрсетуін сұрадым. Қалай ойнайды десем, барлығын тарсылдатып айтып тұр. Тіпті ойында жасырынған кілт пен қай жерге барып, не істеу керегін де көрсетті. Қысқасы, ойынның мәні мынадай. Андрей есімді жігіт үйінен шыға алмай жүр. Анасынан ойнап келуге сұранғанымен, ол үйде отыруын талап етіп, ұрсады. Әбден қажыған Андрей үйден қашып кетуі керек. Бірақ есіктер жабық, кілттеніп тұр. Сол кілтті тауып, бала далаға қарай жүгіреді. Әрі қарай ойнауға уақыт тапшы болған соң, қызыма бұл ойынның дұрыс емесін түсіндіріп, өзіне өшірткіздім. Өзі де ойынның соңына дейін жетпегенін айтты. Ал ойынның соңында жігіт жер үйдің төбесінен секіреді екен. Бұл ойын жәй ойындар сияқты көрінгенімен баланың санасына зиянды дүниелерді үгіттейтінін байқадым. Оның ішінде ата-анасын тыңдамау, үйден, сабақтан қашу сынды жағымсыз іс-әрекеттерді жасауың керек. Ойынның миссиясы да осы. Онымен қоймай, Telegram каналға сілтеме беріп, ол жақта кураторлар тапсырма беріп отырады. Қауіп пе?
БАЛАЛАР ӨЛІМІ. КІНӘЛІ КІМ?
Атырауда 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Қайғылы оқиға 10 қыркүйекте болған. Қыз өз пәтерінде суицид жасапты. Бейресми деректерге қарасақ, оған жалғыз күресуге тура келген, ұзақ уақыт бойы қорқыту өзіне қол салуына себеп болған. Марқұм оқыған қалалық №24 мектеп басшылығы қорқыту мүмкіндігін жоққа шығарып, қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты. Атырау облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ал Алматыда 12 жастағы қыз суицид жасады. Бұл туралы Алматы полиция департаменті мәлім етті. Оқиға Наурызбай ауданында болған. Қыздың денесінің суреті желіде тарап кетті. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Алматыда жаппай өзіне қол жұмсау туралы ақпаратқа қалалық полиция департаменті жауап берді. Балалар жаппай суицид жасап жатыр деген ақпарат пайда болды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыда бір уақытта бірнеше бала өзіне қол жұмсады деген ақпарат тараған еді. «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бұрын хабарланғандай, екі қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр» делінген хабарламада. Полицияның мәліметінше, мегаполисте осындай бір ғана оқиға болған. Ұқсас қайғылы оқиға өткен аптада болған. Ол кезде 13 жасар қыз терезеден құлап кеткен. Департамент жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары тек ресми деректерге сенуге шақырды. Айта кетейік, бұған дейін Алматыда екі оқушы қыз белгісіз жағдайда тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлап қаза тапты. Жергілікті тұрғындардың дерегінше, оқиға Жамбыл көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болған. Қыздар тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлаған. Қос қыздың секірген жерінде аниме, «Құдай бір» деген түсініксіз иреоглифтер, пышақ, буын босаңсытатын таблеткалар қалды деседі. Дегенмен полициялар бұл өлімдерді бір-бірімен байланыстырмайтын секілді. Балалықтан ересектікке өтер шақта кез келген «мелочь» олар үшін өмірімен қош айтысуға тұрарлықтай дүние іспетті. Кейбірі отбасылық зорлық-зомбылықтан не тұрмысы төмен болғаннан қол жұмсады дегенді айтады. Алайда қолда бар мәлімет бойынша, марқұмдар бақуатты, жайлы отбасынан шыққан. Ажалды таңдаған орындары да қала орталығындағы элиталы ЖК-лар. Жан-жақты ойланғаныңмен, соңы – тығырыққа тіреп тұр.
ОЙЫН ДА ОПА БЕРМЕЙДІ
Қазақстанда мектеп әкімшілігі қандай ойындардың балалар үшін қауіпті екенін айтып, ата-аналарға одан сақтанудың жолын көрсетті. Бұл мазмұны ата-аналарға көріне бермейтін, мобильді қосымшаларда жасырылған шағын ойындар болуы мүмкін. Telegram және TikTok әлеуметтік желілерінен «Бізбен ойна!» деген шақыртулар келуі ықтимал. Мұндай үндеулерді Ozon-да сатылатын 18+ кітаптардан да табуға болады. Бұлардың ең қауіптісі: «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Синий кит», «Красный дельфин», «Млечный путь», «U19», «F57», «SchoolBoy RunaWay – Stealth».
Сондай-ақ, мамандар қауіп-қатердің алдын алу үшін балалармен жиі сөйлесіп, олардың қандай ойын ойнайтынын бақылауға алуға кеңес береді. Алдымен контентті бақылауға алу керек. Балаңыз ойнайтын ойынды үнемі тексеріңіз. Ойынның баланың жасына сай келетінін анықтау үшін рейнтингін қарап, шолу жасаңыз. Ереже орнатыңыз. Балаңызбен қандай ойындарға рұқсат етілетінін, қайсысын ойнауға болмайтынын талқылаңыз. Ойындарға шектен тыс қызығушылығы артпас үшін уақытпен шектеу қойыңыз. Сыни ойлауын дамытыңыз. Баланы ойын мазмұнын талдауға үйреткен жөн. Ойындарда көрсетілгеннің бәрі шынайы өмірде бола бермейтінін және қауіпсіз емес екенін түсіндіріңіз. Бірге ойнаңыз. Балаңызға уақыт бөліп, бірге ойнаңыз. Бұл олардың қандай ойын ойнайтынын жақсы түсінуге және қауіптің алдын алуға көмектеседі. Мінез-құлқына мән беріңіз. Балаңыздың мінез-құлқында қандай өзгерістер барын бақылаңыз. Егер ойыннан соң ол ашушаң әрі тұйық бола бастаса, ойнап жүрген ойындарын ауыстырыңыз. Ата-ана бақылауын қолданыңыз. Қажетсіз әрі орынсыз ойындар мен контентке телефондағы ата-ана бақылауын орнатыңыз. Басқа балалардың ата-анасымен талқылаңыз. Өзге ата-аналармен талқылап, тәжірибеңізді бөлісіңіз. Олар қандай ойындарды қауіпсіз деп санайды, соны біліңіз.
Мектептегі әр сыныпта «Компьютерлік ойындардың пайдасы мен зияны» жайында көбірек айтылып, ата-аналармен және оқушылармен бірге киберқауіпсіздіктің алдын алу бойынша тренингтер жиі өткізіліп тұрса, құба-құп болар еді.
БАЛАНЫ ТҮСІНУ ҮШІН...
Әлеуметтік желілер жоқ кез. Тіпті смартфон жоқ. Сол кезде Дэнди мен Сеганың құлағында ойнағаным жасырын емес. Әсіресе сол кезде хит болған «Мортал Комбат», «Соник» сынды ойындарды ойнау, жасырын кодтар жазып, қарсыласыңды жеңу біз үшін, ауыл балалары үшін жәй «сән» еді. Кейін компьютер келгелі Counter Strike 1.6 ойыны шығып, сервер арқылы Қазақстан бойынша ойнауды қолға алдық. Ол кезде дәл бүгінгідей киберспорттың дамитынын білмеген едік. Біз үшін ол тек қызығушылық болатын. Атыс-шабыс ойыны болған соң ата-анамыздың алаңдағаны рас. Қатігездікке баулиды дейтін. Бірақ ойын ойынымен ғана қалатын. Ал қазір смартфонда бірінен соң бірі шыққан түрлі ойындардан өту үшін қызым маған келеді. Ойынды аяқтап беруімді, жасырын тұстарын, жеңудің жолдарын сұрайды. Сол үшін де болар, қауіпті ойындарды бірден анықтай алатыным. Анаубір жылдары Хаги Ваги деген ойыншықтың шыққанын білесіз ғой? Сол құбыжықты мақалаға жазу үшін әлеуметтік желіден іздегенім бар. Енді ғана танымалдыққа ие бола бастаған соң ба, қазақ тіліндегі мәлімет жоқтың қасы еді. Шетелдік ақпараттарды ақтара келе, ойыншықтың смартфондағы ойыннан бастау алғанын ұқтым. Солай Плэй маркеттен былтыр қазан айында пайда болған Poppy Playtime хоррор-ойынын жүктедім. Басталғаны-ақ қорқынышты. Аурасы, бейнелері, дыбысы құлаққа тіпті жағымсыз. Ойынның сюжеті былайша өрбиді.
Басты рөлдегі кейіпкер – ойыншық зауытының бұрынғы қызметкері. Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қызметтестерін іздейді. Ол қараусыз қалған зауытты шарлай жүріп VHS кассеталарын жинайды, өткеннің суреттерін қалпына келтіреді. Солай жүргенінде ізінен біз айтып отырған Хаги Ваги қалмай, қуалайды. Ол – зауыттың ең танымал болған ойыншығы. Егер одан қашып үлгермесе, ұстап алады да жеп қояды. Бірнеше сатыдан өткенде ғана ойын жеңімпазы бола аласыз. Осы ойыннан кейін Ютуб арнасында анимациялық фильм пайда болды. Онда құбыжықтың қалай пайда болғаны баяндалады. Анимацияда Хаги Вагидің денесі Playtime зауытының бұрынғы қызметкері Вадзен мырзаға тиесілі. Ол жұмыста көтеріліп, отбасын құруды армандаған. Бірақ бір ғана түн барлығын өзгертіп жібереді. Сюжет бойынша зауыт шынайы құбыжық ойыншық ойлап табады. Құрылтайшыларға көп пайда әкеледі деп болжанған жоба өкінішке орай сәтсіз аяқталады. Бұл видеоны ойынның жанкүйері жүктеген. Қаралымы 10 миллионнан асып жығылады. Кейін Тик Токта тренд пайда болды. Вирус секілді балаларды баурай бастады. Ойыншығын алып бер деп ата-анасына қиғылық салғандар көбейді. Ұсқынсыз ойыншықтың «фанаты» болғандар қазір одан құтылып, ұмытқаны да қуантады. The Baby In Yellow ойынын да басынан-аяқ ойнап көрдім. Жынның баласына «няна» болып, еркелігін көтересің. Бірнеше этаптан өтіп, түннен аман шығуың керек. Осындай адам өлтіруді үйрететін, қолына қару ұстатып, қатігездікке итермелейтін ойын кейіпкерлерін жәй ойын деп қарайтындар аз емес. Шындығында, сол ойын бала психологиясын улап жатқанын біле де бермейміз.
БАРЛЫҒЫ «СИНИЙ КИТТЕН» БАСТАЛДЫ...
Таң. Сағат тілі 4:20-ны көрсетіп тұр. Қорқыныштан тісі сақұр-сұтыр еткен Жаннұр оң қолына сурет сала бастады. Қаламмен емес түйреуішпен. Нәзік қолынан тамшылай аққан қан оған әсер ете қоймады. Себебі 49-шы миссиясын аяқтауы керек еді. Денесінің қалшылдағанына қарамастан ол қалтафонын қолына алды. Әлгі қанды бейнені суретке түсіріп, «оған» жіберді. Иә, бұл сол кездері «хит» болған – «Синий кит» ойыны еді.
Бұл ойын жалпы елу тапсырмадан тұрады. Ең соңғысы – өз-өзіне қол жұмсау. Әйтпегенде, қорқытып-үркітеді-мыс. Бұл ойын жақын жылдары өрмекшінің өрмегіндей тарай бастады. Оған қатысқаны да, ойыннан от шығып, суицидке барғандарының да қарасы қалың еді. Ойын елімізді айналып өте қоймады. Бірінен соң бірі түрлі әрекентке бара бастады. Бұған не себеп? Бұл бізге қалай жетті? Осындай ойынды таратушы әлеуметтік желі Вконтакте әлеуметтік желісі әлі де белсенді екенін білесіз бе? Себебі өзіне қол салғандардың соңғы хабарламасын тексергенде осы желідегі хаттарынан күмән келген. Бір қызығы бұл әлеуметтік желіні қолданушылардың дені – жасөспірімдер.
Қош. Қай бір жылдары Ресейлік «Новая газета» өзіне-өзі қол жұмсаған 130 жастың Вконтактедегі аккаунтын зерттеп, барлығы да бір топта болғанын анықтаған. Сорақысы бұл топты ашқан небәрі 13 жастағы қыз екен. Одан себебін сұрағанда, ол қымсынбастан «қызық үшін» деп жауап беріпті. Ресейді даурықтырған бұл мәселе Қазақстан, Қырғызстанмен қатар Кавказ елін де шулатты. Қарағанды қаласында өз өзіне қол жұмсаған 19 жастағы студент қыз осы ойынның құрбаны болды деген күдік тарады. Туыстарының айтуы бойынша бойжеткеннің Вконтакте группасында «Синий кит» деген топ табылған. Қырғызстандағы сегізінші сынып оқушысы көпқабатты үйден секіріп қаза тапты. Сондай-ақ, Осетиялық 15 жастағы ер бала өзіне қол жұмсар алдындағы өз хатында: «Мен өлдім, және менің бақытты күлкіммен өлгенімді біліңдер. Барлығы «мама, мен өлдім» группасының басшысы айтқандай болды» делінген. Тек өлім туралы жазбалар жариялаған жеткіншектің соңғы жазбасында «Ештеңені кері қайтара алмайсың» деп жазылған екен. Жасөспірім жеткіншектердің өлімі бойынша Ресей бірінші орында тұр. Бір жылда өз өзіне қол жұмсаған жастар саны 130-ға жеткен. Қазақстанда суицид бойынша алдыңғы қатардан орын алады. Яки 5-тіктен көрініп тұр.
Дәл осы ойыннан кейін интернетте атауы ұдайы өзгеріп жататын қазақ тіліндегі қосымшалар мен топтар құрыла бастады. Бұлар Қазақстанға арнайы бейімделген ойындар. Олардың барлығы да «Синий кит» ойынының негізінде жасалған. Сатылап берілетін нұсқаулар бойынша балалар күн сайын тапсырмалар орындайды. Ал соңғы тапсырма – суицид. Сондықтан да ата-аналар балалардың интернетті пайдалануын мұқият бақылағаны жөн.
Түйін: елде виртуалды өмірдің кейіпкерлері болып жүргендер көп. Балалардың алаңында қыбырлаған жан жоқ. Осыдан 5-6 жыл бұрын балаларын ойыннан үйге кіргізе алмайтын ата-аналар қазір шығара алмайды. Шығарғысы да келмейді. Педофилизмнен әбден қорыққан ана қызын ойынға жібергісі жоқ. Ал есіріп көлік айдап, талай баланы мерт қылған жол апаты да баланың қамсыз көшеде жүруіне кедергі. Айтпақшы, қазір кейбір жұмыстан қолы босамайтын әке мен шешеге тыныштық керек. Ал ол тыныштықты техника дамыған заманда баланың қолына беріп қоятын ұялы телефон сыйлайды. Тым-тырыс тыныштықтың ішінде қанша қауіп, қанша беймаза дүниенің барын осындайда ескермей жатамыз. Қош. Көліктің терезесінен лақтырылған бала, әжетханада тастап кеткен бейкүнә сәби, қоқыс жәшігінен табылған кішкентай бөбек. Қоғамдық әділетсіздіктен іштері күйіп, өз-өзін өртеген жасөспірімдер. Моншақтай тізілген жантүршігерлік оқиғалардың үзілмеуі, адам санасының жақсыға емес, жаманға үйірлігі. Осындай мәселелердің қатарын қиындық дегеннен хабарсыз жеткіншектердің өлімі толықтырмауы керек...
...Сіздің балаңыз қазір не істеп отыр?
Айнұр ӘЛИ