Түрмедегі тағдырлар
Арман, әй Арман тұр тез. Көгермегір тағы не бүлдірдің? Айттым ғой бұл адам болмайды. Жай күннің өзінде қарғыстың түр-түрін төпелеп, бұған тыныштық бермейтін өгей шешесінің бүгін «ағыны» тіптен қатты. Ащы дауысы неткен жағымсыз еді.
Арман атып тұрды. Жамылғысын жұлып алған Жамал:
– Бар, сені түрмеге әкетуге келді. Өз орныңды табатын болдың, – деп мырс етті. Әлі де ештеңені ұқпаған Арман сүйретіліп, сыртқы есікке жақындады. Шынында да форма киген үш жігіт тұр.
– Арман Ізбасаров, сен бе?
– Иә, мен. Не болып қалды?
– Не болғанын өзің жақсы біліп тұрсың. Тез жинал, бөлімшеге барасың, – деді қатқыл үнмен қабағы қатулы полицей.
– Мен ештеңе істеген жоқпын. Неге баруым керек, – деп Арман алақтап қалды.
Бұдан тезірек құтылуды қалаған өгей шешесі: «Не істегеніңді ит біліп пе? Кеш түссе, таң атқанша қаңғисың. Жатыпішер жалқаулықтың соңы осындай болады. Әкетеміз десе, әкетеді де. О несі ей, – деп бұрқ-сарқ қайнап тұр. Ештеңені түсінбеген күйі Арман келгендерге ілесіп жүре берді. Жолай бірауыз тіл қатпаған полицей жігіттер бұны екі қолынан қапсыра ұстап, бөлімшеге кіргізді. Құдды қылмыскерді қолға түсіргендей. Арман айналада өзіне тесіле қараған көздерден қымсынып қалды. Қолынан тартып, өзбетінше кіргісі келген. Оған екі жақтағы еңгезердей екеу тырп еткізбеді.
* * *
– Аға, менің бұл іске қатысым жоқ.
– Қалай қатысың жоқ. Мынау кім онда? Мен бе? – ашулы тергеуші жұдырығымен столды қойып қалды. Бейнекамераға зер салған Арман дүкеннің алдында тұрған өзін көрді.
– Иә, барғаным рас, аға. Бірақ мен ешкімді тонамадым.
– Қасыңдағылар қайда?
– Кімді айтасыз? Мен дүкенге жалғыз бардым, – деп шырылдаған Арман бейнекамераға тағы үңілді. Қасында бейтаныс екі жігіт тұр екен. Бұл дүкенге келушілердің қарасы әсіресе кешқұрым көп болады. Оның қайсыбірін анықтап қарап жүрсін. Кеше тіпті бұлардың бірге кіріп шыққанында аңғармапты. Байыппен қарады. Танымады. Бір сағатқа созылған тергеуден кейін бұны қолтығынан жетектеген күйі екі жігіт темір есікті бөлмеге апарды. Сыртынан құлыпталған кілттің дауысын естігенде Арман есін жиғандай есікке ұмтылды.
– Мені шығарыңыздар. Менің кінәм жоқ, – деп есікті қос қолдай ұрды.
– Әй, жігіт тыныш. Олар бәрібір сені естімейді. Естігенмен кері бұрылмайды, – деген дауыс шықты. Әлгінде кіргенде ешкім жоқ секілді көрінген еді. Артына жалт қарады. Анадай жерде қырықтан асып кеткен ер адам жатыр. Бетінің сау тамтығы жоқ. Көздері шүңірейіп, кеңірдегі қылқиған біреу екен. Таяқ жегенге ұқсайды. Жатқан орнынан қозғалмай:
– Отыр, бері кел, – деп жанын нұсқады. Есіктің енді ашылмасын білген Арман жігітағасының қасына жайғасты.
– Ал айта бер. Не бүлдірдің? Кімнің басын жарып, көзін шығардың, інішек? – деп бұған ыржия қарады. Аузының әр жерінде ғана тіс көрінді. Олардың өзі сап-сары тым жиркенішті. Әбден арақтан азып-тозғаны айтпасада түсінікті.
– Ештеңе бүлдіргенім жоқ.
– Еее, жай қыдырып келдім десеңші. Мен сияқты, – деп «маскүнем» тағы ыржиды. Ішкі жан дүниесі алай-дүлей болып отырған Арман бұл жолы жауап қатпады. Жанындағысы әрі қарай бір аунады да құдды бір өз үйінде жатқандай қор етіп ұйықтап кетті.
* * *
Жазықсыз жала жабылып, Арман бірнеше жылға темір торға тоғытылды. Сотта дүкенші:
– Иә, иә осы бала. Мені пышақпен қорқытып, бар ақшамды алып кетті. Денсаулығым сыр берді. Әлі күнге шошынып, тыныш ұйықтай алмай жүрмін, – деп егілгенде Арман өзі аң-таң қалды. Артында қорғаны, жанында сүйеніші жоқ жетім бала жиырма жасында бас-аяғы бір айдың ішінде «қылмыскер» атанып, түрме табалдырығын аттады. Өмірі күрт өзгерген Арман тіптен тұйықталып қалды. Жанындағылармен сөйлесіп те жарытпайды. Түрмеге келгелі бұған қамқорлық көрсетіп жүрген Қасым есімді азаматпен ара-тұра әңгіме айтады. Онда да ашылып, ақтарылған емес. Бірде тысқа шыққанда Қасым қасына келді:
– Менің де анам, бала кезімде қайтыс болған. Жетімдіктің зардабын көп көрдім, – деп сөз бастағанында Арман таңырқай қарады.
– Менің анам жоқ екенін қайдан білесіз?
– Көзіңнен білдім, – деп жылы жымиды Қасым. Арман бұндай мейрімді жанарды осыдан он жыл бұрын көрген шығар. Бауырын көргендай Қасымды қапсыра құшақтап алды. Жігіт екенін жиып қойып, еңкілдеп жылап алды. Іштегі ыза, қайғы мұң, өкпе-реніш көз жасы болып төгілді. Бір сәт өз-өзіне келіп, көйлегінің төсқалтасынан сурет шығарды. Әкесі мен анасының отау құрғанда түскен фотосы.
– Ол кезде мен бесінші сыныпты бітірдім. Анам жиі ауыратын болды. Ата-анамның менен басқа балалары жоқ. Үнемі қайда барса да қастарынан қалдырмай ертіп жүретін. Соңғы кездері нағашы апамның үйіне қалдырып, әкем мен анам өздері кететінді шығарды. Бірге жүріп үйреніп қалған мен көпке дейін жалғызсырап, мұңаятынмын. Нағашыларым ауқатты тұрды. Біздің де тұрмысымыз жаман емес еді. Анам саудамен айналысатын. Әкемнің де жеке кәсібі бар. Апам маған: «Анаң, сататын киім-кешек әкелуге кетті. Біраз күннен кейін келеді. Әкең оған көмектеседі», – дейтін. Мен оған иланамын. Шынында да анам үлкен қаладан киім әкеліп сататын. Бір күні нағашымдікіне әкем келді. Үйге қайтатын болдық деп қуанып отырғанмын. Әкем жаныма келіп
– Арман, мен анаңды алып келемін. Сосын үшеуміз бірге үйге қайтамыз. Сен ата-әжеңді тыңда, біз келгенше тәртіпті бол, – деп бетімнен сүйді. Әкем келіп кеткелі апам жиі жылайтынды шығарды. Атамның қабағы салыңқы. Бір күні таң атысымен үйге адамдар жинала бастады. Апам мені құшақтап: «Жарығым-ау, сені қиып қалай ғана кетті екен. Жаным-ау, тағдырың қаттылық қылды-ау» деп егіліп, жылады. Әлі есімде үйге келген апалардың: «Анаға адам жете ме, құлынымай» деп мені кезек-кезек бауырларына басып, өкси жылағандары. Ішім бір жамандықты сезіп, тысқа жүгіре шықтым. Әкем келе жатыр екен.
– Әке, анам қайда? Үшеуміз үйге қайтамыз деп едіңіз ғой. Әжем қатты жылап жатыр? Не болды әке? – деп құшақтай алдым. Әкем мені көтеріп алып, үнсіз жылап тұрды. Әні-міне 11 жасымды тойлаймын деп жүргенде анамнан айырылып қалдым, – деген Арманның қолындағы фотосуретке тырс-тырс етіп тамшылар төгілді.
* * *
Қасыммен ағалы-інілідей болып кетті. Жиі сырласатын. Алайда Арман әкесі туралы айтуға құлықсыз еді. Бұның жүрегін жаралап алудан қорықты ма Қасым да: «Әкең қайда?» деп бір ауыз сұрамады. Күндер сырғып өте берді. Тас қамалда да тірлік бар. Арман жанындағы жандардан жақсылыққа жақындатар біраз дүние үйренді. Тиыштық аға шахматты керемет ойнаса, Жәнібек кітапты жастанып оқитын кітапқұмар. Әділдің әсерлі әңгімесі бір таусылған емес. Ал Қасым ше, ол тіптен бөлек. Қай тақырыпта сөз қозғалса да сауаттылығын көрсетеді. Ән айтуға да әуестігі бар екен. Туған күн бола қалса, қара домбырасын қолына алып, әуеле ән салатыны бар. Бұндайда түрме қызметкерлерінің өзі құлақ түріп тыңдай қалатын. Осылайша өмір жалғасып жатты.
Бұл кезде өгей шеше Жамал жалпақ жұртқа: «Арман, дүкенді тонап, сотталып кетті» деп жар салып жүрді. Көшеде кезіккенге: «Соның сондай боларын әу баста біліп едім. Әкесіне талай рет: «Осы бала оңбайды» дегенім де тыңдамап еді. Міне, нәтижесі мынау. Ұл-қызыма зияны тимей тұрғанда құтылдық», – деп пышылдап, өзінің пайым парасатының деңгейін көрсетіп үлгерді.
Арманның анасы қайтқан соң, қыздарының қазасы қабырғасын қайыстырған нағашы атасы мен апасы да араға екі-үш жыл салып ұзамай өмірден озды. Әкесі Мұрат ащы суға әуес болды. Ағайын-туыстары «Былай жүре берсе, құрдымға кетеді», – деп көрші ауылда тұратын Жамалға қосқан еді. Өгей шеше әу бастан Арманды аса жақтырған жоқ. Әкесінен именгеннен ас-суын беріп, киімін жуатын. Өзінің екі баласы өмірге келгелі тіпті өзгерді. Қит етсе, Арманды кінәлі етіп, әкесімен арасына от жағатынды шығарды. Енді-енді еңсесін тіктеп, ащы судан алыстап келе жатқан Мұрат ұлы мен әйелінің арасындағы егестен шаршаған күндері ашуын арақтан алатын. Соңғы кездері тіптен жақын болып алды. Тіпті баласы кінәлі деп ел шулап жатқанда араша түсуге мойны жар бермеген. Мұраттың жиған-тергені екі балама ғана қалсын деп жанұшырып жүрген Жамалға өгей баланың түрмеден шықпағаны тиімді.
* * *
Түрмедегі тәртіппен тысқа шығар уақыт таяғанда Арман Қасым ағасының қасына барды. Екеуара әңгімені сыртта айтатын. Бүгін бар батылын жинап, не үшін түрмеге түскенін сұрамақ. Бұған дейтін қанша мәрте сұрауға оқталғанмен, көңіліне келіп қалармын деп кейін шегінетін. Кеше түнде көз ілмеді. Таңды тағатсыздана күтті. Ойына әрдеңе келіп, ұйқысы қашты. Бір сәт: «Осындай ақылды, сабырлы, білімді адам қалайша түрмеде отыр?» деген сауал сап ете қалды. Әрі ойланып, бері ойланып, Қасымды ешқандай қылмысқа қимады. Неде болса, өзінен сұрауға бекінді. Бұның бірдеңе айтқысы келіп, қипақтап тұрғанын Қасым түсіне қойды. Адамның іс-әрекетіне, көзіне қарап, ойын оқып қоятын қасиетін Арман бұрында аңғарған.
– Ешбір адам сотталайын деп армандамайды. Менің арманым тіптен басқа еді. Бала күнімнен медицина маманы болсам дейтінмін. Шүкір, қолыма білдей «хирург» деген көк қағазды ұстадым. Топтастарым «қалада қаламыз, ауылда не бар?» деп жан-жақтарынан жұмыс іздей бастады. Ал мен жүгімді жинап, туған жерге «тартып» кеттім. Әке-шешем қуанып, ағайын-туыс қау малап, «біздің доғдыр бала» деп жер-көкке сыйғызбады. Біздің ауыл қарайтын аудандық ауруханаға жұмысқа орналасуыма он күндей уақыт қалған. Дайындықты бастап кеткенмін. Таңертең ерте құжаттарға қол қою керек болып, екі кештің ортасында ауылдан ауданға аттанбақ болдым. Ауылдан тіке шығатын көлік болмаған соң, ауыл шетіндегі үлкен жолға аяңдадым. Күн ұясына батып, кеш түсіп қалған шақ. Бір сәт құлағыма қыз баланың дауысы келді. Кілт тоқтап, жан-жағыма қарап едім ешкімді аңғармадым. Енді жүре бергенім сол еді «көмектесіңдер» деген сөзді анық естідім. Дауыс шыққан қарай жүгірдім. Бір жігіт қаршадай қызды сүйреп бара жатыр.
– Ей бұның не, қызды жібер, – деп ұмтылғанымда:
– Жөніңе кет, өзімнің жүретін қызым, – деп бой берер емес.
Қыздың шырылдап жылағанын көргенде шыдап тұра алмадым. Иығымдағы сөмкені жерге тастай сала әлгі жігітсымаққа жұдырық ала жүгірдім. Қолынан құтылып шыққан қыз: «Аға, қолында пышағы бар» деп айтып, ауыз жапқанша жалаң еткізіп шығара қойды. Төбелес үстінде пышақ жүрек тұсына дөп кіріп, сол жерде мерт болды. Міне менің хикаям осы, – деп
Қасым күрсінді. Арман құдды кино көргендей болды. Көкейінде талай сұрақ тұрды. «Неге жаман адамдардың кесірінен жақсы адамдар жапа шеугде?» Ішке кірген соң екеуі біразға дейін үнсіз қалды. Қасымның да күндегідей емес, көзіндегі мұң анық аңғарылды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА